Темір тор педофилді түзей ме?
ФОТО
Қаланы білмеймін. Әйтеуір ауылда тынымсыз тіршіліктің куәсі болып өстік. Әке-шешеміз бақшаға еккен қияр-қызанағын ұрлап әкетіп көшеде сататынбыз. Тапқан пайдаға қораз кәмпит алатынбыз. Түрлі ойынға беріліп, алаңсыз қызыққа бататынбыз. Көрші үйлерді аралап, өзгеде жоқ көкжәшікке телміре қарап жататынбыз. «Бала қайда? Бала пәленшенің үйінде». Шаңға аунап, қуаласпақ ойнап әбден шаршаған соң түн ауа қайтатынбыз. Қазір ше? Қазір баланың бұлай емін-еркін жүргенін көрмейміз. Тіпті кей ата-ана баласын іргедегі дүкенге жұмсауға қорқады. Не үшін? Айтуға аузың, жазуға қолың бармайды...
Бұл әңгімелерді неге айтып отыр дейсіз ғой. Ел ішінде қаулаған әңгіме жүр. Жай жүрген жоқ, балалардың өміріне алаңдаушылық туындатып отыр. Кеше көшеге баласын ойнауға жіберген тұрғындар, бүгін баласын қамауда ұстауға мәжбүр. Қалай дегенмен бүгіншіл емес, болашақты ойлайтын елміз. Бұрын баққан әжемізді ұйықтатып, тапа-тал түсте ойын қуалап кететінбіз. Сол кеткеннен түн бата бір-ақ ораламыз. Бізді іздеп сенделген үйдегілер бір рет қалпағымызды қайырып алады. Бірақ ертеңі сол тірлікті тағы жасаймыз. Үлкендер тек «Танымайтын адам кәмпит беріп шақырса, барма» деп құлағымызға құятын. Интернет болмаған соң ба, сұмдық жайттар жайында білмейтінбіз. Алаңсыз ойнап, алаңсыз көше кезген шақ еді. Ол кезде жарық уақытпен жанады. Білте шамның жарығына сабақ оқып, көз майымызды тауыстық. Теледидар дегенің бір көшеде бір үйде болатын. Ауыл арасында «пәленшенің баласы қайнаған суға күйіп қалыпты» не «түгеншенің баласы құдыққа түсіп кетіпті» дегенді естуші едік. Естиміз де бірнеше күн «в шоке» жүреміз. Одан бертін келе өз-өзіне қол жұмсау дегенің шықты. Әсіресе мектеп оқушыларының арасында белгісіз себептермен өлуі жайында ауылдың өзі шулай бастады. Ғаламтор деген пайда болды. Е, Н+ ұстаса да агент деген дүниенің тұңғиығына баттық. Таныстық, байланыс, әңгіме көбейді. Бәленің бастауы да агенттен болды. Танымайтын адаммен кездескен қыз сол адамнан зәбір көрді. Жоғалу, қашып кету секілді нәрселер көбейе бастады. Бертін келе интернет қолжетімділікке ие болдық. Осы сәттен бастап «зорлап кетті, тонап кетті, өлтіріп кетті» деген жаңалықтың ортасына топ ете қалдық. Педофил дегенді сол кезде көріп, сол кезде жағамызды ұстай бастадық. Кейде балалық шағымызда қалай алаңсыз, қорықпай ойын қуып жүрдік екен деген ой мазалайды. Әйтпесе мұндай қорқынышты жайттар сол кезде де болды емес пе? Тек біздің құлаққа жете бермеді. Анамыздың «өзгеден кәмпит алма» дегенін осы кездері ұға бастағандаймыз. Қазір баланы ойнауға жібермек түгілі мектептен жалғыз қайтуының өзі қорқынышты секілді. Апарып тастаймыз, алып келеміз. Тіпті дүкенге жұмсауға да жүрексінеміз. Неге? Өйткені айнала қорғансыз. Қай жерден қандай қауіп келетінінен хабарымыз жоқ. Қорқыныш көп бізде. Оның үстіне соңғы уақыттағы келеңсіз жайттар мен орын алған оқиғалар ата-анаға үрей туғызуда.
Бір дерт бар...
