Су тапшылығы сейіледі
Сәрсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыс халқы алдындағы есепті кездесуін өткізді. Әкім өткен жылы атқарылған ауқымды істер жайын баяндап, алда тұрған міндеттер туралы бірқатар маңызды жоспарларды електен өткізді. Жиын онлайн форматта ұйымдастырылғандықтан есепті өңірдің түкпір-түкпіріндегі ағайын тыңдады.
Гүлшара Наушақызы өткен жылдың күрделі болғанын айтты. Өйткені әлемдік пандемия дамудағы қалыпты тіршілікті, экономиканың даму үдерісін тежеген. Бірақ қиындыққа мойымай, ойдағыдай еңсеріп келе жатқан Сыр жұртшылығын ризашылығын білдірді. Сындарлы сәтте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан халыққа материалдық көмек көрсетіліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев коронавируспен күресуге нақты шешім қабылдайды. Соның арқасында бүгінгі күні Қызылорда облысы «жасыл аймаққа» тұрақтап, эпидемиологиялық күрделі жағдайдың алдын алуға дайын екенін жеткізді.
Мәселен, өткен жылы Қызылорда қаласынан заманауи үлгідегі 200 орындық модульді жұқпалы аурухананың құрылысы аяқталған. Сәуір айынан бастап іске қосылады. Сондай-ақ 3200 төсек-орын мен 3500 медицина қызметкерінен тұратын кадрлық резерв жасақталды. Науқастанғандар былтыр дәріханадан препараттар таппай қиналғанын білеміз. Ол да ескеріліп, екі айға жететін дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры қалыптастырылып, оған облыстық бюджеттен 488 млн теңге қаржы қаралып қойған.
Пандемияның бірінші толқыны үлкен тәжірибе болғанын айттық. Сол тұстан бүгінге дейін медициналық ұйымдар қажетті жабдықтармен толық қамтылып үлгерді. Тоғыз ПЦР аппараты жұмыс істеп тұр. Тұрғындардан тәулігіне 1000-1500 сынама алынуда. Сәйкесінше бүгінгі күні аймақта жаппай вакциналау жұмыстары жүргізілуде. Өңір басшысы вакцина салдыру – әр адамның жеке қалауы екенін, мәжбүрлеу болмайтынын да ерекше атап өтті.
***
Облыс экономикасындағы кейбір көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, Үкіметпен жасалған меморандум бойынша өңірге инвестиция тарту 230 млрд теңге болып белгіленсе, жоспар 27 процентке артығымен орындалған. Бұл 300 млрд теңгеге жуықтайды. Тұрғын үй салуға байланысты жасалған жоспар 3 проценттік өсіммен қорытындыланған.
Десек те өңір экономикасында мәселе жоқ емес. Негізгі проблема кен орындарының сарқылуы болып отыр. 2020 жылы мұнай өндіру көлемі 960 мың тоннаға азайса, биыл кен орнының әлеуеті азайғаны тағы байқалды. Ал уран өндіру көлемінің 20%-ке төмендеуі өнеркәсіптік өнім өндіру мен қайта өңдеу көрсеткішіне теріс әсер етті. Мұнай мен уран өндірісінің төмендеуін болдырмау үшін облыста кешенді шаралар қабылдануда. Содан да болар жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының экономикалық күрделі жағдайын ескеріп, Үкіметке қолдау көрсетуді тапсырған. Ал әкім осыған орай республикалық бюджеттен қаржылық қолдауды қажет ететін 110 жобаны әзірлеп, ұсынып қойдық деп отыр.
***
Жұмыссыздық мәселесін барынша азайту облыста күн тәрбіне қойылған. Гүлшара Наушақызы жаңа жұмыс орындарын ашу әкімдіктің басым бағыттарының бірі екенін мәлімдеді. Қазірдің өзінде «Ауыл – Ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларының арқасында өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентке тұрақтаған. Республикада бұл көрсеткіш 5 процентті құрайды.
Былтыр осы бағдарламалар аясында тұрғын үй, жол және әлеуметтік салаларда 351 жоба мәресіне жеткен. Бұған тұтас 44,3 млрд теңге қаржы жұмсалған. Әкім биыл осындай 42 жобаны іске асыратынын сенімділікпен айтты. Өйткені өткен жылы жобалар арқасында өңірде ашылған 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны облыс экономикасына айрықша әсер еткен. Бұған халықтың нақты жалақысы 11,5%-ке, ақшалай табысы 1,3%-ке өскенін қосып қойыңыз.
Әлеуметтік нысандар жайынан да аз-кем ақпар бере кетейік. Барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша облыста 492 шақырым болатын автожол мен көше жөнделіп, 2 көпір салынған. Мұнымен қоса 408 пәтерлі 39 көпқабатты тұрғын үй, 13 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Биыл осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, 1964 пәтерлік 101 тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Осы орайда облыс халқының 97 проценті орталықтандырылған ауызсумен, 65 проценті табиғи газбен қамтылғанын біле жүріңіз.
***
Жақын келешекте мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 158 мың гектар алқаптағы ирригациялық, дренаждық жүйелер мен 29 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру әкім ойында бар. Оны айналымға енгізу жобаларын жүзеге асыру көзделіп отыр.
Жыл сайын жаз мезгілі жақындағанда аймақта су тапшылығы орын алатыны үйреншікті жағдайға айналды. Әсіресе өткен жылы тіршілік көзінің аздығы қатты сезілді. Себебі Сырдария өзені арқылы келетін судың 70%-ке жуығы қыс мезгілінде келеді. Ал жазда оны қажет ететін салалар өңірде өте көп. Сондықтан алдағы уақытта қысқы тасқын суды жинақтау үшін 2,3 млрд текше метр су жинайтын қоймалар салу жоспарға кіріктірілген. Мәселен, биыл «Қараөзек» және «Күміскеткен» су қоймаларының жобалау құжаттамалары аяқталған соң, үлкен құрылыс басталады.
Қазіргі таңда «Қызылорда» және «Әйтек» су тораптарын қайта жаңғырту және Жалағаш ауданындағы дренаж-суару жүйесін жетілдіру ісі жүргізілуде. «Жиделі» су қоймасын жөндеу жұмысы аяқталып, былтыр пайдалануға берілгенін білеміз. Өңір басшысы осы жылы Үкіметтің қолдауымен «Көкарал» бөгетін қалпына келтірілетінін де айтып қалды. Жоба құны 5 млрд теңге жуықтайтыны анық.
Ал мал шаруашылығын дамыту саласы бойынша қосалқы жерде орналасқан жайылымдарда 345 су көзін құжаттандырып, шамамен 1,3 млн гектар жерді пайдалануға беріледі.
Гүлшара Әбдіқалықова облыс әкімі қызметіне тағайындалған уақыттан бері облыстың барлық аудандарында және 80-ге жуық ауылдық округтерде болды. Ауыл-аймақтағы түйіткілді мәселелермен танысып, өңірді дамытудың 2021 жылға арналған 6 негізгі бағыты бойынша облыс әкімінің «Іс-қимыл жоспарына» түртіп алған. Бұдан бөлек Қызылорда облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Оған алдағы 5 жылда аймақта шешімін табуы тиіс ең негізгі жобалар енгізілген. Облыста әлі де өзектілігін жоғалтпаған мәселелерді облыс әкімі кезең-кезеңімен шешеуге уәде беріп отыр. Нәтижесі – уақыт еншісінде.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