COVID-19: Мегаполистердегі ахуал қиындап барады
Адамзат тіршілігіне орасан қауіп-қатерімен келген коронавирус пандемиясы әлі де әлемге сес болып тұр. Біршама уақыт әжептәуір саябырсып қалған індет қазір көптеген елде қайтадан күшіне ене бастады. Бұл қатарда біздің елде де эпидемиялық ахуалдың нашарлай бастағаны байқалды. Әсіресе індеттің кең таралуы ірі қалаларымызда қатты сезіліп, ел бойынша жалпы ауырған адамдардың 70%-ын қамтып отыр.
17 шілдедегі мәлімет бойынша кейінгі тәулікте елімізде 1 546 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Қазіргі уақытта 7 571 адам індеттен емделіп жатыр, оның ішінде 680 пациент стационарда, 6 891 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Ауруға шалдыққандардың арасында 15 адамның жағдайы ауыр, үш науқастың жағдайы өте ауыр, бір науқас ӨЖТ аппаратында жатыр.
Коронавирустың таралуы қайтадан қарқын алып, кейінгі аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда індет жұқтырғандардың саны 2,5 есеге көбейді. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Президент жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында еліміздегі COVID-19 ауруы бойынша эпидемиялық жағдай туралы жан-жақты мәлімет берді.
«Әлемде КВИ-мен сырқаттанудың өсуі Қазақстанда да сезіліп, 20 маусымнан бастап аурушаңдық белең ала бастады. Кейінгі аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда аурушаңдық 2,5 есеге – 1030-дан 2558 жағдайға дейін өсті. Тәулігіне 1300-ге дейін КВИ жағдайы тіркеліп жатыр. Сырқаттанудың ең көп таралуы мегаполистерде – Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында байқалуда. Кейінгі аптада ауырған адамдардың 70%-ы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелді. Маусым айында жүргізілген секвенирлеу қорытындысы бойынша Қазақстанда үлгілердің 70%-ы Омикрон ВА.5 нұсқасына, қалған 30%-ы жасырын омикрон нұсқасына тән екені анықталды», дейді А.Ғиният.
Министр сырқаттанушылықтың көтерілуіне қарамастан, науқастарды ауруханаға жатқызу деңгейі әлі де төмен екенін атап өтті. Оның айтуынша, 15 шілдедегі жағдай бойынша республикада стационарлық көмекті қуаты 3 282 төсектік орынды құрайтын 139 инфекциялық аурухана көрсетеді, онда 570 пациент емдеуге жатқызылды, осылайша төсектік орындардың қамтылуы 20%-ды құрап отыр. Ал реанимациялық төсектік орындардың 4%-ында ғана науқас жатыр.
«Стационарларда емделіп жатқан пациенттерге талдау жүргізілді. Мәселен, коронавируспен стационарда жатқандардың ішінде 18 жасқа дейінгі балалар саны – 41,7%, оның ішінде 1 жасқа дейінгісі – 23%. Жалпы, ел бойынша 180 бала емделіп жатыр. Ересек пациенттер 58,3%-ды құрады. Әртүрлі қатар жүретін аурулары бар пациенттер – 23%. Реанимациялық науқастардың негізгі контингенті – ілеспе аурулары бар 50 жастан асқан адамдар», ведомство басшысы.
Коронавируспен ауырған науқастарға уақтылы медициналық көмек көрсету үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде 2 387 мобильді бригада ұйымдастырылған, оның ішінде ауылдарда мыңнан аса мобильді бригада жұмыс істеп жатыр. Резервте 2 мыңға жуық мобильді топ дайын тұр.
«2022 жылдың бірінші жартыжылдығында мобильді бригадалар 815 мыңнан аса қызмет көрсетті. Ең көбі Қарағанды, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүзеге асырылды. Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша коронавирусқа күдігі бар пациенттерге жедел медициналық көмек қызметін шақыру саны өткен жылға қарағанда азайған. Барлық медициналық көрсеткіштер министрліктің күнделікті бақылауында», деді А.Ғиният.
Сонымен қатар министр ДДҰ ұсынымдары мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, COVID-19 эпидемиялық жағдайын бағалау матрицасы қайта қаралғанын, сырқаттанушылық көрсеткіші ауруханаға жатқызу көрсеткішімен ауыстырылғанын хабарлады.
