Іріктеу кезеңінде ірілік көрсетті
Ел егемендік алғаннан бері әзілге бір табан жақын жанның «мазағы» қазақ футболы болды. Көптеген әзіл-ысқақ театрлары, жайдарманшылар мен сқақшылар спорт саласындағы осы кемшілікпен ұпай жинайтын. Шынында миллиондаған ақша беріп, шетел футболшыларын ұлттық құрамаға тарту, бюджетті қылғындырып, қолынан түк келмейтін қымбат жатжұрттық бапкерлерді жалдау ұлттық құраманы бәскеге қабілетті ете алмады. Тәуелсіздік алған жылдары команда құрамына қалталылардың қарадомалақтары алынып, таланты кемшілдер арасында үздік болуға талас болған жоқ. Енді қарасаңыз, қаржыдан қиындық көрмеген қазақстандық футбол отыз жыл ішінде Еуропаның үздік командаларында ойын өрнегін көрсете алатын футболшы шығара алмады. Тек көршілес Ресей мен посткеңестік мемлекет біріншілігінде ойнайтын бірлі-жарлы «жолы болғандар» болмаса... Соңғы уақытта әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп жүрген Қазақстан құрамасы көңілге демеу беріп келеді. Бұл қазақ футболшыларының бұрын байқалмаған қайсарлығына қарап, келешегінен үміт күтіп отырмыз.
Білікті бапкер бақпен тең
Қазіргі Франция елінің құрамасын қарасаңыз, ойын приставкасындағыдай ең үздік құрам екенін аңғарасыз. Өкініштісі сол, әлемнің ең үздік клубтарында өнер көрсететін Мбаппе, Гризман, Бензема, Джиру сияқты шабуылшылар мен Погба, Юмтити, Баран есімді аты аңызға айналған футболшылары бола тұра, жетістікке жетіп жатқаны шамалы. Ол аз десеңіз, ел атынан бүгінгі күннің үздік қақпашысы Алиссон Бекер ойнайды. «Енді бұларға не жетпейді» дерсіз. Футболдан хабары бар адам алаңдағы 11 ойыншының позициясы нақтыланып, ауызбіршілікпен қимылдамаса, «жұлдыздарды» жинаудың бекер екенін бірден түсінеді. Француздар да бапкердің отствакаға кетуін талап етіп жүргелі қашан...
Адам бойындағы рух пен шеберлік те айрықша рөл атқарады. Мұны ойыншы жүрегіне орнықтырып беретін – білікті бапкер. Дәл осы сәттегі ұлттық құраманың жаттықтырушысын көпшілік нағыз уақытында келген менеджер ретінде бағалайды. Көпшілік қызығушылық танытқан қазақ спортшыларын отандық футболдың жаңа деңгейіне көтеріп келе жатқан Талғат Байсуфинов кім?
52 жасар Талғат Маруанұлы шетелдік футбол ардагерлері секілді жас кезінде жүздеген гол соқпаған павлодарлық клубтың түлегі. 1985 жылдан 1999 жылға дейін 180 ойынға қатысқан. 26 рет қарсылыс қақпасына доп қадаған. 1992 жылы алғаш рет ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Футболдағы карьерасын аяқтағаннан кейін, «Есіл», «Ақсу», «Иртыш», «Ақжайық» командаларының бас бапкері ретінде ел ішінде көптеген кубокты қанжығалады. Осыдан кейін 2016 жылы футбол федерациясы Талғатты Қазақстан құрамасын жаттықтырушы ретінде шақырды. Жыл өткесін қызметінен босатылған ол былтыр қайта тағайындалды.
Футбол сарапшылары мен федерация Т.Маруанұлын білікті бапкер ретінде ғана емес, ойыншылардың жүрегіне рух бере алатын, ойынға дейін немесе үзіліс кезінде жігерлендіре алатын маман ретінде бағалайды. Ал командалық ойында жетістікке жету үшін он бір ойыншыны ортақ мүддеге жұмылдыру аса маңызды.
Футбол да белгілі бір дағдыға үйретеді. Мысалы, тәуелсіздік жылдары дүниеге келген қазақ жастарының өркениет тілімен сөйлейтіні, жаңа дүниеге бейімделгіштігі бар. Мұндай прогресс жасыл алаңда да жиі байқалатын. Бірнеше жыл бұрынғы ойыншылар құрамы қазір жоқтың қасы. Тек қорғаныс пен жартылай қорғаныста өнер көрсететін орыстар болмаса, ұлттық құрама жасарып келеді. Бас жаттықтырушының талабы солай.
– Біз ұлттық құрама атынан ойнауға шақырту алған ойыншыларға бар өнерін көрсетуге мүмкіндік береміз. Әсіресе, жастардың бетін қақпауға тырысамыз, – дейді жаттықтырушы Талғат.
Бапкер байқаған таланттың бірі – Мақсат Тәйкенов Финландиямен өткен ойында алғаш рет ұлттық құрама сапында дебьюттік матчын өткізді. Журналистер алдында жауапты кездесуде есесін қайтаратынын айтып батыл мәлімдеме жасаған жас спортшының жанарынан отты жалынды байқағанымыз жасырын емес.
