Әліппенің әлегі: Аймағамбетовтің айтары, Смақованың сыны
Қазақстанда екі жылдан кейін Ахмет Байстұрсынұлының әдістемесі негізінде оқытылатын әліппе қайта мектеп бағдарламасына енгізіледі. Бұл туралы бірқатар мәселелер барын Sputnik Қазақстан тілшісі хабарлады.
Тамыз конференциясында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептің оқу бағдарламасына әліппенің қайта енгізілетінін:.
"Ұстаздар мен ата-аналар көптен әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселе өте маңызды. Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізілетін болады", - деп мәлімдеген болатын.
Министр "ойдан ештеңе құрастырудың қажеті жоқ" деген пікірін де жасырып қалмады. Себебі бізде қазақ тіліне бейімделген әдістеме бар. Ол - Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі. Әліппе соның негізінде жасалады.
Тамыз конференциясынан кейін өткен баспасөз мәслихатында білім министрі жаңа оқулықта бірқатар өзгерістің болатынын да айтқан еді.
"Біз егемен елде тұрып жатырмыз. Сондықтан ішкі құрылымы қазіргі заманға қарай өзгертілетін болады. Бірақ қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленуі керек", - дейді Аймағамбетов.
Ғалымдарды дәл осы өзгеріс мәселесі алаңдатып отыр. Профессор Айгүл Смақованың айтуынша, министр жақсы жаңалықты жарияласа да, оған қатысты негізгі мәселелерді ашық айтқан жоқ.
"Министр әліппе Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде қайтып келеді деді. Ал әліппе латын нұсқасында бола ма? Қазіргі біз сөйлеп жүрген кирилл нұсқасында бола ма? Себебі Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі төте жазудағы әліппе. Біз ондай жазуды қолданып жүрген жоқпыз. Міне, бұл мәселе ашық қалды. Сондықтан халыққа осыны түсіндіру керек", - деді Смақова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Ғалымның айтуынша, бүгінде латын графикасына көшуге қатысты нақты жоспар бар. Алайда әліппенің латын нұсқасы бекітілмеген.
"Меніңше, әліппе қазіргі кирилл қарпімен шығуы керек. Себебі бүгінде біздің тіл ғалымдары ұсынып жатқан латын нұсқасы шикілеу. Сондықтан балалардың миын ашытпай, әліппені алдымен өзіміз үйренген нұсқада енгізген дұрыс. Артынша латын әліпбиі талқылаудан өтіп, бекітілгеннен кейін көшуге оңай болады", - деп атап көрсетті Смақова.