Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай зауыттары туралы айтты
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлауынша ҚР Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында тақырып аясындағы қауесетке ермеуге шақырды.
"Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, шетелден мыңдаған жұмысшы тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін сәтті пайдалана білетін ойы бұзық адамдар осындай алып-қашпа әңгімелерді шығарып жүр. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсатын түсіндіру. Мен жерді ешкімге бермейтінімізді тағы да айтқым келеді", – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңсақ пікірдің ел бірлігін ыдыратуға ықпал ететінін атап өтті.
"Біздің халық дана және өз ақылымен өмір сүреді. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог арқылы мемлекеттік саясаттың мақсаты мен міндетін түсіндіру, оны біз көбіне нашар орындап жатамыз. Ақыл-ой мен ұсыныстарды ескеру, қабылдау. Мен тағы қайталап айтамын, біз жерді ешкімге бермейміз және әрдайым халықты тыңдап отырамыз", – деді Президент.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат