Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәдігерлер сыр шертеді

Жәдігерлер сыр шертеді



Бозкөл ауылының тумасы "Темірден түйін түйген" зергер, "Ағаштан ою ойған" ұста, Қазақстанның Этнодизайнерлер Одағының мүшесі, қолөнер шебері Талант Сахитов ұрпақтан ұрпаққа мирас болған дүниелерді көзінің қарашығындай сақтауда.
Талант Сахитұлы осыдан бірнеше жыл бұрын бабалар есімін ел есінде жаңғырту мақсатында арнайы "Жәлен ата" атындағы музей ашып, ішін Жәленовтер әулеті мүшелері әзірлеген бұйымдарға толтырды. Бұған қоса атасы Жәлен Ерімбетұлы мен әкесі Сахит Жәленұлының қолдан жасаған өнімдері қойылды. Арасында өз өнімдері тағы бар.
Мұражайдың киелі табалдырығын басқаннан-ақ өзге әлемге түскендей күй кешесіз. Мұнда есік аузындағы бұрышқа ағаш келі, келсап, күбі, әжелер қолданған керосинді газ пеші мен пенопластан ойып әзірленген жанурлар мен бүркіт мүсіні қойылған. Жарға ғасыр болған иық дорба, оюмен өрнектелген кілемше ілініп тұр. Бұларды жалғастырып 3D үлгісіндегі "Қазақ аруы" портреті және қылқаламмен салынған түрлі сурет бейнеленген. Сонымен бірге мұражайдың ашылуында сыйға тарту етілген бұйымдар да келушілердің көңілінен шығуда.
Сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарға да жаңа бейне берілген. Қажетсіз заттар тасталмай, қайта олардан керекті дүниелер әзірленіпті. Соның қатарында тоқылған себет пен қорап, құрақтан құралған сөмке сынды тартулар көз тартады.
Өнерлі азамат өзінің атадан дарыған таланттарын, қол өнерлерін, шығармашылық қабілеттері туралы айтып берді. Жастарға бос уақытта тек ұялы телефонға қарап отырғанша бейнелеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту керек екендігін, талантты болу үшін көп дайындық жұмыстарын жасаса ғана жетістіктерге жететіндігі туралы кеңес берді.
– Барлық өнер ішінде ұлттық қолөнер ғана қазақ болмысын заттандырып, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Ежелден жауынгер халық саналамыз. Сондықтан да ұсталар мен шеберлердің орны ерекше болды. Осы көненің көзі болған дүниелерді кейінгі ұрпаққа насихаттауды діттеудемін. Ұмытылып бара жатқан қолөнерді жаңғыртуды қолға алуымыз керек. Осында әкем Сахит пен атам Жәленнің қолынан шыққан заттар да бар. Әрбіріне белгілі бір ой енгізілген. Ерекше идеямен жасалған. Осында Қара дүкенінде пайдаланған құралдары мен соғылған әшекейлері және әзірленген ат әбзелдері тұр, – дейді Талант Сахитұлы.
Оның айтуынша, мұражайға біраз бұйымдар әкелінді. Әкесі Сахит Жәленұлы мектепте мұғалім болған. Сол замандарда тракторды еңсеру пәні арнайы берілген. Бар білген ілімін балаларға үйреткен. Қабілеті күштілігі сол бағдаршам автоматты түрде токпен жанып-сөнетін, перде бір басқышпен ашылатын, тақтада тест сұрақтары дұрыс-бұрыс кезде жанатын көрнекілікпен маңайдағыларын таңдандырыпты. Республикалық жарысқа қатысып, жүлделі орынға ие болған. Әкесінің қолданған фотоаппараты, кішігірім кино көрсететін ленталы құралы, патифоны, жұмыс үстелі мен оның үстіндегі мрамор телефоны және май шамы бәрі-бәрі жинақталған.
Сонымен қатар атасы Жәлен Ерімбетұлының дайындаған емдік шөптері мен тастары сол қалпы қойылған. Ол халыққа ұсталықпен қатар, шипагерлік қызметін де ұсынған деседі. Талант аға атасының ауыр жағдайдағы науқастарды және обыр ауруын да жазып шығарғандығын баяндады. Бірақ бұл шөптерді қазір қандай дертке қолдануға білмейді. Екіншіден, уақыты да өткен болар дегенді бүкпеді. Мұражайды тамашалап болған соң ауладағы "Қара дүкенге" бет алдық. Мұнда Жәлен атаның темір төсі мен көрік қыздыратын пешіне май жағып, тәу еттік.
Ұрпаққа дарыған баба қасиеті
Қазақ халқы байырғы тұрмысында бақсылық, көріпкелдік, емшілік жолды айрықша бағалаған. Ол уақытта бақсы-балгер ел ішін аралаған. Дерті мендеген ауруларды емдеп жазуға көмегін тигізген. Осындай жұртқа мәлім жандар қатарына Бозкөл ауылындағы «Қара дүкен» ұстаған Жәлен Ерімбетұлын да қоссақ жарасады. Оның таңқаларлық кереметтері әлі күнге аңыз-әңгіме ретінде ел арасында айтылып жүр.
