Желтоқсан желі есіп тұр
6 желтоқсан. Талай боздақты тоңдырып, мыңдаған үрімдей жастың жанын алған желтоқсан желі араға 26 жыл салып, қайта бүйірден ұрып тұр. Бірақ бүгінгі күннің ызғары құрғақ киім, сынбаған сүйек, бүтін терінің сыртынан соғады. Жанға бататыны 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында бостандыққа ұмтылған қазақ жастарының жазықсыз, жала жамылып, топ-тобымен бақилыққа аттана кеткені. Жүректі сыздататыны – сол боздақтардың шелектеп төккен қанымен келген бозторғай жұмыртқалаған заманды көрмей, арманда кеткені. Желтоқсан оқиғасы жайында тарихи шындық әлі де болса толығымен ашылмағаны рас. Дегенмен күні кешеге дейін азаттық үшін арпалысқан азаматтарымыздың әруағына құран бағышталып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ұйымшыл ұлттың көзсіз ерлігі, соның өтеуіне келген азаттық күні тойланып келді. Желтоқсанға сүрініп-шалынып жеткенде жаңа жыл мерекесіне дайындық пен боздақтарға арналған шараға қатар қамданатын жұрт биыл Тәуелсіздік күнін қалай тойлайды?
Өздеріңізге белгілі, биылдан бастап Тәуелсізідк күні мемлекеттік мереке ртінде аталып өтілетін болды. Бұған себеп Президенттің ұлттық мереке ретінде Республика күнін қайта атап өту туралы ұсынысы болды.
– Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін де, 16 желтоқсан күні батыр-боздақтардың ерен ерлігін, көзсіз тәуекелін ұрпақ алдында үлгі етіп келеміз. Бұл – құптарлық құбылыс. Сонымен бірге ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, құран бағыштау, алаңсыз азаттық үшін алғыс айту ұмытылған емес. Дегенмен бүгінде ұрпақ келешегі, ұлт азаттығы үшін «бозторғайдай жаным бар, атам десең атыңдар» деген ұлттық ұстаным үшін аталарымыз жан тәсілім еткен күнді мереке ретінде атап өтуді құптамайтын топ қалыптасқанын көз көріп жүр. Жақыны өлген күні мазар басына барып, құран бағыштап, көршілерге жеті күлше тарататын қазақтың бұл күні мереке ретінде ән шырқап, концерт қоюы морольдық ұстанымына қарсы келетіндей көрінеді. Қалай десек те, осы күнге байланысты қабылдаған тарихи шешімнің дұрыс-бұрысын тарих көрсете жатар. Маңыздысы – желтоқсанның жартысына жетпей жатып шыршаны орталық алаңға сүйретіндер биылғы мемлекеттік мерекені қалай атап өтетінінде болып отыр.
Аталған сұраққа байланысты ҚР мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова жауап берді. Сөзіне сенсек, биылғы Тәуелсіздік мерекесі Республика күніне сабақтас, деңгейлес мереке ретінде аталып өтіледі.
– Мерекені тойлауда айтарлықтай өзгерістер жоқ. Дегенмен, биылғы датада алқалы жиындар, дөңгелек үстелдер мен конференцияларға басымдық беріледі. Сол сияқты танымдық концерттер мен мәдени іс шаралар өткізу де жоспарда бар. Мемлекеттік мерекенің қаржы жылдағыдай белгіленген бюджет аясында ұйымдастырылады, – дейді төраға.
Айта кетейік, 2022 жылдан бастап Қазақстанда Тәуелсіздік күнінен бөлек, 13 жылдан бері күнтізбеде қызылмен белгіленбеген Республика күні мерекесі де тойланады. Биылдан бастап қазақстандықтар 16 желтоқсан Тәуелсіздік мерекесінде бір күн ғана демалады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