Жедел штаб астаналықтарға ескерту жасады
Фото: gov.kz
9 қарашада Астанада терроризмге қарсы жаттығу өтеді. Бұл туралы елорданың терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Жаттығу сағат 7:00-ден 14:00-ге дейін өтеді.
"9 қарашада сағат 07:00-ден 14:00-ге дейін Астана қаласы аумағында терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб, оның ішінде ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық жағдайында (Абайдың 150 жылдығы көшесі, 22/3 үй) терроризмге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өткізу жоспарланып отыр. Іс-шараның мақсаты - құқық қорғау және арнайы органдардың күштері мен құралдарының террористік көріністерге шұғыл ден қою жөніндегі міндеттерді орындауға дайындығын тексеру", - деп жазылған штаб хабарламасында.
Сондай-ақ штаб өкілдері шектеу шараларын, қаланың әртүрлі ауданында жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына шектеу енгізу қарастырылғанын ескертті.
Елорда тұрғындары мен қонақтары өткізілетін оқу іс-шараларына түсіністікпен қарауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, мемлекеттік органдардың жұмылдырылған қызметшілерінің заңды талаптарын орындауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және халық арасында жалған ақпарат таратуға жол бермеуге шақырылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында оқу жаттығу барысында терроризм қаупіне дайындығы тексеріледі.