Ұсталық, көріпкелдік, емшілік, шипагерлік, қасиеттерді бір басына топтастырған қара дүкен ұстаған Жәлен атаның бойындағы қасиеті туралы ел ішінде «Қасиет қонған қара дүкен» аталып кеткен ұстаханаға еміне шипа іздеген науқастардың қазіргі уақытқа дейін шет елдерден де келеді дейді балалары.
Ол Бозкөл ауылында 1904-1983 жылдар аралығында өмір сүрген. Арғы атасы Сасықбай бір рулы елге есімі жайылған құдіретті кісі болған екен. Бабасының бақсылығы Жәлен атаға қоныпты. Темірден түйін түюді туған нағашысы Анарбек ұстадан меңгерген. Сонымен бірге қыр мен сырға, теңіз бойына атағы жайылған Өтеш Қожадан бата алған.
Жәлен ақсақал кезінде есі ауытқып ауырған, жын-пері айналдырған ұстамалы кеселдерді, бала көтермей жүрген әйелдерді емдеген. Түрлі дертке шалдыққандарға қолдан дәрі жасаған. Бақсының қолынан ел арасында жазылған адамдар көптеп кездеседі.
Бірде Сырлыбай деген кісі науқастанып келгенде Пахуадин әулие науқасты пері оқуымен оқыпты. Оқыған сайын үрлеген шар секілді ісе берген көрінеді. Перінің күштілігі сондай, ауру мекенін таптырмапты. Қайтарып теріс оқу оқығанда сырқат бұрынғы қалпына келген көрінеді. Сол жерде отырған көпшілік: «Бұл жазылмас, жазылса моладағы келер» деген екен. Әулие ұйқыға кетіп, Пахуадин ата түс көріпті. Ертеңіне Жәлен атаға «бұл науқасты сен жазасың, сенің қолыңнан келеді» деп сенім артады. Ол зікір салғанда сексеуілді ортаға жағып қойып, шоғын қолымен ұстап, аузына салып шайнағанда шоқ науқастың үстіне ұшқын боп ұшқан. Шоқ таусылғаннан кейін қалақты қыздырып, тілімен жалаған екен. Содан кейін науқастың беті бері қарапты.

– Жәлен ата бақсылық, емшілік ісімен бірге кезінде өз дүкенінде қара темірден түйін түйіп, зергерлік бұйым, сонымен бірге ер-тұрман әбзелдері мен белбеу, алтын жалатқан қанжар соққан. Өте жомарт, қарапайым, қайырымды жан болған.
Қарақалпақстанда тұратын бір бай ас өткізер алдында қамшы жасатқан. Атамыз сегіз қырлы, ысырмалы, насыбай салатын шақшасы мен сабының ашылу құпиясы бар қамшыны өреді. Асқа жиналған көпшілік, таңырқап, қамшының сиқырын аша алмапты. Ата қамшы сырын байға жасырын түсіндіріп, тарту етіпті. Көпшілік ішінен біреу «қолы кесілгірдің жасаған заты-ай» деп таңырқаған. Сол аста Жәлен ұстаға көз тиіп, келген соң көп ұзамай қолының білек тұсына тарыдай болып жара шығады. Кейін сол жараның әсерінен оң қолын білектен дәрігерлер отамен кескен. Жәлен Ерімбетұлының Бахит, Сахит, Амангелді, Аманжол атты төрт ұлы болған. Үшінші баласының есімі Амангелді аталуының себебі, Жәлен ата 1941 жылы Ұлы Отан соғысына алынған. Алайда әруақ жолымен ауырып, 6 айдан кейін елге оралған. Келген соң аяғы ауыр қалған әйелі Набат босанып, аман-есен елге келгеніне орай ұлының атын Амангелді қойыпты. Ауыл тұрғындарының Жәлен ата туралы бір әңгімесінде: «Әруақ жолымен ауырған атаға командир сенімсіздік білдіріп, «Бұл соғысудан қорқып, әдейі істеп жүр» деп қақаған қыстың желтоқсан айында үсіп өлсін» деп қалың қардың үстіне тастаған. Ертеңіне қараса ата терлеп-тепшіп, айналасындағы қарды ерітіп, шылқыған судың ортасында ұйықтап жатқан көрінеді. Командир «бұның денесінде магнит бар шығар, дереу шешіндіріңдер» деп бұйрық беріпті. Шешіндірсе, тастаған киімдер сол күйінде сақырлап қатып қалса керек. Оны профессорға көрсетсе, тексере келе, «бұл қазақтың әруақты әулиесі» деп еліне қайтаруға шешім қабылдапты», – дейді Талант Сахитұлы.
