Судьялардың жауапкершілігі күшейтіледі – Парламент
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Құжат жобасы Мемлекет басшысының Жолдауында сот төрелігін атқару сапасын қамтамасыз ету және судьялардың кәсіби деңгейін арттыру жөнінде берілген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасы Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бастамасымен, мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ғылыми және заң қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен дайындалған.
Конституциялық заң жобасының мақсаты – сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру арқылы сот жүйесін одан әрі дамыту.
«Заң жобасына енгізілген түзетулерді 3 бағытқа бөлуге болады. Бірінші бағыт – Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге қатысты. Сот жюриімен сот ісін қарау кезінде заңдылықтың өрескел бұзылуының әрбір фактісі бойынша судьяға қатысты тәртіптік іс материалдарын тексерудің жаңа тетігі енгізіледі, бұл судьялар тарапынан заң бұзуды болдырмауға оң әсерін тигізеді. Ұсынылып отырған норма аясында жоғары тұрған сот тарапынан төменгі тұрған соттың істі қарауы барысында заңдылықтың өрескел бұзылу фактісі анықталған жағдайда, облыстық немесе Жоғарғы Соттың төрағасы тиісті пленарлық отырыста судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту немесе тартпау туралы мәселені талқылау жөнінде Сот жюриіне ұсыныстар береді. Пленарлық отырыстың қандай да болса шешіміне қарамастан, заңдылықтың өрескел бұзылу фактілері бойынша барлық материал тексеру үшін Сот жюриіне жіберіледі. Қазіргі кезде тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы шешімдерді Жоғарғы Соттың және облыстық соттардың пленарлық отырыстары қабылдайды, нәтижесінде іс жүзінде Сот жюриіне осындай заң бұзу дерегінің азғантай ғана бөлігі қарауға түседі (25%-ы ғана). Тәртіптік істер бойынша жүктеменің ұлғаюы мүмкін деген болжамға байланысты Конституциялық заң жобасымен Сот жюриінің құрамын 9-дан 15 мүшеге дейін ұлғайту қарастырылған, оған 13 судья, сондай-ақ кеңесші дауыс беру құқығы бар заңгерлер қауымының 2 өкілі енеді», - деді сенатор Нұрлан Бекназаров.
Түзетулердің екінші бағыты сот төрелігінің сапасы жөніндегі Комиссияның ұйымдастырылуы мен қызметінің тәртібін өзгертуді қамтиды. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Сот төрелігінің сапасы жөніндегі Комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүзеге асырып келген өлшемшарттар қатарынан бірнеше талаптар, оның ішінде «адамгершілік қасиеттері» өлшемшарты алынып тасталады. Себебі ол бойынша бағалауды Сот жюриі, судья әдебі жөніндегі комиссия және пленарлық отырыстары да жүзеге асырады. Іс жүзінде бұл тәртіп бойынша судья бағалаудан қайталанып өтіп отырған.
«Конституциялық заң жобасы бойынша судьяның кәсіби қызметін бағалауды қолданыстағы нормаларда қарастырылғандай бір жылдық қызметінің нәтижелері бойынша емес, алғашқы үш жылдық нәтиже бойынша жүргізу ұсынылады. Өйткені судьялар 1 жыл ішінде олардың кәсіби біліктіліктілігін толыққанды бағалау үшін жеткілікті көлемде істерді қарап, тиісті тәжірибе жинақтап үлгермейді. Бұдан бқлек, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияға қарау нәтижесі бойынша судьяны атқаратын лауазымына сәйкес деп тану туралы шешім шығару және оны Сот төрелігі Академиясының біліктілікті арттыру курстарына жолдауына қатысты өкілеттіктер берілуі ұсынылады. Бұл тетік судьялар корпусының сапасын арттыруды көздейді. Сонымен қатар, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімдері Жоғары Сот Кеңесімен қаралады. Өз кезегінде, Жоғары Сот Кеңесі олар бойынша тиісті шешімдер қабылдайды, атап айтқанда, судьяны атқаратын қызметінен босату немесе одан бас тарту туралы, судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы және тағы басқалар», - деді депутат.
Түзетулердің үшінші бағыты судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мәселелері ескеріп отыр. Конституциялық заң жобасында отставкадағы судьяларға өмір бойғы қамтылым төлемінің мөлшеріне қатысты түзетулер қаралған. Сонымен бірге, судьяның сот жюриіне жіберілгенге дейін барлық материалдармен танысу мүмкіндігін, сондай-ақ тәртіптік істі қарауға жеке өзінің немесе өкілінің қатысуы арқылы судьяның құқықтарын толыққанды қорғауға кепілдіктер беретін нормалармен толықтырылады.