Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үш машайық кім?

Үш машайық кім?

Айтып отырғанымыз, 1941 жылы Әмір Темірдің моласын аштырып көрмек болғанда, қайдан шыққаны белгісіз үш ақсақал әміршінің қабіріне тиюге болмайтынын, әйтпесе қарғыс ататынын айтып, жылдам көзден ғайып болатыны бар емес пе – сол үш ақсақал – үш машайық. Бұл үш машайықтың біреуі – жоғарыдағы Сыпыра шежіреші Әлиасқар Байғұтұлының (1898-1981) өзі. Әуелі түсінікті болу үшін басынан бастайық. 1941 жылдың 19 маусым күні атақты антрополог М.Герасимов бастаған комиссия мүшелері қаһарлы қолбасшының қабірін ашуға кіріскенде, қайдан келгені белгісіз үш ақсақал: «Жаһангердің қабіріне тиюге болмайды, аруағы мазаланса, қиямет-қайым соғыс басталады» деген жазуы бар көне кітапты көрсетіп, Темірдің қабірін ашу жақсылыққа апарамайтынын күңірене айтып, жалынып та, жылап та көрген екен. Бірақ оған сенбей, шалдарды әжуалап күлген ғалымдардың (оның ішінде төмендегі Мәлік Каюмов та бар) айтуынша, әлгі қайдан пайда болғаны белгісіз үш шал дәл солайша жылдам көзден ғайып болады.
Бұл тарихи оқиғаның куәгері – 2010 жылы 98 жасында қайтыс болған, КСРО халық әртісі, Социалистік еңбек Ері Мәлік Каюмов (Ташкент киностудиясының операторы ретінде түсіру тобына бастан-аяқ қатысқан) 2003 жылы сол кездегі түсірген кадрларды пайдалана отырып «Темірдің қарғысы» атты деректі фильм түсіргені мәлім.
Оның айтуынша, 1941 жылдың маусым айында Самарқандтағы Гур Эмир (Әмір көрханасы) мавзолейіне жиналған мемлекеттік комиссия өзінің алдындағы аса маңызды тапсырма – Азияның ақсақ барысы атанып, 27 мемлекетке патша болған, қаһарынан қан тамған құдіретті Әмір Темір Көрегеннің (1336-1405) қабірін ашуға аса мұқияттылықпен үш күн жұмсайды.
Ақыры 90 пұттық жасыл нефрит астындағы үш қабатты мрамордан тұратын табытты ашу бас­талады. Алтын жалатылған матаға ораулы арша ағашынан жасалған төрт тұғырлы табыттың қақпағын ашуға бүкіл экспедиция мүшелері жиналады.
1941 жылдың 21 маусым күні таң алдында табыт қақпағы ашылғанда – әміршінің бейнесінде елес берген хош иісі бас айналдыратын ыстық лепті қою бу сыртқа атылып шығып, жұрт шошынғаннан кері серпіліп кетеді. Сол замат кесене ішінде үш апта бойғы қазулар кезінде бірде-бір рет өшпеген жарық жалп етіп сөніп қалады (Оның неден болғанын электрик сол бойы түсіне алмаған).
1941 жылдың 21 маусым күні «Правда» газеті Ақсақ Темірдің қабірі ашылып, оның бас сүйегінен жирен қылдар табылғанын, яғни әлем әміршісінің сақал-шашы жирен түсті болғанын хабарлаған. Ал дәл осы сәтте Берлинде Гитлер «Барбаросса» жоспарына қол қою үстінде болатын. Ал «Барбароссаның» аударма мағынасы «жиренсақал» (рыжебородый). Ертеңіне алпыс миллион адамзатты алапат қырғынға ұшыратқан Герман фашизмінің Кеңес одағына шабуылы бас­талады да кетеді. Бұл мистикалық сәйкестіктің Сталинге қаншалықты әсер еткені белгісіз. Дегенмен жез мұрт көсемнің Мәскеуге әкетілген әлем әміршісінің бас сүйегін 1942 жылғы 20 желтоқсан күні Самарқандтағы өз орнына тездетіп қойғызғаны анық. Оған да себеп болған – жоғарыда айтылған Мәлік Каюмов. Ол кинооператор ретінде көп ұзамай қанды соғысқа аттанған. Майданда жүргенде өзі куә болған нәрселер оған тыныштық таптырмайды. Ақыры Құдай сәтін салып, майдан даласында маршал Жуковпен кездескен қарапайым солдат ойындағының бәрін ақтарып, Темірдің сүйегін өз орнына