Бірде Абылай хан түс көріпті. Түсінде ұрпағы бақа-шаянға айналыпты. Бұл жәндіктердің туысы да, «адамгершілігі» де жоқ. Тіптi баласын жеуден тайынбайды. Оның көрген түсі бүгінде шындыққа айналғандай. Бақа-шаянның кейпіне енбегенде енді неміз қалды? Одан қандай айырмашылығымыз бар? Тектілігін сақтаған, жеті атаны құрметтеген елдің ұрпағы өзгеден көргенін, ойына келгенін істеуде. «Мың дерт болса, соған мың бір дауа беремін» дейді. Ал біз әлі де Тәңір берген шипа мен дауаны таппай жүрміз. Қазақ бұрын «балам – болашағым» дейтін, қазір бала көрсе нәпсісін тимаған көп. Қариясы мен баласын жылатпаған ел едік қой. Енді педофилизм деген дерт жүр арамызда. Нәпсінің құлақ кесті құлына айналған, адамшылдық қасиеттен айрылып, хайуаннан да төмен деңгейге түскен «педофил» қайдан шығады?
Педофилия – ауру. Олар лайт және хард педофил болып екіге бөлінеді. Мамандар мұның біріншісінде қауіп жоқ екенін айтады. Десе де олардың басым бөлігін жүйкесі бұзылған, өмірде көп қорлық көрген адамдар құрайды. Олар санасындағы қиялын ешқашан жүзеге асырмайды. Ең қауіптісі – хард педофильдер. Олар өздерінің нені қалайтынын жақсы біледі, әрі бәрін алдын ала ойластырып, жоспарын жүзеге асырады. Қош. Алаш ұрпағының түсінігінде жоқ «педофил» деген дертке шалдыққан делқұлының кесірінен қанша баланың тағдыры тас-талқан болуда. Бәлкім ауру шығар. Бірақ оны дертінен айықтыра алмасақ, не тиісті қатаң жазасын бермесек нені көксеп әлекпіз? Бейкүнә сәбидің бүршік жармай солуы – ел үшін үлкен трагедия, ата-ана үшін ауыр қасірет емес пе?
Күнделікті ақпарат ағынын қарасаңыз мұндай қылмыстың талайын көресіз. Адам азды ма, қоғам тозды ма? Жаға ұстататын жайттардың жиілеп кеткеніне ата-аналар қатты алаңдаулы. Үрей құшағында өмір сүрген халықтың көңіліндегі күмәнді кім сейілтеді? Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің дәрменсіздігі мен еліміздегі психолог мамандардың тапшылығы тығырыққа тірейтін секілді.
– Педофилия – психикалық ауытқушылық, психикалық ауру. Дегенмен әр аурудың емі бар. Ұлттық код – ең алдымен тілде, содан кейін дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ұлт мәдениетінде, ата-бабамыздың ұрпақтарына аманаттап кеткен тәрбиесінде. Өткен тарихымызда мін жоқ. Қазақ атам ұрпағының бойына ізгілік пен қарапайымдылықты сіңіре отырып, намыс пен рухани байлыққа тәрбиелеген. Алайда аузынан ана сүті кетпеген бүлдіршіндердің өміріне балта шауып жатқандардың ісін ешкім жоққа шығара алмайды. Мейлі, мұны ауру дейміз бе, әлде басқа дейміз бе. Мұнан құтқарар жол тек – ұлттық кодымызды сақтай отырып, ұлттық рухымызды көтеру, – дейді психологтар.
Бұл дерт басқа мемлекеттерде жиі тіркеледі. Мұндай қылмыскерді жазалаудың тиімді тәсілін іске асырып жатқан елдер бар. Химиялық жолмен жазалау әдісі АҚШ, Канада, Швеция, Польша сынды мемлекеттерде қолға алынған. Яғни «химиялық сүндеттеу» әдісі қолданылады. Бізде ше? Бүгінге дейін қоғамдық қатынастарды реттейтін заң нормалары осал болды. Не өзгерді? Осыдан бірнеше жыл бұрын Президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шарасын қатаңдату жөнінде Парламентке және Үкіметке тапсырмалар жүктеді. Тіпті Парламент сенатының депутаты «Қазақстандағы әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық жасаған тұлғалар өлім жазасына кесілу керек» деп мәлімдеме жасады. Дегенмен қазір бізде өлім жазасына кесу деген жоқ. Тек өмір бойына бас бостандығынан айырыла алады.
Айтуға ауыз бармас,
жазуға да оңай емес...
