Миды чиптеу: ақиқат пен қиял
Фото: ашық дереккөзден
Бірде бір көкеміз «біз көлік мінемін дегенше, жұрт бір-бір ұшақ мінетін шығар» деп еді. Әзіл-шыны аралас бұл сөздің астарына үңілсек, өзгелерден бірнеше мәрте артта қалып бара жатқандаймыз. «Ақшаң болмаса, өле беруіміз керек пе?» дейтін біз денсаулық саласына күмәнмен қараймыз. Тіс жұлдырудың өзіне апталап, айлап жақсы стоматолог іздейміз. Жанымыз тәтті. Дегенмен күмән мен күдік өз дегенін алмай қоймайды. Қош. Бізге «тіс жұлу» мұң болса, шетелдіктерге «миға чип орнату» қазіргінің жаңалығы.
Бірде бір көкеміз «біз көлік мінемін дегенше, жұрт бір-бір ұшақ мінетін шығар» деп еді. Әзіл-шыны аралас бұл сөздің астарына үңілсек, өзгелерден бірнеше мәрте артта қалып бара жатқандаймыз. «Ақшаң болмаса, өле беруіміз керек пе?» дейтін біз денсаулық саласына күмәнмен қараймыз. Тіс жұлдырудың өзіне апталап, айлап жақсы стоматолог іздейміз. Жанымыз тәтті. Дегенмен күмән мен күдік өз дегенін алмай қоймайды. Қош. Бізге «тіс жұлу» мұң болса, шетелдіктерге «миға чип орнату» қазіргінің жаңалығы.
Американдық миллиардер және кәсіпкер, SpaceX және Tesla-ның негізін қалаушы Илон Маск алғаш рет адамның миына Neuralink импланты салынғанын айтты. COVID-19-дан вакцина алу кезінде адамға чип салу жайлы түрлі қалжыңдар мен қорқынышты әңгімелер тарағаны есіңізде болар Мәселен, Билл Гейтс чиптер арқылы адамдардың қайда жүргенін бақылап отырады екен немесе чип орнату арқылы планетадағы адамдар санын азайтқысы келеді екен деген секілді әңгімелер желдей есті. Бірақ одан қаншалықты қорықсақ та, оны күлкіге айналдырсақ та, адамға чип орнатылды. Бұл жайлы миллиардер X әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
«Кеше Neuralink имплантын алғашқы адам алды және ол отадан соң қалпына жақсы келіп жатыр» деп жазды Илон Маск.
Былтыр маусымда Neuralink иесі оның компаниясы тетраплегиямен (жұлынның зақымдалғанынан толық немесе жартылай қол-аяғының сал болуы) қиналатын науқасқа чип орнатуды жоспарлап жатқанын айтты. Отаны FDA – АҚШ денсаулық сақтау агенттігінің рұқсатымен жасады. Neuralink ғалымдары компания сайтында еріктілерді клиникалық зерттеулерге қатысуға шақырған. Илон Маск адамдарға не үшін чип салғысы келеді? Бұл ғалымдағы жаңалық па әлде адамзат үшін қауіп пе?
Илон Масктің айтуынша, Телепатия өнімі (имплантты солай атаған) телефондар немесе компьютерлерді ойлау күші арқылы бағындыруға болады. Қазір көптеген құрылғылар, яки ақылды үй жүйесі телефон арқылы жұмыс істейтінін ескерсек, чипі бар адам шәйнек, шаңсорғыш немесе жарықты олар жайлы ойлап қана қоса алуы мүмкін.
Алайда қазір адамдар салыстырмалы түрде аз қозғалады, соның салдарынан да түрлі аурулар дамиды. Мұндай чип орнатылса, адам мүлдем қозғалмай қалмай ма? Миллиардердің айтуынша, мұндай чип ең алдымен қозғала алмайтын адамдарға арналған. Мәселен, жұлыны зақымдалғандықтан сал ауруына шалдыққан адамдар.
Илон Масктің ғалымдары адамға чипті алғаш болып орнатқан жоқ. 2023 жылы Precision Neuroscience компаниясы да осындай ота жасады. Алайда ол кезде имплантты ми тінінің бетіне енгізді. Ал Neuralink ғалымдары құрылғыны миға, 2 мм-дей тереңдікке салған.
Миллиардер Илон Маск негізін қалаған Neuralink компаниясы ми чипін орнатуға жаңа қатысушы іздейді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі X әлеуметтік желісінде хабарлама жасады.
