Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өсіп, өркендеумен өткен уақыт

Өсіп, өркендеумен өткен уақыт

«Елу жылда – ел жаңа, қырық жылда – қазан жаңа» депті бұрынғылар. Елу жылда екі ұрпақ ауысады, халықтың ой-санасы, өмір сүру деңгейі өзгереді дегені болса керек. Ал, мына жаһандану заманында: цифрлық технология мен сандық жүйе іске қосылып, интернет өнімдері, жасанды интелект пен робототехника жұмыс істеп жатқанда елдің отыз жылда-ақ жаңаратынына көзіміз жетті. Осы аз ғана уақытта тәуелсіз Қазақстан Республикасы дүние жүзіне танылып, елдің экономикасы мен халықтың әл-ауқаты айтарлықтай жақсарды.
Өмірде бәрі салыстырмалы. Сексеннен асқан біздер үш бірдей қоғамдық формацияны бастан кешірдік. Осы уақыт аралығында феодализмнің аяқ жағын, социализмді және коммунизмнің бас жағын бастан өткердік. Енді демократиялық, зайырлы, құқықтық біртұтас республикалық мемлекетте тұрамыз. Адам өзінің қабілеті, талабы мен еңбегіне сәйкес өмір сүреді.
Бүгінде қуатты аграрлы-индустриялы мемлекетке айналдық. Кеңестік дәуірде ертеңге деген сенім, халықтың бір-біріне деген достығы, көтеріңкі көңіл күй дегендер басым болатын. Бұны айтып отырғаным, біз өмір сүрген бір дәуірді орыстарға бодан болдық деп жоққа шығарғысы келеді. Бұл көнені аңсау емес, шынында кешегі күн бүгінгі егемендіктің бастауы Тәуелсіздіктің қол жетпес артықшылығын айта отырып, өткеннің жақсы жақтарын мойындап, үлгі тұтып, соларды ешқашан ұмытпай, заманға сай жаңғыртып отыруымыз керек.
Біз ауданда өмір сүрген соң, бәрін де өзіміздегі жағдаймен салыстырамыз. Қазір мыңғырған төрт түлік мал, қонақжайлылық пен қазақтың кең даладай пейілі, тағдыр пешенемізге берген тәуелсіздігіміз бар. Тәуелсіздіктің арқасында қолымыз жеткен: зәулім сарай үйлері, жап-жарық асфальтталған көшелер, үздіксіз келіп тұрған жарық пен көгілдір оты мен суымыз, мүлтіксіз телекоммуникациялық ақпаратымызды айтпауға болмайды.
Түркістаннан кейінгі «Екінші Түркістан» деген базарлар, түрлі супермаркетпен дүкендер, мейрамханалар мен қонақ үйлер, мешіттердің бой көтеруінің бәрі ата-бабамыздың аңсап кеткен тәуелсіздігінің арқасы.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдармен қазіргі кездегі материалдық жағдайымыздың арасы жер мен көктей. Бұрын негізгі қажетті заттарды таба алмайтынбыз. Тәуір киім-кешекті айтпағанда, алманы Байқоңырдан, үнді шайын Мәскеуден, полиэтилен пакетті үлкен қалалардан әкелетінбіз. Санитарлық-гигиеналық қосымшасы жоқ баспанада тұратынбыз. Мәстек аттай автокөлік мінетінбіз. Осының бәрі қазір артта қалды. Әр үйде бір-екіден шетелдік автокөлік, сөре толған керек-жарақтар, мұздатқыш толған азық-түлік.
Үш Жүзге пір сайларда Арғын Әнес баба үміткер Мүсірәліге сұрақ қойыпты:
– Адам баласы байлық пен әділдіктің рахатына кенелуге қашан жетеді?
– Мәңгі рахат өмірге Хақ Тағала деңгейіне оралғанда жетеді, – депті Мүсірәлі.
Бұдан бақытты өмір сүру дегеннің өзі салыстырмалы екенін түсінеміз және бұрыңғы өмірмен салыстырамыз. Өмір сүру деңгейіміз дүниежүзілік стандартқа сәйкес келмеуі мүмкін. Бірақ, бұрыңғыға қарағанда Қазалы халқы қазіргі кезде тыныш та, рахат өмір сүреді деуге болады.
