Тұрғындар тоқсандық есепті тыңдады
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тоқсан сайынғы тұрғындармен кездесуі басталды. Сәрсенбінің сәтінде аудан әкісі Мұхтар Оразбаев Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылдарының тұрғындарымен жүздесті. Онда жиылғандар қарасы қалың болды. Аудан басшысының жыл бойғы атқарған жұмысының нәтижесін мұқият тыңдаған ауыл адамдары өздерінің де мұң-мұқтажын жеткізді.
Есептік жиынды ең әуелі Басықара ауылынан бастаған Мұхтар Әуесұлы басықаралықтарды Қызылорда облысының 85 жылдығы және Қазалы ауданының 95 жылдығымен құттықтады. Сөз барысында өткен аптада ауданда ұйымдастырылған ауқымды іс-шараның жоғары деңгейде өткенін тілге тиек еттті. Салтанатты кеште атсалысқан қазалылықтардың ауыз біршілігіне алғаусыз алғысын білдірді. Ел ішінде орын алып жатқан жағымды жаңалықтармен бөлісіп, тұрғындардың ұсынысына сәйкес шешімін тауып жатқан мәселелер де айтылды.
– Ең басты мәселе жылды қорытындылау қажет. Егісті де жақында сәтімен аяқтадық. Біздегі ай сайынғы әлеуметтік-экономикалық даму қадағаланып тұрады. Соның төңірегінде 7 көрсеткіш бойынша қаржыны игеру ретімен орындалуда. Мәселен, үш ауылда амбулатория нысаны салынып жатыр. Кенттегі мектептің аяқталуына да шамалы қалды. Оны да көп ұзамай пайдалануға береміз. Кешегі көтерген мәселелеріңіз назарда ұсталуда. Енді ауылдық әкімшілікті көгілдір отынға қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Аудан басшысы алдағы есеп кезеңінде де бірқатар шаруа атқарылатынына көз жеткізді. Сонымен бірге "Ауыл аманаты" жобасына қанша құжаттар қабылданғандығын сұрады.
– Ауыл халқының тұрмысын арттыру мақсатында ауданда "Ауыл аманаты" жобасы қолға алынған. Қазір аудан бойынша 23 жоба қаржыландырылған. Қалған 58 жобаның құжаттары дайын. Басықара ауылынан 1 жоба ұсынылған, – деді Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Сапарбек Қуатов.
Бұл ақпаратқа қанағаттанбаған Мұхтар Әуесұлы 1 жобаға ғана құжат ұсыну төмен көрсеткішті байқататынына наразылығын білдірді. Оның айтуынша, аталған жоба басықаралықтарға мол мүмкіндік береді. Мемлекеттен қолдау көрсетіліп тұр. Мұнда өнім өндіріп-өңдеуге басымдық берілуде. Шағын монша мен техникалық жөндеу орталықтары мен авто жуу орындарын ашуға да болады. Осылардың барлығы ауылға қажет дүниелер. Ал бір жоба көңілді көншітпейтіндігін және бұлай іс алға баспайтындығына тоқталды.
