Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүрзі жұдырықты Геннадий

Гүрзі жұдырықты Геннадий

Боксты қазақтың бағын асырған спорт түрі десек артық айтқанымыз емес. Оған тәуелсіздік алған 27 жылдың ішінде отандық былғары қолғап шеберлерінің жеткен жетістіктері айқын дәлел.
1996 жылдан бергі олимпиада ойындарында бокс­тан алтын медальсіз қайтпау әдетке айналған. Себебі аталған жылы Василий Жиров, 2000 жылы Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимов, 2004-те Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бақыт Сәрсекбаев, 2012-нің жазында Серік Сәпиев және 2016 жылы Данияр Елеусінов олимпиаданың алтын жүлдесін ел қанжығасына салды. Қалған жүлделерді айтпағанның өзінде білек күші сыналған сәтте жер шұқып қалған кезіміз болмады. Ал кәсіпқой боксшылардың арасында арқасы жер иіскемеген қазақтың қара баласы Қанат Ислам мен сары баласы Геннадий Головкинге тең келетін боксшы жоқ екені белгілі. Қытайдан елге оралып, «Қазақ» деген лақап атты жанына желеу еткен Қанаттың өмірбаянын білмейтін қазақ кемде-кем. Бүгінгі әңгімеміз сериялы накауттардың авторы Геннадий Головкиннің сара жолы туралы болмақ.
Бүгінде аты аңызға айналған Гена бала кезінде де ұяң мінезді болған. Соған қарамастан гитарада керемет ән айтып, футбол ойнағанды жақсы көретін. Сол балғын шағында да боксшының қазіргі рингтегі қарқыны, жанқиярлығы байқалатын. Бұл туралы Геннадийдің көршілес сыныптасы, бір мөлтек ауданда тұрған құрдасы Асқар Әбдірахметов айтып берді. «Футбол ойнағанда да шабуыл шебінен табылып, көптеген голдар соғатын. Жеңілісті ол сияқты жек көретін адам жоқ шығар. Топ болып жеңілген сәттерде бозарып кететін. Бірақ артық іске бармай, сабасына тез түсетін»,– деп еске алады Асқар. Айтпақшы, Геннадийдің егіз бауыры Максим екеуі бірге жаттыққан. Ол Генаға қарағанда ірі әрі ұзын бойлы болған. Ал Геннадий спорттық қалпына кейінірек келген екен.
Бала Асқар мен Головкин Майқұдықтың 12 мөлтек ауданында тұрады. Сол уақытта ішімдікке әуестік пен есірткі кең етек жайғанына қарамастан бокс­шы мен оның достары өздеріне жақсы ермек таба білген. «Біз үшін қалың киініп алып, өзімізбен ойнап төбелескеннен артық қызық жоқ еді. Осылайша төбелестерден көрген айла-тәсілдерімізді тәжірибеге салдық. Ауладағы лас іспен айналысатын жігіттер бізді айналып өтеді. Басқа балалармен төбелескен кездеріміз де бар»,– дейді Асқар. Ал Геннадийдің балалық шағы туралы «Boxing Scene»-ге берген сұхбатында: «Менің 16-17 жасымда Қарағанды қауіпті қала еді. Достарыммен футбол ойнаудың соңы басқа жігіттермен төбелеспен аяқталады. Көрші мөлтек ауданға кіріп кетсек те төбелес... Көшеде еркін жүру үшін өзіңнің мықтылығыңды дәлеудеуің керек. Бұл менің балалық шағым еді, керемет кездер деп айта алмаймын. Қиындық пен қауіптің арасында жүруші едік», – деп еске алады.
Атақты боксшы білім алған Майқұдық ауданындағы №65 мектепті Геннадидің бағын ашқан оқу ордасы деп айтуға толық негіз бар. Себебі оның үйі мектептен бірнеше қадам жерде ғана орналасқан. Мектепке қарай беттеген тұста ең алғаш спортзал көзге түседі. Қазіргі аңыз боксшының тап осы жерде тәлім алғаны ешкімді таң қалдыра қоймас.
Қазақ боксына Геннадий осылайша қадам басқан. Оның былғары қолғап шебері болуына ағалары Вадим мен Сергей мұрындық болған деседі. Боксшының бауырлары 1990 және 1994 жылдары әскери борышын өтеуге кетіп, сол бойы оралмаған. Артынан қайтыс болғандығы туралы келген суық хабар жас жеткіншектің одан әрі мықты бола түсуіне ықпал етсе керек. Себебі, белгісіз себептермен болған қайғылы жағдай оған белгілі бір міндеттемелер жүктегені анық.
