Арықбалықтық ардақтылар
Осыдан бір жарым ғасырдан астам бұрын, яғни 1868 жылы Қазалы уезі кезінде №15 Арықбалық болысы құрылған. Сондықтан тарихы терең, осы өңірдің бізге белгісіз талай құпия сырларын бүгіп жатқаны анық. Арықбалық ауылында туып-өскен, өз білім-біліктілігімен елге танылған екі Нысан өмір сүрген. Бірі – қара Нысан би, ал екіншісі – сары Нысан ишан.
Нысан би
Біз сөз етіп отырған қара Нысан би – Жақаудан-Шоңай, оның 6 баласының (Бердалы, Бөрібай, Бигелді, Төлеп, Нысан, Қадір) бірі. Ол кедей шаруадан шыққан. Жасында жарлылықтың зарын тартып, жалшылықта өмір сүрген. Күнкөріс үшін әркімнің малын баққан, жұмыс іздеп бармаған жері қалмаған.
Осы уақытта Ресей патшасының жіберген әскерлері анталаған сыртқы жаулардан қорғауға көмектескен сияқты әртүрлі сылтаумен қазақтың ата-бабадан қалған ұлан-байтақ жеріне бірте-бірте еніп, Арал, Қазалы өңіріне де жеткен. Жер-суын зерттеу үшін экспедициялары келіп, бекіністер сала бастаған кезең еді.
Тіршілік қамымен Нысан Арал экспедициясына жұмысшылыққа жалданып, орыстармен тіл табысып, сенімдеріне кіреді. Соның арқасында мол ақша тауып, жағдайын түзеп, елге оралып, өмірінің соңына дейін жоқшылық көрмей өткен.
Шоңайдан шыққан Нысан тумысынан елгезек, қай іске де тындырымды, сабырлы, ақылды, ұстамды адам болған дейді. Ел қатарына қосылғаннан кейін, туған-туысқандарымен қатысып, көпшілікке араласып, өзінің жарлы-жақыбайларға қайырымдылығымен, әділетті істерімен, жеме-жемге келгенде ұтырлы сөзді тауып айтып, қатарларынан ерекшелене түскен. Бірте-бірте елдің сыйлы, зиялы адамдары қатарында Нысан би атанған.
Баласы Ералымен бір шешеден туған Сүйсін деген қызын Қаракөл болысы болып тұрғанда Егізбайдың Мырзағұл деген баласына беріп, құда атанған.
Кезінде өзінің қарапайымдылығымен, әділеттілігімен ұзақ жылдар бойы халқы қалап, бірнеше рет сайлап, болыс болған Егізбайдың жанынан табылып, бірін-бірі қолдап, халықтың құрметіне бөленген. Ағайынға қамқорлығы, жағымды істерімен ол Егізбайдың да ел арасында беделін, абыройын көтере түседі.
Қара Нысан би бола жүріп болыстыққа да сайланған деген де дерек бар. Айтар сөзге келгенде тапқыр, кесіп айтатын, ретті жерінде батырлығы да болған.
Ел ішіндегі «Егізбай – Нысан ел биледі», «Егізбай, Нысан қос жүйрік, Елдің қамын ойлаған. Нысан бидің кәсібі, егессе жеңбей қоймаған» деген сөздер осыдан жеткен сияқты.
Нысан би Арықбалық ауылындағы «Ащы көл» етегіндегі Жақау аталығынан тараған ағайындардың қорымында жерленген.
Нысан бидің ең үлкен баласы Келжан, екінші баласы Медеубай, олардан Мұхамметалы, Ералы, Мұхамметияр, кіші әйелінен Дидар, тағы басқа, барлығы 9 ұлы тараған. Ал олардан өсіп-өнген ұрпақтар бүгінге дейін Қазалы, Аралдан бастап, еліміздің түкпір-түкпірінде, тіпті әрісі Өзбекстанда тұрады.
Бірде Тілеуберген баласы Баймахан іздеген жоғының Жақайым Қосан дегеннің малына қосылғанына көзі жетіп сұрауға барыпты. Қосан: «Сен кімді ұры көріп жүрсің, өлмей тұрып үйден шық», – деп тілдепті. Оның намысына тигеніне, зорлығына шыдамай, ашу қысқан Баймахан Арықбалық ауылының дария беткейін қоныстанған Нысан биге барып, мұңын шақса:
– Баймаханжан-ай, Егізбай – Нысан тұрғанда сенің малың қайда кетеді? Деміңді ал, жайлан. Көп ұзамай сол жаққа мал дауына шығамын, сонда бірге барармыз, – дейді.
