Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақшаны баптаған бағбан

Бақшаны баптаған бағбан


Қарбыз – глюкоза, сахароза және фруктозаны қамтитын 6-13 процентке жеңіл сіңіріледі. Ол қауын сияқты төмен калориялы тағам дегенді айтады мамандар. Жаз мезгілінде бұл өнімді асқатық етпейтіндер кемде кем. Қайта қап-қап көтере алатындар қатары еселенеді. Себебі бұны балалармен қатар ересектер де сүйсініп жейтіні хақ.
Сондықтан да Бозкөл ауылында бау-бақша егіп, оны баптайтындар жеткілікті. Күнкөрістің қамымен Еділбек Қибасов та ел қатарлы 1 гектар жерге 3 адам бірігіп жер анадан несібесін көруде. Еңбекқор жан таңның атысы кетпенін иығына асынып алып, өзіне тиесілі жерді қопсытады, арам шөптерден арылтады, келер тіршілік нәрінің жолын аршиды. Осылайша наурыз айынан бастап, бейнеттің жемісін көру үшін белі бүгіліп, тер төгіп келеді. Еселі еңбекпен келген адал астың дәмі ауыздан кетпейтіні рас. Егіннің қыр-сырына ес-білгелі қанық ер азамат қауын-қарбыз, картоп, асқабақ, қызылша, қияр мен қызанақ және сәбіз өсіреді. Мұнда қауынның үш түрі жәмбілшә мен кләбі және шытырлақ бар.
– Кезінде әкем 10-15 сотық кішкентай жерге азын-аулақ ас қатық қылу мақсатында бақша егумен айналысты. Қасында алажаздай көмектесіп жүріп, өзімде кейін жер аумағын ұлғайтып, егін еге бастадым. Шүкір жаман болмадық. Ол шақта жегенімізден артқанын тегін тарататын едік. Енді заманына қарай нәпақамызды тауып, сататын болдық. Алланың берген ризығын осылай тауып отырмыз. Егілген көкөніс пен жемістер ешқандай тыңайтқышсыз өсірілген табиғи таза өнім болғандықтан өз бабымен пісуде. Алған тұтынушылар риясыз ризашылығын айтады, – дейді тәжірибелі бағбан.
Еділбек Бердалыұлы 30 жылдан бері бақша егуді кәсіпке айналдырған. Қолы қалт еткен кезі жоқ. Үш аяқты Уралына мініп алып, екі-үш бас сиыры мен төрт жылқысын бақылап келеді. Бау-бақшаға да осы көлігімен зыр етіп жете қояды. Біз де арнайылап, егістікке жол тарттық. Сондағысы көзбен көрейік, маңдайтердің қаншалықты оңай еместігін сезінуді ұйғардық.
– Күттіріп қойғаныма айып етпеңіздер. Қарауылыма түскі мәзірін әкелуге кідірген едім, – деді де қолын бұлғады.
Соның арасында елестету қабілетіме орай бір ересектеу кісі шығатын шығар деген ой қылаң берді. Дегенмен сәлден соң аптап күннен қорғану үшін құрылған қостан екі еліктің лағындай қос бала атып-атып шықты. Лезде бірі жүгіріп, екіншісі шайтанарбамен жете қойды. Оларға қарап іштей риза болдым. Ойлап қарасаң осы күні бұлармен жасты балалар күннің ми қайнатар ыстығында ас-сусыз, телефонсыз қоста отыра қоймас.
– Жарайсыңдар. Есімдерің кім, нешінші сыныпқа көштіңдер? – дедім аңтарыла. – Есімім Әлихан, 6-сыныпқа көштім. Бұл бауырым – Балдырған, 5-сыныпты бастайды. Ағам Әлішер медколледжде, тәтем Албина 11 сыныпта оқиды. Отбасымызбен әкеміздің кәсібіне көмектесеміз.