– Жеңілдетілген несиені 5-7 жылда қайтара аласыздар. Ауыл әкімдері мен ауыл шаруашылығы бөлімі бірлесе жұмыс істеу керек. Ауылдардағы басты кедергі кепілдікке қоятын үйлердің жарамауы. Дегенмен Әйтеке би кентінен, не болмаса Қазалы қаласынан үй болса, қоюға болады. Неліктен 1500 адамның ешқайсысы кәсіппен айналысқысы келмейді. Бәлкім насихат пен түсіндірме жұмыстарында салғырттық бар. Кепіл нысанының бағалауы аз болса, 8 болмаса 5 миллион қаражат алу міндетті емес. Шамаға қарай 1 миллион да алуға болады. Жұмыссыз дейміз, сондықтан жастарды қолдау қажет. Мемлекеттің ауылға берген мүмкіндігінен құр алақан қалмайық. Ауыл әкімімен жұмыс істелмей, бірде-бір жоба қаржыландырылмаса, шара көріледі. Мүмкін емес, бір жобамен шектеліп қалу. Кемі 10 жоба ұсынылып, жүзеге асырылуы тиіс. Ешкім 2,5 процентпен несие 5 жылға бермейді. Ауыл әкімі де, тиісті бөлім де мұнымен айналыспағансыздар және бақылауға алмағансыздар. Көршілес жатқан Ақтөбе облысы 19 миллиард қаржыны игеруде. Қызылорда облысына бөлінген 3 миллиардттан Қазалы ауданы тек 200-ден аса миллион ақшаны осы уақытқа дейін игерген. Жалпы аудан 500 миллионға дейін қаржыны оңтайлы қолдану қажет еді. Өкінішке орай, түсіндіру шаралары төмен болған. Ұсыныс берген ауыл тұрғындарына құжат әзірлеуге қолдау көрсетіңіздер, – деді Мұхтар Оразбаев.
Ауылдық клубтағы басқосуда елді мекен жұрты да бірқатар түйткілді алға тартты. Атап айтсақ, көпшілік округ ішіндегі жолдар, су ұңғымасын қазу, балабақша, дәрігерлік амбулатория және жарық жайын ортаға салды. Аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, сұрақтарға толыққанды жауап берді.
Тұрғындармен кездесу мұнан соң Құмжиек пен Қарашеңгел ауылдарында жалғасын тапты. Мұхтар Әуесұлы жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етіп, ұсыныс-пікірлерге құлақ түрді. Қос ауыл тұрғындарының ұсынысына мән берген Мұхтар Әуесұлы барлығына тұшымды жауап берді. Халықтың айтқан әрбір өтінішін үнемі назарда ұстап, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар ол елді мекендерге сапары кезінде жеке қабылдауға жазылған азаматтарды да қабылдап, уәждерін тыңдады.
Айта кеткен жөн, халықпен кездесуге аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық мәслихат депутаты Әділбек Сарабеков және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Есептік кездесу осы күні түстен кейін Сарыкөл мен Ғ.Мұратбаев ауылдық округтерінде жалғасты. Ең әуелі дарияның арғы бетіндегі Абай ауылының халқымен жүздескен аудан басшысы жыл басынан бері атқарылып келе жатқан жұмыстарды қысқаша баяндап берді. Ол алдағы атқарылатын жоспарлармен де бөлісті.
Мұхтар Оразбаевты мұқият тыңдаған абайлықтар өздерін мазалап жүрген қалқымалы көпір мәселесі қалай шешілетіндігін сұрады. Өзекті сауалға Мұхтар Әуесұлы тиісті шаралар қолға алынып жатқанын айтып, барлығы кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Бұдан оң аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың ресми басқосуы Ғ.Мұратбаев ауылына баруымен аяқталды. Ауылдық клубтағы жиында Мұхтар Әуесұлы ел ішіндегі жүйелі жүргізілген жұмыстарға тоқталып, келер күннің еншісіндегі мақсат-міндеттерді жеткізді. Ауыл халқының ұсыныс-пікірлеріне мән берді.
Келелі кездесу барысында ауыл тұрғындары оларға білім ошағы мен балабақша қажет екенін және электр желілерін жаңарту, жайылымдық жерлердің мәселесі мен төрт түліктің кенеден арылу жолдарына ықпалын етуін сұрады. Себебі бұл күндері кене ең басты, әрі қауіпті ауру таратқыш зиянкес жәндіктің бірі.
Аудан басшысы көпшілікке барлығын жіті түсіндіріп, сауалдарға қатысты тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді. Мұхтар Оразбаев халықпен кездесуден бөлек, Абай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен де танысты. Мердігер мекеме мамандарына жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарап, уақытында аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар құрылысы жүріп жатқан көгілдір отынның жайына қанығып, желілерді тарататын құрылығының орналасатын орнын пысықтады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА