Google Translate-ке 110 тіл қосылды: ішінде түркі халқы тілдері де бар
Фото: Ашық дереккөзден
Енді онлайн аудармашы қызметі түркінің қосымша бес тілінде қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Ulysmeida.kz.
Өткен аптаның соңында Google ең үлкен Google Translate жаңартуын жариялады.
Жасанды интеллект көмегімен онлайн аудармашыға бірден 110 жаңа тіл қосылды. Компанияның хабарламасында 614 миллионнан астам адамды қамтиды. Бұл – жер шары тұрғындарының шамамен сегіз пайызын қамтиды.
– Олардың кейбіреулері 100 миллионнан астам сөйлеушісі бар негізгі әлемдік тілдер. Басқаларына жергілікті шағын қауымдастықтар сөйлейді. Ал кейбіреулерінде ана тілінде сөйлейтіндер жоқ, бірақ тілдік дәстүрді жандандыру бойынша жұмыс жүріп жатыр, - деп хабарлайды Google релизі.
Google Translate-те жүздеген жаңа тілдердің ішінде бес түркі тілі бар. Олар башқұрт, чуваш, сақа, тыва және қырым-татар. Айта кетейік, қазақ тілі Google Translate-ке он жыл бұрын қосылған еді.