Халық қалаулысы құрылыс барысын көріп, Қазалылық дәрігерлермен кездесті
Ауданға сапарында Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы әлеуметтік осал топтарға берілетін тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.
Тұрғын үйлерді аралап көрген фракция мүшесі сапасына мән беру қажет екенін айтып, ұдайы бақылауда ұстау керектігін жеткізді. Сондай-ақ халық қалаулысына аудан бойынша алда жоспарланған және қазіргі таңда салынып жатқан құрылыстар бойынша аудандық құрылыс сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев баяндады.
Айта кетейік, биыл ауданда апатты жағдайда деп танылған 1 мектептің мәселесі шешілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп бой көтермек. Мұнан бөлек, ұлттық жоба аясында кент пен қала ортасынан 600 орындық білім ошағының іргетасы қаланады.Сонымен бірге Кәукей ауылында 100 орындық клуб іске қосылатын болады.
Мұнан соң фракция мүшесі қазалылық дәрігерлермен кездесіп, медициналық қызметтің қолжетімділігі мәселесін талқылады.
Жиында халық қалаулысы, бүгінде еліміз бойынша медицина саласы жоғары деңгейде дамып, қазір соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған емханалар халыққа қажетті ем-дом жасай алатындығын және үнемі тәжірибелерін жетілдіріп жүрген ақ халаттылардың да біліктілігі артып келе жатқандығын айтты.
Ал басқосуда сөз алған ақ халаттылар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша ұсыныстарымен бөлісті.
Барлық дәрігерлердің ұсыныстармен мұқият танысқан Мархабат Жайымбетұлы түсіндірме жасап, бұл бағыттарда тиісті жұмыстар жасалатындығын атап өтті.
#AMANAT