Нар тұлғалы нөсер батыр
Кеңес өкіметінің кердең, кереғар пәрмені ұлтымыздың талай ұлық азаматтарын жарыққа шығармай, белгісіз жағдайда ұстады. Ел егемендігі үстемдік құрып, көк байрақ көкке көтерілгелі бері ардақты арыстардың есімдері ашық айтылу үстінде. Олардың ерен еңбектері мен өшпес ерліктері қалың бұқараға бүкпесіз паш етілуде.
Осындай дөңайбат теперішін көріп, халқынан көз жазып қалған жайсаңдар қатарында қазыналы Қазалының қаһарман перзенті, нар тұлғалы Нөсер батыр да бар. Құйма құлақ қариялардан жеткен деректерге сүйенсек, Нөсер Шаңбайұлы шамамен 1725-1811 жылдары өмір сүрген. Кіші жүз Әлім аталығының Жолшара руынан тараған Нөсер бабаға қарсыласынан қаймықпайтын хас батырлық, кесімді пікір айтатын билік, болашақты болжай білетін көрегендік қасиет қонған. Ол жарлы-жақыбай мен кем-кетіктерді мүсіркеп, қамқорлығын аямаған.
Осындай дөңайбат теперішін көріп, халқынан көз жазып қалған жайсаңдар қатарында қазыналы Қазалының қаһарман перзенті, нар тұлғалы Нөсер батыр да бар. Құйма құлақ қариялардан жеткен деректерге сүйенсек, Нөсер Шаңбайұлы шамамен 1725-1811 жылдары өмір сүрген. Кіші жүз Әлім аталығының Жолшара руынан тараған Нөсер бабаға қарсыласынан қаймықпайтын хас батырлық, кесімді пікір айтатын билік, болашақты болжай білетін көрегендік қасиет қонған. Ол жарлы-жақыбай мен кем-кетіктерді мүсіркеп, қамқорлығын аямаған.
«Сақтықта қорлық жоқ» тағылымын берік ұстанған батыр, қайда барса да бес қаруын тастамай, үнемі сауыт киініп жүріпті. Садақ оғын дарытпайтын қорғанышының салмағы түйе теңінің бір жағына жүк болатындай ауыр болған деседі. Жұртшылық оның есімін ауызға ала қалғанында «Бұлтты әулие» деген қосымша атағын да қалдырмай айтуды ескеріп отырған. Бұның да өзіндік себеп-салдары былайша дәлелденеді...
Батыр бабаның Елібай, Бәйбек, Көккөз Шоң, Сары, Үргенішбай, Нысанбай, Ерімбет, Мәмбет атты ұлдарының оң-солын танып, әкелеріне қолғанат көрсете бастаған кезі екен. Жанына балаларын ертіп, жаңа қоныс, соны жайлым іздеуге шығады. Ат арқасына таңылып, бірнеше белесті артқа тастайды. Соңында бір беті айнадай тақыр боп келетін, екінші жағы нұралыққа ұласқан атырапты ұнатып, ауылды дереу көшіріп әкелуге тәртіп береді.
Ат көлікпен артынып-тартына жеткен көпшілік, жаңа жайлау, тың аумаққа жайғасады. Қараша үйлерін қатарластыра тігіп, кәнігі тірліктерін жалғастыруға кіріседі. Айрықша таңғаларлық жәйт, күн батып, ымырт үйірілген шақта аспанды қара бұлт торлап алады. Ұзамай жаңбыр тамшылары толассыз төпелеп, айналаны көл-көсір етеді. Тақыр суға толып, бозаң дала көкорай шалғынға тұнып шыға келеді. Айта қаларлығы, сол күнгі нөсер жауын шағын ауылдың аймағын ғана қамтып өтіпті. Осындай тосын жағдайдан кейін жамағат Нөсер бабаның бойында тылсым күш барын сезініп, ерекше құрмет тұтып, кереметіне бас иіпті.
Тағы бірде құдіретті бабамыз бір-жар ай отырықшылықтан кейін тоза бастаған жайылымды жаңарту қамын жасайды. Көш керуеніне бағыт сілтейді де, дағдысы бойынша қасынан тоғыз ұлын қалдырмай жолға шығады. Біраздан соң көшті тоқтатып, алыстан мұнарта шалынған Қаратөбені көрсетіп: «Асықпай, ауандарыңмен соны бағытқа ұстай жылжыңдар. Біздер алдын ала ауылдың орналасатын алабын тауып, белгілей берейік. Сендер Қаратөбеге жетті-ау деген шамада біреуіміз алдарыңнан шығып, баратын маңды нұсқармыз»,‒ деп ескертеді.
