"Жасыл сутегі" мен аккумулятор өндіріледі: Қазақстан мен Еуроодақ стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойды
Қазақстан мен Еуропалық одақ тұрақты шикізат, батареялар және "жасыл" сутегі өндіру саласында стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды stan.kz ақпарат агенттігі.
Құжатқа ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен Египеттегі климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) әлемдік көшбасшылар саммиті аясында қол қойды.
Премьер-министр өз сөзінде меморандумның маңыздылығын атап өтті.
"Құжат Қазақстанның ЕО өнеркәсіптік альянстарымен қаржылық және технологиялық ынтымақтастығын қалыптастырады. Елімізде еуропалық бизнеске қажет факторлар, оның ішінде энергияның әртараптандырылған көздері мен жоғары транзиттік-көліктік әлеуеті бар", – деді Смайылов.
Үкіметтің баспасөз қызметі Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі және маңызды сауда серіктестерінің бірі және оған елдің сыртқы саудасының шамамен 30 %-ы тиесілі екенін хабарлады.
Премьер-министрдің мәлімдеуінше, бұл – инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және өзара сауда көлемін ұлғайтуға үлкен мүмкіндік.
Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ Қазақстан экономикасына ірі инвесторлардың бірі екенін, ал жаңадан қол қойылған меморандум бұл қатынастарды одан әрі кеңейтетінін атап өтті.
"Терең қарым-қатынасымыздың жаңа тарауы ашылады. Еуропалық Одақ пен Қазақстан көптеген жылдар бойы берік экономикалық байланыстарды дамытып келеді. Енді стратегиялық өндірістік тізбектердің интеграциясын нығайту үшін жұмыс істейміз. Бұл сирек кездесетін элементтер, аккумулятор өндірісі және "жасыл" сутегіні өндіруге қатысты", — деді Ляйен.
Оның айтуынша, бұл өндірістік тізбектер – бүкіл әлемдік "жасыл" және цифрлық энергияның көзі.
"Аккумуляторлардың электромобильдер мен жаңартылатын энергияны сақтау үшін қаншалықты маңызды екенін белгілі. Сондықтан қазір ынтымақтастықты нығайту керек", – деп атап өтті Еуропалық комиссия президенті.