Халық қалауы қаперде
Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың кезекті кент, қала және ауылдық округтерде халықпен кездесуі басталды. Әкім алдымен Жалаңтөс батыр ауылындағы ағайынның ахуалын білуге ат басын бұрды.
Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, аудандық мәслихат депутаттары Әбдуәли Рахметов, Ғазиз Әліш және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарылған істерді баяндап, алдағы міндеттерге тоқталды.
Мұхтар Әуесұлы биыл аудан орталығына іргелес жатқан Жалаңтөс батыр ауылында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мәселен елдімекенде Қызыл ой көшесі жарықтандырылып, су ұңғымасы қазылуда. Ауылды көгілдір отынға қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қазір 14 шақырым орта және төмен қысымды газ желілері жүргізіліп, 3 дана ГРПШ қондырғысы нысан басына әкелінген. Жоспар бойынша жұмыс қазан айында аяқталады деп күтілуде. Жалаңтөс батыр атындағы ауылда спорт кешенін салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Округке қарасты Шитүбек елді мекенінен медициналық бекет құрылысын салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Кездесуге келген тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын аудан басшысына жолдап, тиісті жауаптарын алды. Халық ұсыныс-пікірлер айтудан да қалыс қалған жоқ. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындар көтерген мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, сұрақтарға жауап берді.
Кездесуден кейін аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың мұң-мұқтаждарына құлақ түрді.
Бұдан соң аудан басшысының сапары Қ.Пірімов пен Басықара ауылдарында жалғасты. Бұнда да жиылған көпшілік аданда атқарылып атқан ауқымды істерден хабардар болды. Аудан әкімі қазір түрлі көптеген жоба қолға алынып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында қыруар шаруаның іске асып жатқандығын тілге тиек етті.
Бүгінгі таңда Қ.Пірімов ауылының тұрғындары заманауи үлгідегі спорт кешенінің игілігін көруде. Көршілес қос ауылды көгілдір отынға қосу үшін қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Әйтеке би кенті мен Басықара аралығындағы жол асфальтталуда. Басықара елдімекеніне кіре беріс жолдағы апатты жағдайдағы көпірде қайта салынуда. Тұрғындар тарапынан бұған дейінгі кездесулер кезінде түскен талап-тілектердің назардан тыс қалмағандығын аудан әкімі баса айтты. Бұдан кейін де халықтың қалауы қаперден шықпайтындығын жеткізді.
Кездесулерде жергілікті тұрғындар тарапынан көптеген ұсыныстар айтылды. Олардың арасында Қ.Пірімов ауылына балабақша салу, Құмжиек ауылдық округінен су ұңғымасын қазу сияқты өзекті мәселелер ортаға салынды. Қ.Пірімов атындағы ауылдың тумасы, бүгінде Елордада теміржол саласында еңбек ететін Ғалымжан Пірімжаров өзінің ауылдастарын «барды бағалай біліп, тазалық сақтауға» шақырды.
Туған жерге деген адал азаматтың сөзін Мұхтар Әуесұлы қолдап, әркім өз ауласын, көшесін таза ұстаса кез келген ауыл үлгілі елді мекендердің қатарында болатынын айтты.
Басықара ауылдық клубында өткен кездесуде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов құмжиектік азаматтың ұсынысын көпшілікке жеткізіп, үндеуге қолдау білдіруді сұрады. Тұрғындармен кездесуден кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қ.Пірімов атындағы №92 мектеп пен Басықара ауылындағы №182 мектептерге арнайы барып, білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА