Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырлардан жеткен жәдігер

Ғасырлардан жеткен жәдігер

Қазалы ауданы атақты адамдарымен танымал. Мұнда сонау жаугершілік уақытта атқа қонып, ел қорғаған Жанқожа батырдың пірі Дәрменқұл ишан да өмір сүрген. Ол Мүсірәлі сопының ұрпағы. Батыр осындай тектен тараған рухани қолдаушысына ерекше сенім артқан. Сыр жұртының хас батыры оған сыйлаған қылышы бүгіндері Алға ауылдық округінің «Орынбет ишан» мешітінің имамы Ғабдулла Иниятұлында сақтаулы дегенді естігеннен баруға бел будым.
Әңгіме желісі былай – Дәрменқұлдың ұлы Бөжек дін жолында болмаған көбінесе орыс пен екі ортада дипломатиялық қарым қатынаста жүрген. Білімге жақын болғаны соншалық 4-5 тіл меңгерген. Оның ізінде сол замандағы қызыл әскер адамдары жүрген. Сондықтан да Бөжек әр қадамын аңдап басқан деп әңгіме ауанын бастады Ғабдулла имам. Қолындағы суретке түсіріліп, қағаз бетіне түсірілген көне хатқа меңзеп: «Мәтіні араб тілінен орыстың көне кириллицасына аударылған. Оқи аласың ба?» деген ишарат білдірді. Маған қызықты болғандықтан шамамды байқауды жөн көрдім. Жалма-жан барымды салып, көз жүгіртіп ем, ежіктеп қалдым. Бұл құлшынысымнан түк шықпайтынын байқап, әрі қарай өзі таныстырып шықты.
«Бұл Дәрменқұл ишанға жолданған ең бағалы дерек. Мәтіні – Повелитель присвоен Мухаммед падишах (Мұхаммед Амин шах) Бог вечен. Усердному и преданному Дарменкул кази» деп қазақшаға тәржімалады.
–Құдай мәңгілік. Құдайға шын берілген ислам дінінің қазиы Дәрменқұл. Сен біз жаққа қоныс аудар. Мен үміт етемін. Алланың үкімімен Уайснияздың қорғанын тікейтіп, оның орнына тура жолдағы адамды қоямын. Осы хат қолыңызға тисе, батырыңды ертіп бері қарай кел. Біз әрі қарай Уайснияздың орнына мұсылмандарға зиянын тигізбейтін адамды қоямын, – деген мәтінде 1849 жылы жіберілген. Осы хатты Хиуаның елшісі әкеле жатқанында орыстың барлаушысы ұстап алады. Сосын татар тілмашына орысшаға аудартып, құпияда ұстаған. Өйткені Жанқожа батырдың көшкені оларға тиімді болмайды. орыстар бабаны өзіміздің бақылаудан шығармауымыз тиіс деп шешеді. Бұдан кейін орыстың агенттері Дәрменқұл ишанға қатысты рапорт жазып, оны аңдуды тіптен күшейтеді. Сол жазбаның ішінде Дәрменқұл ишанның басқаруында 150 үй мен 6000 қой барлығы көрсетілген. Бөжек әкесі Дәрменқұл ишанға үш түйе тарту еткенін де қағазға түсірген. Қай жерде қоныстанғанына дейін нақты жазылған. Сол кезде осы Мұхаммед падишахтың тартуы есебінде берілген сыйдың бірі – қылышы еді, – деді тарихи әулет ұрпағы Ғабдулла аға.
Оның айтуынша, ұзындығы 1 метрдей, салмағы 3-4 келідей болатын темір қылыш орыс фабрикасында соғылған. Қай жылы жасалғаны көрінбейді. Бірақ нақты құжаттағы жазба бойынша болжағанда 1843 жылы сыйға берілген. Аталған қылыштың тарихы былай болған.
1847 жылы Хиуа ханынан Жанқожа бабаға елші келген. Олар сол заманда сыйымен бірге жолданатын болған. Арнайы хатпен сыйды алған баба, оның мәтінімен танысады. Онда орыстардың бекіністі шетінен тұрғызып, біртіндеп күш қолданатындығына күмән туғандығын жеткізеді. «Бұл жәймендеп бізді жаулаудың әдісі. Негізі сенің жеріңнен бастап, кіргізбеу қажет. Мұсылманбыз. Ұранымыз бір. Бүгін сені алса, ертең бізді алады. Мынау біздің тарту-таралғымыз. Осы Сыр бойының батырысың. Сенің сөзіңе елің тоқтап, сарбаздар артыңнан ереді. Сондықтан орыстарға қарсы бірігіп, соғыс ашайық. Сен бірінші шабуыл жасасаң, артынша біз де келіп, қырып саламыз» деген сөздер түскендігін көрген Жанқожа батыр іштей күмәнданып, алдымен өзінің пірі Дәрменқұл ишанмен ақылдасу қажеттігіне тоқталады. Келген жаушыға кеңесіп, жауабын өзі беретіндігін айтады.
Сөйтіп Дәрменқұл ишанды шақыртуға адам жібереді. Жанқожа баба Дәрменқұл ишанды күтіп алып, бар мән-жайды түсіндіреді. Ишан сол заматта қасиетті кітабын ашады. «Тақсыр бұл сарттар баяғыда да бізге сатқындық жасаған. Бұларға сенуге болмайды. Кітап дұрыс айтып тұрған жоқ. Олар орыстармен келісіп келіп отыр. Орыстармен біз соғысып жатқанымызда олар ту сыртымыздан шабады. Жалпы бізді даладан жоқ қылуды көздеп тұр. Бұларға сенбе! Оларға: «Әзір соғыс аша алмаймыз. Он күн, не 1 ай көлемінде адам жинай алмаймын. Көшпенді халық болған соң әскерімнің алды батыс жақта. Сондықтан қол жинау үшін 5-6 ай қажет. Қару-жарақ, ат-әбзел дайындауға да уақыт керек. Әзір батырларымның басын қоса алмаймын. Хабар өзімнен болады» деген уәжін білдіруді ескертеді. Бұл шешімді естіген хиуалық елші Жанқожа бабаға сый-сияпатын табыстап еліне аттанады. Батыр тарту-таралғымен келген екі қылыштың бірін ишанға ұсынады.
