Аранды һәм аралық
Атауы ерек
Қазалы ауданына қарасты «Аранды» аталатын шағын ауыл бар. Қазақ «аран» деп аң аулау үшін терең етіп қазылған орды айтады. «Араны ашылды» деген кең ауқымды тіркес пейілі тарылды, ашкөзденді дегеннен гөрі о баста олжалы болды дегеннен қалыптасса керек. Ауылдың топонимикалық түбірі осы осы сөзбен төркіндес екені сөзсіз.
Жергілікті азамат Қажығали Сырғали мынандай мысалдар келтіреді.
Жергілікті азамат Қажығали Сырғали мынандай мысалдар келтіреді.
Ертеде бұл маңды қоныс етіп отырған тұрғындар жерін су басып, адамдары да, аңы да құрғақ биік қыр, нұралардың басына жетуге ұмтылыпты. Осылайша араны ашылған табиғат құбылысынан көпшілікті аман алып қалуға төбе тосқауыл болған көрінеді. Қисынды. Киік қуып, аң аулау көшпелі жұрттың дәстүрлі тұрмысында кеңінен көрініс тапқанын ескерсек, қыр қиясындағы ойпаң жер қашқанды тұқыртатын керемет мүмкіндік беретін маң. Тарихқа жүгінсек, бұл жер бір кезде Арал теңізі кемерінен тасып тұрған сәтте, соның ұлтаны болған деген нұсқа да бар.
Қыжығали келтірген келесі мысал да көкейге қонымды.
Аранды қыр – биік төбе. Аңшылар жануарлар құрықталатын жерді қазып, ағаштың ұшын үшкірлеп, аң ұстағн. Сол үшкір ағаш атауы да «аран». Ертеде төбе басына осындай арандар қойылатын болған. Оны көргендер араны көп жер, «аранды жер» деген деседі.
Ықылымда мал баққан жұртшылық суы бар, малға жайылымды жер деп тұрақтаған мекен бірте-бірте ұлғайып, ауылға айналған. 1949 жылы Жданов колхозы болып аталған мекен нарықтық кезеңдегі совхоз-колхоздар тараған тұста «Аранды Қыр», «Ақшоқы» жауапкешіліктері шектеулі серіктестіктері болады. Ал егемендік еншіге тиген тұста «Аранды» деген тарихи атымен қайта қауышады.
Ынтымағы ұйыған
Туған жерін тастауды мұндағы жұрт ешқашан ойға алмайды. Бірі бақша ексе, бірі мал бағады, бірі пішен орса, бірі отын шабады. Құрылыс жұмыстарын істейтін, ою ойып, құрақ құрайтын, май шайқап, құрт, ірімшік, қақ тілетін, ағаштан түйін түйіп, домбыра, қажетті бұйымдар әзірлейтін, ат бағып, тазы жүгіртетін, сауда жасап, берекесін арттыратын, не керек, қолдан келген амалдарын жасап, қанағатпен қарын тойғызатын қарапайым халық тұрады мұнда.
Ауылдағы жалғыз мекеме №97 орта мектеп тұрғындар үшін тәрбие мен тағылымның бұлағы. Жыл сайын бұл шаңырақтан мемлекеттік грант иегерлері түлейді. Осы топырақта туылып, туған жерінің туын биік көтеріп, ел дамуына үлес қосып жүргендер жетерлік.
Осыдан отыз жыл бұрын қоңырқай тіршілік кешетін құм қойнауындағы қоныстың бүгінгі беталысы бөлек. Қатар-қатар тізілген жаңа үйлер, заманауи емхана, көрікті мешіт, қос қабатты мектеп ауыл ажарына ажар қосып тұр. Әр ауладағы көліктер әлеуметтік жағдайдан сырт шертеді.
«Ынтымағы ұйыған» деп атауымыздың да өзіндік сыры бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа мектеп ғимаратын су басып, төтенше жағдай орын алды. Табиғаттың тосын әрекетінен жолдар жабылып, ауылды су алғанда, үлкен-кішінің барлығы бел шешіп кірісіп, арнайы техника жетемін дегенше, тасқын суға тосқауыл болғанын көз көріп, құлақ естіді.
Тағы бір дерек, жекешендіру кезінде электр тогы ажыратылғанда, жарық жеткізетін бағандар мен олардың сымдары да «қолды болып», түнгі тіршілік білте шамға байланды. Ондаған жыл «Илич шамының» игілігін көрмесе де, ешкім өмірден түңіліп, тұңғиыққа өзін тастамады. Керісінше ертеңге үмітін жалғады.
Аудан орталығына шалғай болғанына қарамай, сыртқа көшу көрсеткіші төмен. Сексен екі түтіні бар елді мекен жыл сайын жұмыс барысымен келген көші мен білім алып, жұмыс істеуге келген жастар көтерген шаңырақпен тұрғындар қатары толыға түсуде.