қоймайынша кеңес халқы жеңіске жете алмайтынын тұспалдап айтады. Маршал мұның барлығын Сталиннің құлағына жеткізген көрінеді. Темірдің қарғысынан сұсы қашқан Сталин әмірші мен ұрпақтарының сүйегін жерлеуге дереу бір миллион рубль бөлген. Бұл ол заманда бүтіндей бір дивизияны бір ай ұстап тұруға жетіп-артылатын үлкен ақша еді. Темірдің сүйегі әскери құрметпен, артиллерияның салют беруімен өз орнына қойылғаннан кейін көп ұзамай Сталинград қаласы фашистерден толық азат етіледі. Міне, тағы да сәйкестік. (Ақсақ Темірдің сүйегін Сталинградтағы майдан даласы үстімен алып ұшқан, сонан кейін ғана жеңіс Кеңес армиясы жағына ауған делінеді. Сондай-ақ ұлы қолбасшының сүйегін соғыста ортаазиялық жауынгерлердің рухын көтеру үшін олар шоғырланған әскери бөлімдерге апарғаны туралы да дерек бар). Не десек те, Сталинград майданының фельдмаршал Паулюсті армиясымен тұтас қолға түсірген, соғыс тағдырына бетбұрыс жасаған шешуші шайқас болғаны белгілі.
Тағы да бір сәйкестік. Мәлік Каюмов соғыста тура ұлы әмірші сияқты сол аяғына оқ тиіп, жараланған. Бұл да Жаратушының оның 1941 жылы жіберген қателігін түзеуі үшін ескертуі, әдейі тірі қалдырғаны болар, бәлкім.
Енді негізгі әңгімемізге көшсек, жоғарыда айтқан Сыпырашы шежіреші Әлиасқар Байғұтұлы (1898-1981) – Әмір Темір Көрегеннің Самарқандағы мүрдесін ашуға қарсы болған үш машайықтың бірі. Ерекше қасиет қонған бұл үш ақсақал аян арқылы (бозала таңда келген көк есекті шақырылмаған қонақ) сөйлесіп, Әмір Темірдің сағанасы алдында кездесейік деп уағдаласады. Екінші машайық – аласапыран жылдары Ауғанстан асып кеткен, тоғыз жүз кітапты жатқа айтатын, заманында ислам әлеміне белгілі қары болған Ағузи Билла ғұлама болса, үшіншісі – Уфадан келген татар молдасы Мәсілафадин ғұлама. Үшеуі Самарқанда табысып, алдымен қабір қазатындардың басшыларымен, екінші мәрте ғалымдармен, үшінші зират басындағылармен кездеседі. Бұл үшеуі Әмір Темірдің сағанасын қоршап тұрған НКВД әскерінің арасынан қалай өткенін білмей таңғалып тұрған мемлекеттік комиссия басшысы академик Герасимов пен Садриддин Айни бастаған бастаған ғалымдарға Көрегеннің көк сандығын ашса, соғыс рухы оянып, адам қанын судай ағызатын алапат келетінін қатаң ескертіп, олар есеңгіреп қалғанда, бұл үшеудің қалай, қайда кетіп қалғанын ешкім білмей қалады.
Әлиасқар Байғұтұлы – отызыншы жылдардағы Созақ көтерілісінің де ұраншысы болып, мергендігімен аты шыққан, өлім жазасына кесілген, бірақ ғайыптың күшімен аман қалып, жер аударылған, 1954 жылы ақталған. Арыс қаласына жақын маңдағы темір жол бекетінде 1982 жылы қайтыс болған. Оның ұлы Ақпантай Әлиасқарұлы (1962-2009) арқылы бізге жеткен «Алтын шежіре» әлі толық игерілген жоқ.
1970 жылы Сәбит Мұқанов атақұты шежірешімен сұхбаттасып, «Мына жазбаң күрделі екен, жарыққа шығару қолымнан келмейді» деп жылап қоштасқан екен. Шымкенттік азаматтар зерттеуші Асан Тұрабаев пен журналист Ілесбек Байжановтың атсалысуымен сонау Сақ дәуірінен бері баяндалатын мұралардың бір бөлігі алдымен газет беттерінде, кейін кітап болып жарық көрді. Дегенмен Асан Тұрабаев бұл мұра әлі игерілмей жатқанын айтады. Соған қарағанда, бұл шежірені «Үш әріп» тыңшылары оқып көргенде күдік тудырмайтындай етіп ерекше әдіспен қағаз бетіне түсірсе керек.

Төреғали ТӘШЕН
14 маусым 2022 ж. 546 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031