Белді қызметте жүргендеріңнің өзі балаға көз алартты дегенді естіп шошып жатырмыз. Әлеуметтік желіде желдей ескен мұндай хабарламалар бала түгіл үлкендерге де соққы болып тиюде. Біз өзі қайда бара жатырмыз? Қызығы сондай қылмыскерлерді жақтап, бала жала жауып отыр дегенді жазатындар көбейіпті. «Болашағымызды» ойыншыққа айналдырған қоғам демей немене? Енді интернетті ашсаң, елде орын алған оқиғаларда шек жоқ. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында бес жасар бүлдіршінді зорлады деп айыпталған азамат өмір бақи бас бостандығынан айырылды. Ал кішкентай қыздың денесін жансыздандыру үшін ине салған оның әйелі 22 жылға сотталды. Бес жасар қызды 62 жастағы азамат үйіне кіргізіп алып, ерлі-зайыпты көршілерімен кішкентай қызға зорлық көрсеткен болатын. Көршісінің жұбайы бүлдіршіннің денесіне жансыздандыратын ине салған. Одан кейін екі ер адам оны қорлаған. Полицейлер педофилдерді пәтерден тауып, далаға әрең алып шыққан. Себебі ашуға булыққан қала тұрғындары күдіктілерді өз бетімен жазалауды сұрап, қаланың астаң-кестеңін шығарып, полицейлердің көлігін өртеген болатын. Одан кейін 62 жастағы айыпталғанның бірі тергеу изоляторында жіпке ілініп қалған еді.
7 желтоқсанда әлеуметтік желіде Қызылорда облысында дене шынықтыру мұғалімі педофил күдігіне ілініп, тергеу изоляторына қамалғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл ақпаратқа қатысты облыстық білім басқармасы түсініктеме берді. Жақында орын алған Түркістан облысындағы бүлдіршіннің азапты өлімі, нағашы әжесінің көңілдесі зорлаған 3 жастағы егіз қыз жайы тағы бар. Бұл бірер ғана мысал. Мұндай жайттың бірнешеуі бірінен соң бірі тарап жатыр. Жіпке тізуге келмес. Бастысы көпшілік хабардар.
– Қазір балаларымызды мектепке апарып, өзіміз алып қайтамыз. Күннен күнге түрлі дүниені естіп жағамызды ұстап отырмыз. Жақында ғана осы Қазалы қаласындағы мектеп жанында бір күдікті жүр дегенді естіп едік. Ұстаздар да баланы өздеріңіз әкеліп, күтіп, алып кетіңіздер деп жатыр ғой. Оңай заман болмай тұр. Өткенде келеңсіз оқиға орын алып еді. Жүйткіген көліктен де қорқып қалдық. Ессіз айдайды. Не болғанымен де жазаны, заңды күшейту қажет. Балаларымыздың болашағына алаңдаймыз, – дейді қазалылық ана Гүлнұр Тілепова.
Кастрация көмектесе ме?
Қазақстанда кәмелет жасына толмағандарға жасалған әр 5 қылмыстың 2-уі сексуалдық зорлық-зомбылыққа қатысты болып шығады. Қоғам белсенділерінің айтуынша, ондай қылмыстардың жартысы немесе одан да көбі баланың жақын туыстары тарапынан жасалады. Ranking.kz таратқан мәліметке сүйенсек, биыл қаңтар айында елде кәмелетке толмағандарға қатысты 227 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, бұл өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 32 процент көп. Көбіне кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар жеке адамға қарсы жасалған 137 іс 2022 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 18,1 процент көп.
Осындайда заңды сауал қойылады. Кастрацияның көмектесетініне күмән бар ма? Қазақстан өзге елдерде бұрыннан қолданылып келе жатқан, сотталып шыққан педофилдерге білезік беріп, олардың не істеп жүргенін бақылауға алатын тәжірибені де қолданысқа енгізді. Электронды білезікті бүлдірген жазасын өтеушілер жауапқа тартылады. Жауапты органдар осылайша олардың әр басқан қадамын қадағалап отырамыз дейді. Қазір түрмелерде кәмелетке толмағандарға қол салған 2 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр екен. 330 педофилге электронды білезік кигізу үшін бюджеттен 356 миллион теңге бөлінген. Құны қымбат құрылғы қылмысты тежей ме? Орын алған оқиғаларды сараласақ, бірнеше жылдан соң жазасын өтеп келген қылмыскердің сол қылмысты қайта жасағаны кездеседі. Өзіңіз бағамдап көріңіз.
Ал әлемде түрлі тәжірибе бар. Мәселен, Мысыр мен Иранда азғындар көпшіліктің көз алдында атылады немесе дарға асылады. Солтүстік Кореяда педофилді өз құрбаны өлтіреді. Кінәліге ату жазасы белгіленеді, ал зорланған бала сол ату тобының құрамына кіреді. Сауд Арабия, Латын Америка, Иракта да педофилдер өмірімен қош айтысады.
Кешегі Қасым, Есім, Тәуке хандардың заманында болса мұндайлардың жазасын мықтап берер ме еді? Ел болып бетіне түкіріп, тоқсан ру тас атып халықтық жаза қолданар ма еді? Өзгеге сабақ болсын дейтін. Бірақ... «Болашағымызды» қашанғы қорлатпақпыз? Өзгелерге қашан сабақ етеміз?
Айнұр ӘЛИ