– Сен қай уақытта да маған жол сілтеп отыратын ақыл-кеңесшімсің. Батагөй пірім, ақылгөй қазисың ризашылықпен осы қылыштың бірін өзіңе сыйлаймын, – деп Жанқожа батыр Дәрменқұл ишанға берген дейді әңгіме барысында Ғабдулла Иниятұлы.
Жаугершілік кезде дін жолында жүргендер де шайқасудың әдіс-тәсілдерін жақсы меңгерген. Одан соң оның 11 баласының бірі – Орынбет ишанға өткен. Орынбет ишан дін жағынан өте мықты болған. Орынбет ишан Асан Матығұлдардың ортасында атақты көріпкел, перизат оқуларын да толық меңгерген табиб емші болған. Дәрменқұл ишан балаларының ілім жағынан ең атақтысы. Үш жерде мешіт ашып, елді сауаттандырған. Одан Балымбетке берілген. Бұл қылыш Асандар көтерілісінде де қолданылған. Кейіннен қызыл әскердің қудалауына ұшырағанда Дәметкен әжелері төркіндеріне берген. Олар қауіп-қатерге ұшырамау жолында біраз дүниенің көзін жойып, өртеген. Дегенмен бұл аманатты сақтап қалу мақсатында қылышты ортасынан бөліп, құпия жерге көмген. Сол аласапыран уақытта қынабы жоғалып кеткен. Кәден атамыз 1878-1950 жылдары өмір сүрген. Оның ұлы Ізат, Ізат ұлы Иният, Инияттың жалғасы Ғабдулла имам. Имамның айтуынша, негізгі тамыры Әбжел мақсымнан тарайды.
Дәрменқұл ишан жайлы аңыз әңгіме көп. Сол заманда Жанқожа баба оны жанынан қалдырмаған. Себебі оның сөзі өтімді. Кесімді шешім айта білген. Ол бір ауыз сөзбен-ақ тоқтамға келтіретін болған. Бірде екі рудың жұрты құдыққа таласады. Сонда 30 үйлі екінші жақ су алуға рұқсат етпепті. Өткен-кеткенге де бір тамшы татырмайды екен. Басына қарауыл да қойған деседі. Олар Жанқожа батырдың ақылына да құлақ аспайды. Тоқтамға Дәрменқұл ишан көндірер деген оймен оны сол тайпаға ертіп келеді. Сонда жаңағы құдыққа билік құрып тұрған кісі: «Енді маған басына орамал таққан қатынды әкелдің бе? Біздің ауылда ақ орамалды әйелдер тартады» деп кеміткен. Ол шақта ишандар ақ сәлде тартатындығын меңзеген. Еш сөз айтпаған Дәрменқұл ишан Жанқожа бабаға кеттік деген ишарат білдіреді де, орнынан атып тұрып: «Тәкапарлық қылдың ғой. Сенің ертең түндігің ашылмасын!» деп өз жөнімен кетіпті. Ертеңіне Жанқожа батыр алаңдап қарайды. Ана ауылдағы бір қарашаның түтіні шықпайды. Сөйтсе кешегі дауласқан адамның үй-іші жан тәсілім еткен. Сонда:
– Әй, кеше ишаныма тіл тигізіп еді, – деп мұңайған екен. Осы қайғылы оқиғадан кейін ауыл адамдары құдықты ортақ қолданысқа беріпті-мыс.
Тағы бір халық арасындағы әңгімеде Дәрменқұл ишан дауласқандарды татуластыруға жолға шығып кетеді. Осы аралықта ауылға жау келеді. Жанқожа баба әскер басымен жекпе-жек шығатын болады. Бұл мезетте ишан да ауылға жетеді. Батырды сұраса, халық жауға шауып кеткенін жеткізеді. Мұны естіген Дәрменқұл ишан Жанқожа батырдың артынан қуады. Ол жетіп барып, жекпе-жектің ортасынан кесіп өтеді де, атынан ұстап сүйреп әкетеді. Түкке түсінбеген баба: «Ау, пірім, неліктен бұлай еттің?» деп аңтарылады.
– Сенің иығыңдағы отың жанбай қалды. Қазір шаппа, әйтпесе жантәсілім етесің. Отыр, – деп отырғызып қояды да дұға қылады.
– Енді бара бер. Енді сені ешкім тоқтата алмайды, – дейді. Содан барып, Аймұхамедті байлап алады. Кейін Аймұхамедтің өзі де «Жан-жағым қап-қара болып кетті. Бір қарасам батырдың астында жатыр екенмін» деген дейді Ғабдулла имам.
Бір ғасыр жетпіс жылда жойылмаған қару жайлы халық енді хабардар етілуде. Бүгінде ұрпақтан-ұрпаққа үш ғасырды өткерген көненің көзі сол заманның аузы дуалы, көзі қарақты рухани қолбасшысының үрім бұтағы – Түктібаев ауылының тұрғыны Ғабдулла Іззаттың шаңырағында сақтаулы.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

24 ақпан 2024 ж. 249 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031