«Кызылординские вести» газеті: Қасиетті өлкенің қазыналы шежіресі
Аймақ аттас басылым – «Кызылординские вести» газетінің 90 жылдық кезеңін сараласақ, көп дүниені, атап айтқанда, облыстағы баспасөз тарихын, сарғайған парақтарда қатталған тағылымды, бүгінгі медиадағы дәстүр сабақтастығын көз алдыңызға әкеледі. Бұл – Алашқа ана, талайға пана болған қасиетті өңірдің өмір бүлкілімен біте қайнасып жатқан қазыналы шежіре.
Өткен ғасырда «Ленинский путь» атты шағын газеттерден бастау алған басылым осынау жылдар ішінде қызығы мен қиындығы мол үлкен жолдан өтті. Газет «Путь Ленина» болып шыққан әр жылдары қызылордалықтардың ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегінің насихатшысы болды.
«Кызылординсике вести» газетінің тарихы 1930 жылдың 1 қаңтарынан бастау алады. Дәл осы күні Қызылорда қаласында «Ленинский путь» газетінің бірінші саны жарық көрді.
Бұл басылым да алғашқыда партия, кеңес және округтік комитеттердің ресми органы саналды.
Округтік комитеттің «Ленинский путь» газетінің жарыққа шығуы Қызылорда округтік комитеті партиясының бірінші хатшысы, қоғам және мемлекет қайраткері Абдолла Розыбакиевтің идеясымен жүзеге асты.
Басылымның алғашқы редакторы болып В. Клопотюк тағайындалды.
Бұл газет өз тарихында бірнеше рет жабылып, қайта ашылуымен оқырмандардың ерекше есінде қалды. Басылым алғашқы рет 1930 жылдың 15 қыркүйегінде округтердің жойылып, жаңа аудандық бөліністің пайда болуымен жабылған.
Екі жылдық үзілістен соң, 1932 жылдың 23 қазанында «Ленинский путь» газетін қайта жарыққа шығару туралы шешім қабылданады. Басылым сол уақытта не бары 250-300 данамен ғана жарыққа шығады.
1933 жылдың 2 ақпанында облыстық екі газетті ұстап тұруға қаржының жеткіліксіздігіне байланысты орыс тілді басылымды жабу туралы бұйрық шығады.
1938 жылы жаңадан құрылған облыс орталығының әкімшілігі Қызылорда қаласы болып бекітілуіне байланысты, облыстық комитеттің бюросы екі тілде газет шығаруды қолға алады. Қазақ тілінде бұрыннан жарық көріп келе жатқан «Ленин туы» газетінің атауы «Ленин жолы» болып өзгертіледі де, ал, орыс тілінде бұрын жабылып қалған «Ленинский путь» газеті қайтадан ашылады. Сол 1938 жылы «Ленинский путь» газетінің таралымы бұрын-соңды болмаған 8700 данаға жетіп, газет тек Қызылорда облысына ғана емес, Мәскеу, Ленинград, Куйбышев, Оренбург секілді қалаларға дейін тарайды. Дәл осы жылдары «Ленинский путь» газетінің атағы бүкіл КСРО-ға жайылды.
1964 жылы республикадағы әкімшілік-территориялық өзгерістерге байланысты газет уақытша жабылып, 1965 жылдың 2 наурызында қайта ашылған. Осы күні газеттің таралымы 13000 данамен таралып, «Путь Ленина» деген жаңа атаумен жарық көрді.
1975 жылы 3 маусымда газеттің 10 мыңыншы данасы жарыққа шықты. Басылым сол жылы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Ал, 1980 жылдың 22 қаңтарында газеттің жарық көргеніне 50 жыл толуына орай КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының Жарлығымен «Путь Ленина» газеті «Құрмет белгісі» («Знак Почета») орденімен наградталды. Басылымды аталған орденмен марапаттау туралы Жарлыққа Президиум төрағасы Л. Брежнев, хатшысы М. Георгадзе қол қойған. Газеттің таралымы сол жылдары 18000 данаға дейін жеткен.
1991 жылы Қазақ елі қол жеткізген тәуелсіздікпен бірге, «Путь Ленина» газеті де еркіндікке қол жеткізіп, құлашын кеңге сермеп, жаңаша тыныстай бастады. Сол жылдың күзінде басылым атауы «Кызылординсике вести» болып өзгерді.
Ел егемендігін алып, тәуелсіз мемлекетке айналған, қай өңірге де оңайға соқпаған елең-алаң тұста облысымыздың қайта түлеп, жаңғырып, жаңаруына да газет тілшілері белсене атсалысты. Сол қиын уақыттың салмағын газет журналистері бірге көтеріп, басылымның игі дәстүрлерін сақтап қалды. Ол кезең қазір облыс тарихының жарқын беті ретінде жазылып қалғаны – газет ұжымы үшін үлкен мәртебе.
Бүгінгі таңда аталған басылым тәуелсіздік аясында өркендеген Қазақ елінің іргелі өңірі Қызылорда облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді.
Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі «Кызылординские вести» газеті – Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатын халыққа жеткізіп отырған, айтар ойы салмақты, заманауи дизайнмен әдіптелген басылым.
Ерекше атап өтерлігі – әр жылдары басылымның атауы өзгеріп отырғанмен, қазыналы өмірдің төл газеті бір орында қайырлап, не тұралап қалған жоқ. Талай-талай шыңдалу белестерінен өтті. Қалай аталса да, халықтың көзі мен құлағы, сенімді мінбері бола білді.
kyzylorda-news.kz