Бұдан бөлек қорадағы майда жандықты өріске қосып, оларды қарау екеумізге жүктелген. Қолдағы төрт қой, бес ешкімен 15-20 күн сайын 500-600 ауылдың уақ жандығын бағуға кезекке шығамыз.
Көктем басталғаннан, сабақ арасында әкемізге егін егуге қолғабыс етеміз. Соның нәтижесін көріп отырмыз. Бірнеше айда ауыр еңбектің тәтті жемісін жинап, мол өнімге қарқ боламыз. Қауын-қарбызды саудалағаннан бөлек қалағанымызша жеудеміз. Бізге ауыл тынысы ұнайды. Себебі атқа мінгенді ұнатамыз. Өріске шығып, мал жайлағанда табиғатты тамашалаймыз. Ондағы тыныштық жаныңа қуат береді, – деп таңқ ете қалды Әлихан Еділбекұлы.
Ауыл баласының пысықтығы мен ашықтығына риза болдым. Әріқарай сөзге тарттым. Тартынбай сатырлатып жауап беруден қымсынбайды.
– Зиянкестерден қалай қорғанасыңдар? – дедім. – Қауынға пәлек шыққанша қызғалдақтана бастағанда құрттан сақтану үшін арнайы уын себеміз. Онсыз болмайды. Қанша еңбегіміз зая кетпесін деген мақсатты ұстандық, – дейді кішкентай Балдырған.
Еділбек аға да өз пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, 100 грам қарбыздың құрамында небәрі 25 килокалория бар. Ол А, В, С және Е дәрумендеріне, сондай-ақ магний, калий, кальций және фосфорға бай. Оның құрамында адамдарға пайдалы ликопен, ниацин және тиамин сияқты көптеген антиоксидант бар. Қауынның пайдасы да осындай, бірақ оның калория мөлшері сәл жоғары – 100 грамм қауында 30-35 килокалория бар. Қант деңгейі де сәл жоғарылау екен. Ал дәрумендер, амин қышқылдары және пайдалы микроэлементтер бойынша бұл тағамдар ұқсас.
Кейбір жағдайларда адамда қауынға аллергия пайда болуы мүмкін, өйткені онда аллергенді ақуыз профині бар. Қарбызда ол жоқ. Сондықтан аллергиямен ауыратындар үшін өнім қауіпсіз.
Қауын адамға қажет бета-каротин мен лютеиннің, сондай-ақ зеаксантиннің мөлшері бойынша қарбызды басып озады. Алайда қарбызда ликопен көп – бұл антиоксидант, жүрек-қан тамырлары ауруларының, жоғары холестериннің және денсаулықтың басқа да бұзылыстарының алдын алуға пайдалы.
– Егістікке қарау біраз шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Жақсы өнім алуың үшін жалқаулық пен енжарлыққа жол бермеу керек. Таңның атысы сағат алтыда осы жерге келіп, 50 сотық жерді әзірледік. Әкімшілік тарапынан техника бөлініп, жер жыртуға көмектесті. Оған ауыл әкіміне алғаусыз алғысымды білдіремін. Жалпы Ақылбек Бөлекбаев әркез ауыл азаматы ретінде жерлестерінің қамын жасап жүреді. Сол үшін бозкөлдіктер оған дән риза.
Осылайша әр атызға бөлек-бөлек өнімдерімді ектім. Шүкір судан әзірге қиындық көрмедік. Қажетті тіршілік нәрін бақшадан 5 шақырым қашықтықта орналасқан "Жиеней" арнасынан аламыз. Он бес күн сайын су келетін арықты қазып, тазалап тұрамын. Бақша басын үш рет қатынаймын, таң мен түсте және кешке, – дейді Еділбек Бердалыұлы.
Көрдік, бағамдадық. Еділбек аға мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан екі қолынан кетпені түскен емес. Белі бүгіліп, төбесінен күн өткеніне төтеген ол өзгелерге үлгі бүгінгінің батыры деуге әбден лайық.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
27 тамыз 2024 ж. 296 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031