«Мәселен, «жасыл аймақ» 2 500 науқасқа дейін төсектік орын бос болмаған кезде; 5 мың науқасқа дейін төсектік-орын бос болмаған және R репродуктивті санының көрсеткіші 1-ден кем болған кезде белгіленеді. «Сары аймақ» шамамен 5 мың төсектік орын және R1-ден көп болған кезде немесе төсектік орын 5 мыңнан 10 мыңға дейін және R1-ден аз болған кезде белгіленеді. «Қызыл аймақ» төсектік орында 5 мың науқастан және R1-ден көп болған кезде немесе R-ге қарамастан 10 мыңнан аса науқасқа төсектік орын болған кезде белгіленеді. «Сары аймаққа» көшу кезінде инфекция көзін оқшаулауға және мінез-құлық факторларын күшейтуге бағытталған шаралар қабылданады. Өңірлерде «қызыл аймаққа» көшу кезінде «сары аймақта» қабылданған шараларға қосымша стационар мен МСАК жүктемесіне байланысты екі кезеңде халықтың жүріп-тұруы мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін шектеу шаралары қабылданады. Шаралар қабылдау жөніндегі ұсыныстар ведомствоаралық комиссияның қарауына енгізіледі», деді спикер.
Осы орайда А.Ғиният КВИ-ға қарсы вакциналау инфекцияның ауыр түрлерінен және ауруханаға жатқызудың алдын алудың ең негізгі нақты шарасы екенін тағы да еске салды.
«Вакциналау және ревакциналау коронавирустан жалғыз қорғаныс болып қала береді. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының ауырғандардың 80%-ы вакцина салдырмаған немесе 6 ай бұрын салдырған адамдар екені расталды. Бұл КВИ-ға қарсы вакциналау маңызды екеніне тағы да көзімізді жеткізеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда вакциналардың 3 түрі (КазВак, Синофарм, Пфайзер), қайта вакциналау үшін Казвак және Синофарм қолжетімді. Егу пункттерінде қалған вакцинаның 1,6 миллион дозасы бар. Бүгінде КВИ-ға қарсы вакциналаумен ересек тұрғындардың 80%-дан астамы немесе барлық халықтың 56%-дан астамы қамтылған. Бірінші компонентпен 10,7 млн адам, екінші компонентпен 10,4 млн адам вакцина салдырды. Тәулігіне 5 мыңнан аса адам вакциналаудан өтіп жатыр», деді министр.
Ал республика бойынша КВИ-ға қарсы бастапқы ревакциналаумен қамту тиісті халықтың 67,5%-дан астамын құрады, яғни 4,9 млн адам қамтылды.
«Мамыр айының соңынан бастап біз қайта ревакциналауды енгіздік. Бүгінгі таңда 44%, яғни 260 мың адам қамтылды. Айта кететіні, COVID-19-ға қарсы ревакциналау алдыңғы вакциналардың көмегімен пайда болған вакцинадан кейінгі иммунитетті сақтауға және ағзаны аурудан қорғауды күшейтуге бағытталған. Бір өкініштісі, вакциналанған адамдарда, сондай-ақ КВИ-мен ауырған адамдарда уақыт өте келе дененің инфекциядан қорғалу деңгейі төмендейді, нәтижесінде адам қайтадан инфекцияға сезімтал болады. Осыған байланысты вакциналаудың бастапқы курсын алғаннан кейін 6 айдан кейін КВИ-ға қарсы ревакцина алу ұсынылады», деп А.Ғиният сөзін толықтырды.
Брифинг барысында министр коронавирустың таралу қарқынына байланысты болжамды да келтіре кетті. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі ай сайын алдағы 3 айға арналған болжамын жаңартып отырады. Пессимистік сценарийде ең көп тіркелген жағдайлар тәулігіне 4 мың науқасқа дейін, реалистік сценарийде тәулігіне 2 500 жағдайға дейін, оптимистік сценарийде тәулігіне мың жағдайға дейін болады. Сырқаттанушылық тамыз айында өседі. Тамыз-қыркүйек айының соңында төмендей бастайды. Осы орайда А.Ғиният қазақстандықтарды өз денсаулығына қамқор болуға шақырып, қоғамдық орындарда және көлікте маска тағу керек екенін, аурудың алғашқы белгілері байқалса, дәрігерлерге хабарласу қажет екенін айтты.