Бокс шеберіне информатика пәнінен сабақ берген Галина Петровна оның сабақ үстінде белсенділігі аз еді дейді. «Генадий жоғарғы сыныпта оқып жүргенде мен қызметке енді қосылып, сол сыныпқа дәріс бердім. Менің сабақтарыма көп қатыспайтын, өйткені спорттық жарыстардан босамайды. Оқушыда ең керемет мінез бар еді. Басқалар сияқты дөрекілік танытпайтын, сыйлай білетін»,– дейді чемпионның ұстазы.
Иә, Генаның осы қасиеті оның шыңдарды бағындырар жолына көп көмектесті. Шыдамдылық пен көркем мінез, еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында қарсыластарының қабырғасын қайыстырып келеді. Шетелдік журналистер оны «машинаға» теңегенінде: «Мен машина емеспін. Өйткені ол да бұзылады. Ал мен бұзылмаймын» деген жауабы оның бір сөйлейтіндігін көрсетсе керек. Оған дәлел осы күнге дейінгі жеңіліссіз 39 жекпе-жек. Әлем халқы мойындаған Геннадий бұндай нәтижеге қалайша жетті?
GGG үшін кәсіпқой бокс дәуірі 2006 жылы басталды. Ол 72 келіге дейінгі орта салмақ категориясында өнер көрсетіп, көзді ашып-жұмғанша әлемдік жұлдыз атанды. Алғашқы 8 жекпе-жекте әр түрлі шебер бокс­шылармен жұдырықтасып, барлығын уақытынан бұрын аяқтады. Соңғы рингтегі өнері қазақ боксына алғаш рет бұйырған әлем чемпионы атағы үшін таласу мүмкіндігін сыйлады. Бұл 2010 жыл еді. Ал бұған дейін 2007 жылы Мехди Боул, 2008 жылы Иано Гарднер мен неміс Малик Дзиаррды тізе бүктірген болатын. Одан әрі WBO-ның континентаралық чемпионатының титулы үшін испандық Джон Андерсон мен ресейлік Михаил Макаровты қапы қалдырып, WBO-ның уақытша әлем чемпионы атағын алу мақсатында 2010 жылы өткен жұдырықтасуда колумбиялық Милтон Нуньесті бірінші раундта-ақ сұлатып түсірді.
Осы жылы Геннадий Головкин атақты промоутерлік компания ағайынды Кличкомен келісімшартқа отырды. Сол сәттен бастап жеңіліс көрмеген боксшы әлемнің азулы боксшыларымен жұдырық түйістіру мүмкіндігіне ие болды. Ал 2014 жылы Гена өзінің «GGG» тауар белгісін патенттеді.
Қазақстандық боксшымен жекпе-жекке шыққан­дардың денсаулығына нұқсан келетіні және қайта қалпына түсуіне біршама уақыт өтетіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен, Генадан жеңілгеннен соң ұзақ уақыт спорттық қалпына келе алмаған бокс­шы аргентиналық Хорхе Ариэль екен. 2006 жылы нокаутқа түскен ол бес жылдан кейін ғана – 2011 жылдың қарашасында қайта шаршы алаңға шыққан. Хорхе бес жыл бойы денсаулығының жарамдылығын көрсететін лицензияға қолы жетпей келген. Күніне үш мәрте жаттығу жасайтын GGG-дің ең ұзақ төбелесі Дэниэл Джейкобспен болғанын дүйім жұрт әлі ұмытар емес. Гена жеңіс үшін 12 раунд бойы тер төккен.
Көптеген жанкүйерлерді боксшының қай қолмен жұдырықтасатыны қызықтырады. Генадий сол жақ «стойкада» тұрып, оң қолмен батыл айқасады. Десек те, бұл нокауттар патшасына поляк Гжегожем Прокс­пен болғандай сол қолмен сұлатып түсіруге кедергі келтірмеді.
Былтырғы жылдың 5 мамырында Головкин мен Канело арасында өткен жекпе-жек әлі дүйім жұрттың есінен шыға қоймады. Себебі, екі аңыз боксшы үшін бұл сайыс оңай болмады, нәтижесі де тең деп бағаланды. Әділқазы мүшесі төрелік етуден шеттетілді. Қазақ бокс­шысы жеңеді деп көліктерін, үйлерін бәске тіккендер өз басын өзі төмпештеді. Канелоның допингпен басы дауға қалғанына қарамастан, 15 қыркүйек күні екі боксшы шаршы алаңда қайта кездеседі. Тағы да сол эмоциялардың ұшқыны, жүректердің қысылып, нокаутты күтумен өтететін уақыт... Қарсыластың осал емес екені анық. Жеңіске жетуге деген құлшынысы мен бабында екендігін алғашқы кездесуінде-ақ көріп, білдік. Бірақ осы жолы да біз қазақ боксшысының жанкүйері болып, жеңіске жететініне сенеміз. Қалғанын уақыт көрсетпек.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

20 маусым 2018 ж. 1 569 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930