Кезінде Жәлен Ерімбетұлының көзін көрген, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас стансасының тұрғыны, Ысқақ Іскендіров атаның балаларына жолдаған хатында:
«Жәлен ата соғыстан келе сала Андреев колхозының ұстасы болды. Шаруашылықтың бар тіршілігі осы кісінің қолына қарайтын. Өгіз арбаларды соғады. Шөп шабуға шалғы, орақ, егін егуге кетпен, күрекке дейін әзірлейтін. Оның демалып, тынығатын уақыты бола бермейтін. Таңның атысы мен түннің бір уақытына дейін ұстаханасында терге малынып, балға соғып тұрғанын көретінбіз. Әрбір он күн сайын есегіне мініп, елден жырақта жыңғылдарды кетпенмен шауып, оны сол жерде өртеп, шала жанғаннан кейін үстін құммен көміп кететін. Ертеңіне сол кешегі шала жанған жыңғыл көмір болып жататын. Сол көмірді артып келіп, жұмысын жалғастыратын.
Жәлен ата 1959 жылы басқа жерге қоныс аударғанда ескі ұстахана көне қоныстың орнынан түнде жанған оттың сәулесін, төске ұрылған балғаның дауысын естігенін талай адамдар айтқан. Ол қара дүкеннің ерекше құдіретті күш екенін, қасиетті орын екенін аңғартады. Мен 1961 жылы оқу бітіріп, Қызылорда қаласындағы астық тарату базасына жұмысқа орналастым. 1962 жылдың жаз айы тұғын. Ойда-жоқта үйіме Жәлен ата келді. Қасында үлкен баласы Бахит және кіші баласы Аманжол бар. Бар жайды айтып, қолына шыққан жарасын көрсетті. Үлкендігі шай кеседей қып-қызыл ет сияқты, оны көргенде шошып кеттім.
Ертесіне Жәлен атаны облыстық ауруханаға алып бардық. Дәрігерлер «бұл емдеуге келмейді, рак ауруы» деді (бұл әңгімені олар маған ғана құпия түрде түсіндірді). Дәрігерлермен болса да, алты айлық өмірі қалса операция жасауға көндірейік деп келістік. Бес күннен кейін түскі сағат 10-11 шамасында ота жасалды. Оң қолды шынатақтан жоғары, иықтан төмен кесетін болды. Операцияны орта жастар шамасындағы орыс азаматы жасады. Болғаннан кейін әлгі хирург: «Мен өмірімде қанша адамға ем-дом жасағанда дүниеде мынадай мықты, берік адам бар екен деп ойламаппын» деді. «Не себепті олай дейсіз?» дегенімде ол: «Біріншіден, бұл кісі операцияны наркозсыз жасауды өтінді. Біз атайдың өтінішін орындадық. Екіншіден, сүйегін кесіп жатқанда маңдайын кіржиткен де жоқ. Тек шашының әр талынан шыпылдап ағып жатқан терді байқадық» деген таңданысын жеткізді. Жәлен ата осыдан құлан-таза айығып, онан кейін 21 жыл өмір сүрді», – деп жазады.
Бақсылардың көбінің бойында көріпкелдік, болжампаздық, жұлдызнамалық, құмалақшылық, сынықшылық, тамыршылық, дәрі жасаушылық тіпті, сазгерлік, ақындық, жыршылық қабілеттері болған. Осы қасиеттерді Жәлен атаның және оның ұрпақтарының бойынан таба аласыз.
Әруақты бақсы, дүкен ұстаған ұста, қолөнер шебері – Жәлен ата 1983 жылғы 7 қараша күні 79 жасында дүние салды.
***
Кетерде Талант Сахитұлы атадан балаға аманат болған бұйымдарды сақтаған мұражайды мемлекеттің қорғауына өткізгісі келетінін білдірді. Өйткені алдағы уақытта оның көлемін үлкейтіп, тағы да бөлмелер қосуды көздеп отыр. Осы кезде Кәмшат Тасболаттың жазған посты есіме түсті. Соны қысқаша келтірсем былай дейді: "Еуропада әрине тарихи орындар, мұражайлар, университеттер, кітапханалар, туристерге арналған қонақүйлер көп. Шыны керек, тарихи не заманауи мұражайларды қолдан да жасауға болады. Ал бізде қайбір жылы Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі сүрілді. Әкімдік оны қиратуға да, жаңадан үй салуға да пәленбай миллион бөліпті… Айтпақшы, соның арты не боп еді? Бұл да ешкімге қызық емес. Сол Байтұрсыновтарды “халық жауы” деп атқызған Сталиннің үйі Грузияның Гори қаласында дін аман тұр. Туристер жиі барады.
Қазір 100-200 жыл бұрынғы ғимараттарды сақтау технологиялары бар. Бірақ әкімдіктерде “бюджет бөлу, сүру, қайта тұрғызу” механизмін ғана білетін, тарих, мәдениет дегеннің иісі мұрнына бармайтындар қалай жұмыс істейді деген сұрақ әлі мазалайды".
Бәлкім Талант ағаның ойы құпталып, мәселе оңынан шешілер деген ой бізде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

27 тамыз 2024 ж. 150 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031