Уағдалы күні Нысан би қасына бірнеше адамдары мен Баймахан інісін ерітіп, Қосанның үйіне түсіп, қонақ болады. Сол сапарында Нысан би:
– Қосанжан, сені жақсы көремін. Келіннің қолынан ішкен шай қандай? Ауыл арасы алыс, әйтпесе аяқ жетер жер болса келе бергім келеді, – дейді. Қонақ жайлап, ығыр бола бастаған Қосан Баймаханға көзінің астымен қарап кояды. Ал Нысан би болса Баймахан інісін қасына отырғызып, мақтай береді. Сөз төркінін түсінсе керек, Қосан өзі сөз бастап:
– Нысан аға, мына Баймаханның маған келген малы өрісте қосылған екен. Іздеп тауып, сұрап келгенде ашу үстінде жөнімді айтпаған едім. Бір қисық аяқ қашар мен көтерем тайлақ еді, реті келгенде алар, – депті. Сонда Нысан би:
– Қосанжан, Егізбай – Нысан тұрғанда Баймахан інім қисық аяқ малды ұстамайды. Төрт аяғы төрт қара тұратын мал баға, – дейді. Бидің көпшіліктің көзінше айтқан салмақты сөзінен, өткір көзінен сескенген Қосан:
– Аға, кешіріңіз, әр малына төртеуден, сегіз қара берейін, – деп төмен қарайды.
– Сонда Нысан ағаң қалай бос кетеді? – деп дастарқан басында отырғандарды күлкіге қарық қылыпты. Сөз тапқанға қолқа жоқ Қосан қысылып:
– Онда Сіздің де екі қолыңызға екі ат берейін, он бас ірі қара алып, риза болыңыздар, – дей беріпті.
Бірнеше күн жүрген соң Баймахан ағасына рақметін жаудырып, «Екі бас малымды өндірдім ғой, ризамын, ауылыма қайтайын», – деп рұқсат сұрайды. Сонда Нысан би:
– Айналайын, ана сегізін де түгелдей ал. Келінге, ағайын-туғанға қуанып бар, – деп ағалық қамқорлығын көрсеткен көрінеді.
Нысан ишан
Жақаудан (Қасай) тараған Қасаболат ұрпағы Сартайұлы Нысан ишан да Арықбалық ауылында дүниеге келген. Ол мұсылманша діни ілім-білім алуды мақсат тұтып, Бұхар, Самарқан барып, 1851 жылы Бұхара медресесінде Шалұлы Кәлен ишанмен бірге оқыған. Осында өткізген алты-жеті жылдай өмірін бар ынта-ықыласымен алаңсыз оқуға арнап, медресені үздік тәмамдап, ишандық дәреже алып шыққан.
Мұнан соң Нысан ишан елге оралып Арықбалық ауылындағы «Ащыкөлдің» аймағынан салынған мешіт-медреседе өз ұрпақтарымен бірге елдің балаларын оқытып, білім беріп, оларды мұсылмандық дін мен имандылыққа тәрбиелейді. Әулиелігімен қоса, оның емшілік қасиеті де болған. Басы ауырып, балтыры сыздап жанына желеу таппай қиналғандарды Құран аяттарының күшімен, емдік-дәрілік шөптерімен емдеп, сәуесін тигізген.
Қазалылық қаламгер Құдайберген Ысмағұлов «Дүлділдер дүбірі» атты кітабында «Сартайұлы Нысанға Сары деген атты халық қосып айтқан. Өйткені, ол шынында да сары кісі болған. Мұның осылай Сары ишан атанып кетуіне осы тұста Жақау аталығында тағы бір белді де беделді би Нысан болған екен. Екеуін ажырату үшін бірін – сары Нысан ишан, екіншісін – қара Нысан би деп атапты.
Сартайұлы Нысан ишанның он ер баласы, төрт қызы болған. Осылардың ішінде Нұрмахан мен Медетбай ғана ата жолын ұстап, діни білім-ілім алып, имам, Құран-қари молдалыққа жеткен.
Сары Нысан ишан 1916-1917 жылдар шамасында дүниеден өтеді. Қабірі өзі туған жердегі мешіт-медресенің жанында, «Қасай төбенің» төрінде. Жанында елтісі, ұрпақтары, сырлас-замандастары жатыр.
Кешегі зұлмат заманның залым, құдайсыз белсенділері қуғынға ұшыратқан оның ұрпақтары сай тасалап, жандарын шүберекке түйіп, тау асып, тұс-тұсқа кетіп, танымайтын елді паналаған. Баба ұрпағы жиылып, 2006 жылы әруаққа арнап ас берілді. Қабірін тазартып, түнеухана салды. Шырақшы болып Махмуд деген ұрпағы келіп-кетушілерге қызмет етуде. Қабірін күзетіп, күтіп отыр» деп жазыпты.
Міне, Арықбалық ауылынан шыққан екі Нысан жайлы ел ауызындағы, шежіре-кітаптардағы мағлұмат-деректерді елеп-екшегендегі біздің түйген пікіріміз осындай. Ел тұтастығын нығайтуға елеулі үлес қосқан қасиетті бабалар есімі көпшілік жадында сақтала береріне кәміл сенімдіміз.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі