Ұлттық Банк цифрлық инвестициялық монеталар шығармақ
Ұлттық банк
Қазақстан Ұлттық Банкі ұлттық валюта – теңге күнінің құрметіне орай 2025 жылдың I тоқсанында жаңа «Цифрлық инвестициялық монета» жобасын іске қосатынын хабарлады.
Алтын инвестициялық монеталарды кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен online сатып алуға және сатуға болады. Цифрлық баламадағы инвестициялық монетаның құны LBMA (Лондон бағалы металдар нарығына қатысушылардың қауымдастығы) белгілеген алтынның салмағы мен бағасына сай және Ұлттық Банк белгілеген АҚШ долларының теңгеге шаққандағы айырбас бағамы негізінде теңгемен есептелетін болады.
Монеталар Astana International Exchange (AIX) биржасының «TABYS» мобильді қосымшасы арқылы сатылады.«Цифрлық инвестициялық монета» жобасы аясында монеталарды сатып алуға, Ұлттық Банкке кері сатуға, сыйлауға, сондай-ақ олардың жеткілікті саны жинақталған кезде Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарында заттай алтын инвестициялық монетаға айырбастауға болады.
Осы жоба үшін арнайы жаңа ÚKI инвестициялық монетасының эксклюзивті дизайны әзірленіп отыр. Оның салмағы 31,1 грамм, номиналы 100 теңге, алтын сынамасы – Аu 999,9.
Монета «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясындағы коллекциялық монеталар стилінде жасалған. ÚKI инвестициялық монетасын тек «TABYS» мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады. Монеталар блистерде шығарылады.Жоба нақты қай күні іске қосылатыны туралы ақпарат Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында қосымша жарияланады.