Жайылымдық жердің жайы қалай?
Шешілді. Дұрысы, 2022 жылдан бастап осы бір өзекті мәселе шешімін табады. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында жариялады. Онда Мемлекет басшысы:
– Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруаның қолы жетпей тұр. Алқаптарды белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршаған. Әкімдер түрлі себепті сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шара қабылдауы тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамту мәселесіне айрықша назар аудару қажет, – деп олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керегін нықтады.
Қазір ауданға қарасты ауылдарда жайылымдық жер мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Олай дейтініміз, әрбір округ тұрғынына тиесілі мал жайылымға сондағы үйір-үйір мал ұстайтындардың төрт түлігі жайылып жатқанын бүгінге дейін естіп жүрдік. Атап айтсақ, ауданға қарасты Құмжиек, Ғ.Мұратбаев және Сарыкөл ауылдық округтерінде бұл түйткіл қазірдің өзінде қарапайым халықтың ренішін тудырды. Жолдаудан соң мұның да шешімі табылғандай болды. Осы мәселеге қатысты Ғ.Мұратбаев ауылы әкімі Абай Рыстығұл:
– Жылдан жылға ауданда мал бағатындардың қарасы қалыңдады. Салдарынан оларды жаятын жердің аясы тарылып, барлығы осы ауылдың шекарасына келіп тығыла бастады. Бұл негізгі жергілікті тұрғындарға берілген жер. Мұны бұған дейін малын бос жіберіп, азығын басқа аумақтан тауып беріп отырған жұртшылық естен шығармауы қажет. Негізі қазірге дейін қарапайым халыққа тиесілі жайылымды шаруа қожалығы бар азаматтар рұқсатсыз пайдаланып, тұрғындар наразылығын тудыруда.
Ауыл халқы осыған қатысты қайта-қайта ренішін жеткізіп, ауыл әкімдігінен шешім тауып беруін сұраған. Қажетті шараларды қолға алып, барлық ескерту жасалды. Тіпті айыппұл салуға дейін бардық. «Мал басын Ғ.Мұратбаев ауылына жайып көбейтіп аламын» дегендер үшін округте үлкен қора тұрғызып, иесіз, рұқсатсыз жүрген малдарды сонда қамайтын да болып шештік. Алайда ендігі жолдаудан соң барлығы бір қалыпқа келіп, қатаң шаралар қолға алынады, – деді ауыл әкімі.
Ал аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов:
– Жалпы ең бірінші жайылымдық жер алуға ұсыныс тастаған адамның сұранысына сай орындар бос немесе бос емес екенін анықтаймыз. Одан соң ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің конкурс арқылы берудің тиімділігі жер учаскелерін беру барысында сондағы ауыл қоғамдастықтың хаттамасын алады, – дейді. Нұрлан Нұржаубайұлының айтуынша, алдағы күндері ауылдың мал жайылымына зияны жоқ екенін нақтылау мақсаты тұр. Қолдау білдіруі қаралып, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жерді пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын учаскелерінің тізбесін аудандық, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы қалыптастырмақ. Бұл қоғамдық кеңестермен, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдармен, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен жүзеге асады. Мемлекет басшысы жариялаған Жолдаудан соң алдағы уақытта өзгерістер енбек. Қазірдің өзінде жайылымдық жерлер шақырымдап алыстауда.
Мемлекет басшысы маңыз берген жайылымдық жерге алаңдаған жұрт үшін бұл жаңалық қуаныш сыйлады.
Абзал ЖОЛТЕРЕК