«Тоқылдақ» тіркеспе
Жол жайы арандылықтардың «бас ауруы». Жұрт «абыржы» атайтын қалқымалы Қарлаң көпірінің мезгілдік машақаты өз алдына. Айдаладағы жалғыз шопанға жол апарып, жарыққа жалғап берген Кеңестік кезең де бұл мекенге кеңшілік танытпаған. Оған жаситын жергілікті жұрт жоқ.
Ағайынды Егізбай, Сегізбай, Тоғызбай, Нұрлан деген кәнігі көлік айдаушылар салған қырдағы қара жолмен жүйіткіп бара жатқаны. Тоқсаныншы жылдардың басында ауданнан ауылға қатынайтын автобусқа жету үшін арандылықтарды ГАЗ-66 маркалы ауыр әскери техника таңертең Қожабақыға жеткізсе, түстен кейін алып қайтатын. Жазда төбесі ашық, қыста жабындымен жабылған бұл көлік аулдың бойтұмары іспетті. Талай жыл алыс пен жақынды, сағынғандарды қауыштырып, істерінің бітуіне сепекер болған жәдігер жұрт жадында. Оның өзі ауа райы мен көлік жағдайына орай кейде үзіліп қалатын. Күн салқындай бастағаннан, «Аттың сыры иесіне мәлім» демекші, аужаймен таныс ағайын азық-түлік, керек-жарақ қорын көбейтіп, қамданатын. Ал ай-күн жақындап қалған келіншектер қатынасы бар туыстарына уақытша көшіп келетін.
Техника да темір. Қаншалықты жөндеп, жағдайын жақсарта да қосалқы бөлшектерін жаңартпаса, істен шығады. Бір жолы бұзылып қалғанында, тұрғындар тіршілігі үшін трактор артына шағын вагон тіркесіп, жолаушыларды тасымалдаған жағдай да болған. Сырты қорап сынды шағын вагонды жұртшылық сол кезде Сексеуіл мен Түркістанға қатынайтын сауаулы вагонды пойызды атайтын атаумен «Тоқылдақ» деген. Бертін келе жағдай дұрысталып, ауылға автобус бартын болды. Тіпті жергіліктілер арасынан өз қаржысымен автобус алғандар да табылды. Қазір автобус та, жеке көліктер де үзіліссіз қатынап тұр.
Тақырып туралы жазып жатып, төмендегі оқиғалар ойға оралады.
Бір жолы төркін жұртына бармақ болған қыз сонау жерден көлікпен келіп, Қожабақыдан Арандыға жете алмай қиналғанында: ««Барайын десем, жер шалғай, бармайын десем болмайды-ай» деген осы-ау. Жақындарым Ждановта тұрғанша, Москвада тұрмаған екен, тым болмаса, тіке апаратын пойыз бар ғой», – деген екен деседі.
Өзімен бірге жұмыс істейтін қыздың туған інісіне тұрмысқа шыққалы жатқанын біреуден естіген арандылық қыз аруға: «Ол жақтың қандай екенін білесің бе, алыс. Тойды көктемге белгілеп қойыпсыңдар. Күн салқындаса, жол қатынасы тоқтап қалады. Сені жолға жарайтын «К-700» тракторы тіркеспесіне салып апарады. Үстіне киіз жайып, жан-жағына шар байлап, қолыңа қуыршағыңды ұстап, желегің желбіреп кетіп бара жатасың», – деп қалжыңдайды. Сонда үрейленген қалыңдық қатты жылапты. Сол қалалық қыз қазір ауыл құрмет тұтатын мәртебелі мұғалім, үлгі алатын үлкендердің бірі. Қазығын байлап, тамырын жайып, ұрпағын өсіріп, немере сүйіп отырған ардақты әже.
Қазақта «Жердің оттысынан, құттысы артық» деген халық тәмсілі бар. Өзгені былай қойғанда, алаш аспанын қара өлеңмен әуелеткен 70-тен аса ақынның осы қасиетті топырақтан шыққанын айтпасқа болмайды.
Айтпақшы «Келемін іздеп алыстан аңсап», дұрысы, «Келемін іздеп Арандықырға, Қосам өзіңді ән менен жырға» деп басталатын «Шопер әні» атты әдемі ән бар емес пе, сол туынды осы Арандының жолында туған көрінеді. «Елу жылда ел жаңа» демеуші ме еді. Уақыт өзгерсе де, жолдар сол күйі кезегін күтуде. Осыдан бірер жыл бұрын «Арандыға жол саланды» деген ақжолтай хабарды естіген ағайын қуаныштан жүздері балбұл жайнап, сансыз шүкірлік еткені бар. Алайда Қожабақы мен Арандының арасын жалғайтын он екі шақырымға алғашқы тегістеу, тас төсеу жұмыстары жасалғанымен, соңы аяқсыз қалды.
Жол азабын тартқан біледі. Ынтызар ақын ынтығып, әнге арқау еткен кедір-бұдырлы аралық ғашықтардың жете алмай кеткен қиындығына кедергі болмай, қауышуына себепкер болса игі еді дейді көкейге көмілген ой.
Алтын МЕЙІРХАНОВА