Қазақстандықтарды WhatsApp арқылы фишинг сайтқа шақыратын алаяқтар пайда болды
WhatsApp мессенджерінде фишингтік сайт жарнамасы тарап жатыр. Сайт пайдаланушыларға смартфон ұтып алу үшін сауалнамадан өтуді ұсынады. Шын мәнінде бұл пайдаланушының жеке деректеріне қол жеткізу үшін жасалған алаяқтық әрекет, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Платформада пайдаланушының жеке мәліметтерін сұрайды. Мысалы, жынысы, жасы, тұратын елі және басқалары. Сауалнама нәтижесі бойынша олар ұтыс ойынын өткізіп, қымбат ұялы телефон жеңімпазын таңдайды.
Сауалнаманың төменгі жағында бұған дейін құнды жүлделер ұтып алған бірнеше пайдаланушы пікір қалдырған. Алайда онда әйел адам есіміне көбінесе ер адамның суреті қойылған және барлығы шетел азаматтары. Ал пікірлердің бәрі орыс тілінде жазылған.
Сайт дизайны қарапайым және "мекенжай жолында" қауіпсіз интернет платформасы белгішесінің болмауы фишинг сайт екенін көрсетеді.
Осындай интернет платформалар көмегімен алаяқтар жеке ақпаратты, төлем деректерін, парақшалардағы құпиясөздерді және пайдаланушылар туралы басқа да ақпаратты ұрлайды.
kaz.tengrinews.kz