Ақпарат бойынша, экспериментке қатысуға қолы мен аяғы сал болып, қалыпты қозғалыс қызметін жоғалтқан адам шақырылады. Кәсіпкердің өзі де экспериментке екінші ерікті іздейтінін хабарлады.
«Біздің «Телепатия» кибернетикалық ми имплантымыз телефон мен компьютерді ойларыңыздың күшімен басқаруға мүмкіндік береді» деп жазды кәсіпкер X әлеуметтік желісінде.
Айта кетсек, Neuralink 2016 жылдан бері жұмыс істейді және 2019 жылы Bluetooth арқылы ми сигналдарын жіберуге қабілетті құрылғысын таныстырды. 2021 жылы ғалымдар чипті жануарға орнатып көру сынағын сәтті аяқтады. 2023 жылдың қыркүйегінде компания имплантты сынау үшін экспериментке қатысушылар тарта бастады. Neuralink чиптің қауіпсіздігін және құрылғыны орнату үшін қолданылатын хирургиялық робот жұмысын сынап көргісі келді. Имплант 29 жастағы сал ауруына шалдыққан Ноланд Арбоға қондырылды. Жас жігіт чиптің көмегімен әкесімен ойын ойнап, Х желісінде жеке блогын ашты. Былай қарасаң, ғажайып секілді.
Қиялдан қазіргі сәтке оралайық. Алматыда ер адам миына чип орнатқан. Ол мұны үйінде кәдімгі бұрғы және басқа құралдар көмегімен өзі жасаған деседі.
Ер адам Алматыға Жаңасібірден жақында көшіп келгені айтылған. Ол YouTube-тан нейрохирургтердің жұмысы туралы бейнероликтерді сағаттап зерттеп, тіпті бес қойға тәжірибе жасап көрген. Кейін ер адам құрылыс дүкенінен бұрғы сатып алып, ойын іске асырған. Ол басын бұрғылап, терісін қағаз қыстырғыштармен бекітіп, миына электродты енгізген. Ер адамның айтуынша, операция кезінде хирургиялық тәжірибенің жоқтығынан бір литрге жуық қан жоғалтып, ғажайып түрде аман қалған.
– Саналы түс көруге имплант: тұжырымдама сыналды. Тарихта алғаш ұйқының REM фазасында түс көру және түс көргенде бастырылу кезіндегі ми мотор қыртысының тікелей электр стимуляциясын жасадық. Бұл нәтижелер болашақта саналы ұйқыны басқару технологиялары үшін керемет перспективалар ашады. Тәжірибенің құны қандай? Біздің жағдайда мұндай іргелі зерттеулер ешнәрсеге қарамастан және қателіктерге қарамастан жүзеге асырылуы мүмкін. Көп жыл бойы бюрократия немесе түрмеде отырмау үшін имплант маған салынды. Екі нейрохирургия болды. Мен бірнеше рет өлім аузында болдым. 5 апта апта бойы антибиотиктер іштім. Жарты жыл уақытым кетті. Миллиондаған шығындар. Мүгедек десем де болады және өмірге әсер еткен салдар. Мен мұның барлығынан саналы түрде өттім, сондықтан мен бақыттымын, – дейді ол.
Ер адам мұның бәрін бір мақсатпен жасаған. Ол электрод мидың қозғалтқыш қыртысын ынталандыру арқылы оған түстерді басқаруға көмектесетініне сенімді. Ол бұл тақырыпты ұзақ уақыт зерттеп жүргенін және бір жарым жылдан бері имплант орнату үшін нейрохирургтерге жүгінуді жоспарлағанын, бірақ «қылмыстық тәуекелдер мен басқа да белгілі жағдайларға» байланысты бәрі сәтсіз аяқталғанын айтады.
Оксфорд университетінің кеңесшісі нейрохирург Алекс Грин операция туралы естіп жағасын ұстағандай болды. Неге деймісіз? Әлгің операция кезінде өліп немесе инсульт алуы, енді эпилепсияға шалдығу қаупі болуы мүмкін екенін айтады. Сол үшін мамандар бұлай еліктеушілік жасап, өз бетінше миға чип орнатпау керек екенін ескертеді.
Миға чип орнату біреуге – қиял. Біреуіне – ақиқат. Енді біріне – фанатизмдік сана қалыптастыруда. Алдағы уақыттың еншісіне қалдыра берсек, әлгінде айтқан көкеміздің көлік аламын дегенінше біз де қартайып қалатын секілдіміз. Өзгелердің технологиясы озық. Тіпті Марста өмір сүрудің жайын күйттеп әлек. Біз ше?
Айнұр ӘЛИ