Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану бойынша ең алғашқы өтініш қабылданды
Маңғыстау облысында бір жарым мыңға жуық тұрғын соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш берген. Өтініштерді беру шарттары мен алғашқы қорытындылары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде жарияланды, - деп жазды aikyn.kz
Еліміздегі соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану бойынша ең алғашқы болып Ақтау тұрғынының өтініші мақұлданды.
Қазірге дейін Маңғыстау облысында бір жарым мыңға жуық тұрғын соттан тыс банкрот рәсіміне өтініш берген. Оның ішінде өтініштер саны бойынша бірінші үштікте Ақтау - 430; Мұнайлы ауданы - 428; Жаңаөзен – 408 тұр.
Соттан тыс банкроттыққа өтініш беру үшін бір жыл ішінде банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктер алдында 1600 АЕК-тен (5,52 миллион теңге) аспайтын төленбеген борыш немесе бес жылдан асқан берешек болуы негізгі шарттардың бірі.
Сондай-ақ, азаматтың мүлкі, оның ішінде ортақ меншігі болмауы керек және соңғы жеті жыл ішінде сот немесе соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылмауы керек.
Мәліметтерді алдын ала тексеру жекелеген азаматтардың келесі себептер бойынша банкроттыққа өтініш бере алмайтынын көрсетті:
- 12 ай ішінде қарызы ішінара өтелген;
- борышкердің немесе оның әйелінің мүлкі болса;
- банкпен немесе МҚҰ-мен борышты реттеу туралы құжаты болмаса;
- тіркелген жеке кәсіпкерлігі болса;
- алты айдан аз мерзімде атаулы әлеуметтік көмек алса.
Аталған азаматтардың телефонына 1414 қызметі арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану өтініші қабылданбағаны туралы хабарлама жіберіледі. Егер мұндай хабарлама алынған болса, соттан тыс банкроттық критерийлері орындалған жағдайда үш айдан кейін қайта өтініш беруге болады.
Өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, скринингтік тексеруге арналған e-Salyg Azamat қосымшасы арқылы беруге болады. Содан кейін 1414 нөмірі арқылы өтініштің қабылданғаны және өтініш беруші банкрот деп танылатыны туралы хабарлама жіберіледі. Бұл бұл өтініш берілгеннен кейін 14 күн ішінде жасалады.