Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке сауда үстемесін арттырғандарға жаза қатаңдайды

Сауда және интеграция министрлігі ӘҚБтК-ке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сауда үстемесін асырғаны үшін бизнес өкілдеріне әкімшілік жазаны қатаңдату жөнінде түзету әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы үкіметте 3 қыркүйекте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен ӘМАТ бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңесте сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мәлімдеді.
Қазіргі уақытта заңда әлеуметтік азық-түлік өнімдеріне 15% - дан аспайтын мөлшердегі сауда үстемесін асыра пайдалану бөлігінде бірінші рет бұзғаны үшін кәсіпкерге ескерту жасау белгіленген. Өзгерістер ескертуді 5-тен 150 АЕК-ке дейінгі айыппұлға ауыстыруды көздейді. Өзгерістер жобасы бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілді, жақында құжат Парламент Мәжілісіне жіберіледі, - деді Айжан Бижанова.
Жыл басынан бастап 29 тамызға дейін әлеуметтік өнімдерге сауда үстемесін асырғаны үшін 11,8 млн теңге сомасына 2807 әкімшілік қаулы шығарылды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 4 есе көп (8 айда 760 қаулы. 2023).

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов агенттіктің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмысы туралы баяндады. Жыл басынан бері өңірлік комиссиялардың қарауына Қаржы мониторингі жөніндегі агенттігі тарапынан 538 материал жіберілді, олар бойынша 350 адам жауапкершілікке тартылды. Мектеп, балабақша, аурухана, балалар үйі, оқу орындары сияқты әлеуметтік нысандарға өнімдерінің жеткізілуіне мониторинг жүргізілуде.