Бәрін бізге Алланың берген артықшылығы деп түсінуіміз керек. Қазалының күретамыр теміржол мен автожолда орналасуы, «Екінші Түркістан» атануы, 50 пайыздық қосымша жалақы, байырғы отырықшы Кеңес Үкіметінде шыңдалған халық, жеткілікті жер мен су ресурсы, ең маңыздысы, осыларды шашау шығармай, ел игілігіне айналдырып отырған білікті һәм іскер аймақ және аудан басшылары, кәсіпкер азаматтар деп білемін.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері Ұзақбай Қараманов пен Қырымбек Көшербаевтың қамқорлықтарын аудан халқы ешқашан ұмытпақ емес. Соңғы 30 жыл ішінде ауданның өркендеуіне зор үлес қосқан аудан басшылары әкелі-балалы Елеу мен Айтбай Көшербаевтар, әкелі-балалы Самұрат пен Мұрат Имандосовтар, Мұсабаев пен Шамұратов екі Нажмадиндер, Болат Пұсырманов пен Нұрман Талқанбаев, Темірхан Кенжебаев пен Бақыт Жаханов, Мұрат Ергешбаев пен Мұхтар Оразбаев және кентті ширек ғасыр басқарған Оразғали Бекбановтың есімдері Қазалы тарихында мәңгі сақталып қалмақ. Кешегі өтпелі де қиын кезеңде басшылардан ақыл-кеңесін аямаған ауданның ардақты ардагерлері: Қ.Мәкенов, Т.Емешев, Ә.Өміртаев, Ө.Ахметов, Х.Асқаров, Ә.Теміров, С.Бекжанов, А.Томаев, Ө.Рахметовтердің орындары бір төбе.
Тәуелсіздік алғаннан кейін бірден нарықты түсініп, іске кіріскен кәсіпкерлер – жаңа буын өкілдері пайда болды. Алғаш кәсіпті бастап, қазір атағы алысқа кеткен аудан экономикасына қомақты үлес қосып жүрген меценат, демеушілер: С.Имандосов, И.Тілеп, Ө.Түктібаев, Б.Бекбаулов, М.Өтеев, Қ.Әлімбаев, Қ.Ысқақов, Б.Рыстығұлов, М.Табынбаев, К.Аманов сынды кәсіпкерлердің игілікті істерін қазір көптеген іні-қарындастары жалғастырып келеді.
Жыл сайын еселеп артып келе жатқан аудан бюджетін толықтырып, оны орын орнына бөліп, орындалуын қадағалап отырған аудан мәслихат депутаттарының корпусын басқарған мәслихат хатшылары Б.Тілеубергенова, Т.Бөріқұлақов, К.Назымбеков, Б.Жарылғап ауданымызды көркейтуге сіңірген еңбектері орасан зор.
Төртінші билік саналатын БАҚ өкілдері Ә.Әліш, Ғ.Әліш, Ж.Макенәлі, Ш.Айтуғанов, Қ.Мамбетжан, С.Қапаров, Р.Сейтенов. Е.Жұмабекұлы. Ж.Табынбаев сынды ақпарат саласы майталмандарының жаңа идеологияны қалыптастырудағы ерен еңбектері атап өтуге лайық.
Сексен мың халықтың денсаулығына, біліміне, мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, әлеуметіне, құрылысы мен жолына, суы мен тамағына жауап беретін ауданның қаншама іскер басшыларына тәуелсіздіктің 30 жылдық қарсаңында жылы сөз айту парызымыз.
Мыңғыртып мал өсіріп, өнімді егін егіп, екі елді мекенді қосып үлкен шаһар салып жатқан, экологиялық апатты жеңіп, қазынасын толтырып отырған қаһарман Қазалы халқына ендігі ең керегі Елбасымыз жариялаған рухани жаңғыру мен Президентіміз Қ.Тоқаев жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы ел бірлігі идеяларын іске асыру.
Мемлекет хатшысы Қ.Көшербаевтың жазғанынындай, мына жаһанданудың жұтқыншағы желкемізде тұрғанда ұлттық сипатты сақтап қалу үшін Тәуелсіздікті идеология етіп, саналы ұлт, сапалы ұрпақ, бәсекеге қабілетті халық болу керек. Ол үшін болашақтың тұтқасы жастарды тәрбиелеп көп оқып білімді, заман талабына сай кәсіп жасап, бәріміз іргемізді берік ұстауға тиіспіз.

Сержанқожа БЕРДЕНҰЛЫ
еңбек ардагері,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Қазалы ауданының құрметті ­азаматы

07 желтоқсан 2021 ж. 439 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 6

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 9

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 8

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031