Жаңа салық кодексі: төлемдер саны 77-ге азайып, 6 алым түрі қысқартылмақ
Фото: Kazinform
Жаңа салық кодексінің жобасында маңызды фискалдық маңызы жоқ төлемдерді алып тастау, кейбіреулерін біріктіру қарастырылған. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев мәлімдеді.
«Жаңа Салық кодексінде салықтық әкімшілендіруге баса назар аударылады. Әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілуде. Салық есептілігі қысқарады. Бақылау цифрландырылады. Жаңа Салық кодексі жобасының негізгі бағыттарына тоқталар болсақ, маңызды фискалдық маңызы жоқ төлемдер алынып тасталады, кейбіреулері біріктіріледі. Олардың саны 20%-ға қысқарады», - деді Ерлан Сағынаев.
Спикердің айтуынша, 12 салықтың орнына 11 салық болады. Бірыңғай жер салығын (БЖС) жеке табыс салығына ауыстыру ұсынылады.
2 төлемді (10-нан) алып тастау ұсынылады: жарнаманы орналастырғаны және лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер.
3 төлемді біріктіру ұсынылады: су ресурстарын пайдалану үшін, орманды пайдалану үшін және жануарлар әлемін пайдалану үшін. Үшеуі біріктіріліп, бір ғана — табиғи ресурстарды пайдалану төлемі болады.
«Жалпы, төлем мөлшерлемелерінің саны 77-ге қысқарады. Алымдардың 6 түрін қысқарту ұсынылады. Олар бойынша мөлшерлемелерінің 34 түрі алынып тасталады. Сондай-ақ мемлекеттік баждардың 5 түрі алынып тасталады, олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқартылады», - деді департамент директоры.
Қазіргі уақытта жоба Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында.
Айта кетейік, бүгін Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съездалды жиыны өтіп жатыр. Онда бүкіл өңірдің және 200-дей бизнес қауымдастықтың атынан 400-дей өкіл қатысып жатыр.
Жиында соңғы бірнеше айда кәсіпкерлерден келіп түскен сұрақтар талқылануда.
Бұған дейін Президент жаңа Салық кодексін қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болатынын айтқан еді.