Жылыту маусымына қаржы уақытында бөлінді, ал жұмыс толық жүргізілмеді – Премьер-Министр
Фото: ҚР Үкіметі
Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында өңірлердің жылыту маусымына дайындық жұмыстарын сынға алды.
«Жылыту маусымының басталуына бір айдан астам уақыт қалды. Бүгін басшылардың көпшілігі қанша жерден сенімді сөйлеуге тырысса да, жұмыстың нәтижелі болатынына анық көзім жетіп тұрған жоқ. Жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналды. Яғни, дұрыс жоспарлау жоқ. Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыру, құжат дайындау мен отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан-жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қараса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді», - деді О. Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында.
Мәселен, Қарағандыда «Qarmet» компаниясының екінші жылу орталығындағы 2-ші қазандықты жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған жоқ. Оған қоса, 1-ші қазандықты күрделі жөндеу сол күйі басталмаған.
«№7 қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Ал мамыр айында осы мәселені қарағанымызда облыс әкімі 7-қазандық мерзімінде іске қосылады деп мәлімдеген. Жалпы мұның барлығы Теміртау қаласының қысқы әзірлігіне, қажетті жылу қуаты мен резервтердің қамтамасыз етілетініне күмән туғызады. Шахтинск тұрғындары да дайындық уақытылы аяқталмай қала ма деп алаңдап отыр. Қалада тендер бойынша сол күйі басталмай тұрған жұмыстар төңірегінде сұрақ көп», - деді Үкімет басшысы.
Маңғыстау облысында МАЭК 1-ші жылу электр орталығындағы №4-ші турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр.
Сондай-ақ комбинаттың 2-ші жылу орталығында құжаттар уақытылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр.
«Үкімет тарапынан бұған дейін МАЭК-ті дамытуға қомақты қаржы бөлінді. Облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Тіпті жөндеу кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайлар атап көрсетіліп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда 3 ай өтті, баяғы жартас – бір жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру», - деді О. Бектенов.
Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары да баяу. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында екі жоба, Абай облысында 1 жоба бойынша бұзып-бөлшектеу жұмыстары ғана жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысында бір жоба бойынша мердігер ұйым әлі анықталмаған.
«Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуда ауқымды жоспарлы жұмыс жүргізу қажет. Оның әбден тозығы жетті. Демек желілерді жоспарлы түрде ауыстырып, заманауи жабдықтар орнату керек. Жалпы қазіргі жұмыс қарқыны жылыту маусымын уақтылы әрі сапалы бастауға тәуекелдің әлі де жоғары екенін көрсетіп отыр. Яғни, әкімдіктер тарапынан бақылау жеткіліксіз. Бұл ретте республикалық бюджеттен қажетті қаражат уақытылы бөлінген», - деді Премьер-Министр.
Сонымен бірге, Үкіметте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің толық дайындығын, ал 15 қазанға дейін – денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры объектілерінің әзір болуын қамтамасыз ету тапсырмасы берілді.
«Әлеуметтік көмірді бизнес субъектілеріне сатуға жол беруге болмайды. Бұл көмір халыққа арналған», - деп ескертті Олжас Бектенов.