Межелі тұсқа жеткен шолғыншылар аялдап, аз-кем демалуға жатқан. Түн қараңғылығы серпіліп, таң құланиектене бергенде Нөсер батыр балаларын жедел оятып: «Тездетіп атқа қоныңдар! Ауыл адамдары жау қолында қалған сияқты. Уақытты босқа жібермей, сонда жетуіміз қажет»,‒ дейді жанындағыларды асықтыра тіл қатып. Сол уақыттары түрікмендер мен құба қалмақтар қазақтарға жиі қарақшылық жасап тұратын.
Бұлар суыт шоқытып, Қаратөбенің басына жеткенінде етектегі ойда алпысқа жуық түрікменнің көш тобырын айналдыра қоршап алғанын көздері шалады. Зор денелі бабамыз ашуға булығып, қышқырғанда дауысы алты қырды асып, төңіректі күңіренте қорқынышты әсерге бөлей жөнеліпті. Бұл оның қарсыласының үрейін тудыруға арналған негізгі әдіс-тәсілі болса керек. Тұтқындағы адамдардың шарасыз кейпін көргенде бойындағы қаны тасып, үйреншікті үрдісімен айналаны азан-қазан етеді. Құлақ құрышын қандырған үнді естігенде қаруланған қарақшылар сескеніп, абдырап қалады. Зорлықшы топтың басшысы мінген сәйгүлік қалш-қалш ете тыпыршып, қансиіп жібереді. Көңіл қобалжытарлық оқиғадан қаймығып, секемденген қарақшылар жетекшісі: «Бұларың кімдер еді?» ‒ дейді.
Бойындағы қорқынышы сейіліп, батылдана сөйлеген Нөсер бабаның бәйбішесі: «Анау алып тұлғалы менің Құдай дескен өмірлік серігім. Ал қасындағылардың бәрі де құрсағымнан шыққан ұлдарым. Байқап-бажайлаған боларсың, шетінен жолбарыс жүректі сайыпқыран азаматтар. Шырағым, жан-жағыңа қарап, біздерді жайымызға қалдыру жағын қарастыр», ‒ деген өтінішін ортаға тастайды.
Батырға да жан керек. Мәселенің мән-жайын ұғынған қара ниеттілер көксеген мақсаттарының іске аспайтынын жақсы түсінеді. Ақылдаса келе райынан қайтуға тоқтайды. Сосын тізгінді келген іздеріне қарай бұрып, жөндеріне кете барады.
Бір жылы оқшау қоныстанған ауылға тосыннан қалмақтар шабуылдап, мал мен мүліктерін талан-таражға салады. Бөріктінің намысы бір. Бүлікшілердің қастандығына шыдамаған жігерлі жігіттер қарымта қайтарудың қамтығын жасайды. Сарбаз жасақталып, жорыққа аттанады. Көптің келісімімен қолбасшылыққа Нөсер батыр бекітіледі. Жолай Жолшара аталығының үлкені, жасы сексеннің сеңгірінен асқан Сексен ақсақалдың ауылына соғады. Көнекөз қария ақ батасын беріп, сапарларына сәттілік тілегін жеткізеді. Кетерінде сыйлы қарияға: «Жорықтан жеңіспен оралсақ, бас олжаны сізге береміз!» ‒ деседі.
Сәті түскенде Нөсер батыр бастаған сарбаздардың айы оңынан туады. Қарсы жақтан өш қайтарып, мал-мүлік, құл-құтан иемденеді. Қайтар жолдарында Сексен қартқа жолығып, уәделі уәждарын айтады. Сонда ол біршама өз қабырғасымен кеңесе келе: «Ақ ниеттеріңе көптен-көп рақмет. Осыншама ғұмыр сүргенде малдың да, дүниенің де рақатын көрдім. Маған енді көп нәрсенің керегі жоқ. Тек дәрет суымды, шайымды қайнатып қоятын жас әйел болса деймін»,‒ деген тілегін білдіреді. Қолға түскен бүкіл қыз-қырқын ақсақалдың алдынан өткізіледі. Солардың арасынан кескінсіздеу, қара қыз таңдауға ілігеді. Кейін сол шешемізден ел арасында атағы қалған Төлек батыр дүниеге келіпті.
