Қытай көп рет пайдалануға болатын автономды орбиталық ғарыш кемесін жасап жатыр
Қытай «Хаолун» атты көп рет пайдалануға болатын ғарыштық шаттлдың әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл аппарат «Тяньгун» ғарыш станциясына жүктерді жеткізу және оларды Жерге қайта алып келу үшін қолданылады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Хайтек плюс сайтына сілтеме жасап.
Жаңа шаттлды мемлекеттік AVIC корпорациясының басшылығымен Чэнду аэроқұрылғыларды жобалау және зерттеу институты жасап жатыр. Алғашқы ұшуға дайын болу мерзімі әлі нақтыланбаған. Алайда Қытайда бірнеше жылдан бері орбитада ұзақ мерзімді ұшулар жасайтын осыған ұқсас әскери аппарат бар.
«Хаолун» қазіргі «Тяньчжоу» бір реттік жүк кемелеріне қарағанда экономикалық тұрғыда тиімдірек және көп қызмет атқаратын болады. «Тяньчжоу» станцияны жабдықтау үшін пайдаланылады, бірақ атмосфераға кіргенде жанып кетеді. Жаңа шаттлдың басты артықшылығы – Жерге жүктер мен ғылыми эксперименттердің нәтижелерін қайтара алады. Ол зымыран арқылы ұшырылып, ұшу-қону жолағына ұшақ секілді қонады.
Шаттлдың ұзындығы – 10 метр, қанаттарының ұзындығы – 8 метр, ал салмағы «Тяньчжоу» жүк модулінің салмағынан екі есе жеңіл, шамамен 14 тонна. Қазіргі уақытта жоба инженерлік тексеру кезеңінде тұр. Өндіріс басталғанға дейін барлық жүйелері мен құрылымы зерттелуде.
Бас конструктор Фан Юаньпэннің айтуынша, «Хаолун» ғарыш аппараты мен ұшақтың элементтерін біріктіреді.
Қытай «Тяньгун» станциясын кем дегенде 10 жыл пайдаланып, оны 3 модульден 6 модульге дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. «Хаолун» станцияны азық-түлікпен, ғылыми жабдықтармен және басқа да қажетті ресурстармен қамтамасыз ету үшін маңызды құрал болмақ.
Халықаралық деңгейде басқа компаниялар да осыған ұқсас жобаларды әзірлеуде. Мысалы, америкалық Sierra Space компаниясы төменгі Жер орбитасына жүктер мен экипаждарды жеткізуге арналған Dream Chaser шаттлын жасап жатыр.