Нөсер бабаның Қараша деген жамағайынын өз есігінде жүрген құлы өлтіріп кетеді. Қашқын дене бітімі ерекше жаратылған, қара күш иесі болыпты. Жасы алпыстан асқан Нөсер баба құлдың ізінен қуып шығады. Үш күн өткенде қарақшының қарасын көреді.
Адам өлтіруші құл ізіне біреудің түскенін байқайды. Алайда өзіне өте сенімді болғандықтан асып-саспайды. Иығына іліп алған дәу шоқпарымен алға қарата адымдай береді. Құлдың бұл «менмендігіне» намыстанған батыр баба жақындай бере айқайға басады. Қапелімде сасқалақтап, қарсыласуға дәрмені қалмаған құлдың қолын байлап, жаяу айдап әкеледі. Жолда келе жатқанда қашқын: «Нөсер аға, ізімнен сіз келіп қалады деп мүлдем ойламадым. Білгенімде бой тасалайтын едім. Басқа біреулерден титтей де қауіп күткенім жоқ. Мені сіздің пысыңыз басты»,‒ деп өкінішін ақтарыпты.
Бабамыз ауыл аймақтағы шалыс басқандарды да тәртіпке келтіріп отырған. Ағайын-таныстан бөлектеніп қоныс тепкен, Тышқанбай деген біреу үзбей ұрлық істеумен айналысыпты. Соны алдына шақырған батыр: «Мына жамандығыңды тоқтатасың. Болмаса бұның бала-шағаңа, туған-туысқа ұят келтіреді»,‒ деп қыспаққа алады. Терлеп-тепшіген жаңағы: «Қойғым-ақ келеді. Бірақ ізімді аңдыған сыбайластарым маған тыныштық бермейді, тіпті өлтіріп кетуі мүмкін»,‒деп ішкі түйткілін жасырмайды.
Оның келеңсіз қылығының түп-тамырына қаныққан батыр: «Олай болса, қажетті көлігіңді ал да үйіңді осында көшіріп кел. Мен сені бақылауда ұстап, ешкімге мазалатпаймын»,‒ деп ақыл қосады. Сонымен сұғанақтыққа бой ұрып, ауырдың үстімен күн көруші басқалар сияқты егін егіп, мал ұстайды. Нәпақасын табан ет, маңдай термен тауып, ұзамай жақсы адамдар қатарына қосылады.
Нөсер баба астындағы атын өте мұқтаждық туындап қалмаса, арқандамай жібере салады. Текті жануар да соған үйренісіп кеткен. Жұртшылық арасындағы әңгімелер бойынша, баба көбінде Бесаралды қоныстанатын болған. Егер аты босай қалса, Лақалының маңындағы көл жиегіне жайылатын. Айтылған екі аралық шамамен он-он бес шақырымдай. Кейде таңертең төбе басына шығып, үш рет дауыстайды да дастарқан басына жайғасады. Таныс дауысты естіген жылқы құлағын тігіп, басын көтереді де ауылға қарай шаба жөнеледі екен дейді айтушылар.
Батыр, би әрі көрегендігімен халық жадында сақталған Нөсер Шаңбайұлын араларындағы біраз жас айырмашылығын ескере келе, Жанқожа батыр ақылшы аға санаған. Батылдығы мен батырлығын өнеге тұтып, құрмет көрсеткен. Нөсер бабаның Елібай мен Бәйбек атты балалары жаужүрек Жанқожа қолбасшының жасағында болып, Созақ қамалын алуға қатысқан.
Мезгілінде ел қорғанына айналып, тәуелсіздікті аңсап өткен асыл бабамыздың мәйіті «Шәкібай» арығының оңтүстігінде Бозкөл-Кәукей күре жолының шығыс бетінде үш жүз метрге жуық қашықтықта жатыр.
Алматы қаласында тұратын киелі бабаның ұрпағы, еңбек ардагері Теміртас Жұбатхан бізбен тілдескенінде: «Қасиетті еліміз бен дархан жерімізді білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған бабалар есімі ешқашан көптің жадынан өшпейді. 2023 жылдың қараша айында ағайынның қолдауымен Нөсер атамыздың мүрдесі басына ескерткіш орнатып, ас бердік. Рухына құран бағыштап, әруағына тәу еттік. Бұл біздің перзенттік борышымыз!»‒ деген пайымды пікірімен бөлісті.
Иә, ерлік елге ‒ мұра, ұрпаққа ‒ ұран болып қала бермек.
Сахи ҚАПАР,
журналист, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері
Батыр бабаның портретін салған суретші
Тастайбек ИМАНҒАЛИ