– Әрине, жеңе аламыз. Финляндия соңғы Еуропа чемпионатында өнер көрсетті, бірақ өте мықты деп айта алмаймын. Мүмкіндік бізде де көп болды. Жеңуге болатын еді. Бірақ, өкінішке орай, сәттілік жетіспеді. Қолдап жатқан барша жанкүйерлерге рақмет. Осы қалпымнан таймай, жұмыс істеуімді әрі қарай жалғастыра беремін.
Осындай мүмкіндік сыйлаған Талғат Маруаұлы мен көмекшілеріне алғыс айтамын. Алғашқы ойын болған соң 20 минутқа дейін қобалжыдым. Содан кейін кішкене өз-өзіме келіп, жақсы ойын көрсеттім. Қазақстан ұлттық құрамасының жейдесін кию мен үшін үлкен құрмет. Бұл менің бала кезден бергі арманым, – деді Мақсат тебіреніспен.
Ұлттық құрамада ұлттық рух бар дегенді бірнеше жыл бұрын айтуға ауыз бармайтын. Қазір осылай тақырыпты қаузауда көңіл қуанады.
Сенсацияға сендіңіз бе?
Катарда өтетін әлем чемпионатына іріктеу басталған тұста озық ойын өрнегін көрсететін елдер футболын көретіндер қатарынанбыз. Францияның Қазақстан құрамасымен өткен алғашқы ойынын тамашалауға біздегілер әдеттегідей әлем жұлдыздарымен кездесуді мақсат еткенін топшылау қиынға соқпайды. Қатарында өз елі үшін тақым қысып отырғандар да аз болмады. Ел астанасында өткен ойында қазақтар 2:0 есебімен жеңілсе де, мықты командаға барынша төтеп бергеніне жұрт риза болды. Бұл жолы ХХІ ғасырдағы ең қымбат ойыншы үштігіне кіретін Киллиан Мбаппенің пенальти сала алмағанын да біраз абырой көрдік. Ұпайға талас үшін бөлінген топтан Францияны көргенде, қарсыластың іріктеуден үздік есеппен өтетінін іштей білдік. Содан да болар бұл жеңіліске аса көңіл түсе қоймады. Жалпы, Қазақстан ұпайға таласатын бұдан өзге Украина, Финландия, Босня және Герцогина құрамаларымен тең ойын ойнауды ойлаудың өзі ауыр еді. Ал қазіргі түйеден түк жұлып алған түріміз бақыттан басы айналған баладан кем емес.
Бұдан кейінгі Украинамен кездесу де қазақ жерінде өтті. Жанкүйерлердің қолдауы бар, «өз үйіңде» өнер көрсетіп жатқаны демеу, қазақтар 1:1 есебін тіркеп, бір ұпайды қоржынға басты. Сенсация деген осы деп ойладық. Алайда ұлттық құрама салвяндар елінде өткен қарымта матчта да екі гол соғып, «Манчестер сити» құрамында ойнайтын Зинченконың таңдайын қақтырып, бармақ тістетті. Қазақ шабуылшысы Валлиулин ойынға қосымша берілген соңғы алты минуттың ішінде солақай соққымен қақпаны солқылдатты. Осылайша кезекті бір ұпайды жеңімпаз болғалы тұрғандардан жұлып алды.
Боснялықтар да қазақтардан оңай олжа күткенін бәрі біледі. Қатарында италиялық «Романың» жарық жұлдызы Джеко, Барселонада өнер көрсеткен Пьянич сынды басқа да талантты футболшылар болса, бұлай ойлау заңды еді. Бірақ Асхат Тағыбергеннің капитандығымен алаңға шыққан аяқдопшылар алғаш болып есепте ілгеріледі. Сарапшылар сөзімізді қоштайды, ойынның екінші жартысында төреші әлгі Джеконың симуляциясына сеніп, 74 минутта қазақ қақпасына пенальти белгіледі. Бұл біздің жігіттердің жігерін құм қыла алмады. Десек те, ойының негізгі уақытының аяқталуына 4 минут қалғанда боснялықтар баспен гол соқты. Ең қызығы, ойынның 90+5 минутында ресейлік ЦСКА клубында ойнайтын Бақтияр Зайнуддинов айып алаңының сыртынан, айып соққымен соқты. Нәтижесінде Бақтияр матчтың үздік ойыншысы және қазақстандық сұрмергендер тарихындағы үштігіне кірді. Баспасөз конференциясында босниялық тілшінің Қазақстанды «аутсайдер», яғни әлсіз команда деген сөзіне жауап беріп, Қазақстанда өтетін қарымта матчта желкесін жерге тигізетінен сенімділігін де жасырмады.
– Талғат Маруаұлымен бірге баспасөз мәслихатына барғанда бізді аутсайдер дегенін естігенім рас. Бұл көңілге тиді. Сол жолы «Сіз гол сала аласыз ба?» деген сұраққа мен: «иә» деп жауап бергенімде тілшілер менсінбегендей кейіп танытты. Сөзімді алдымен өзіме, сосын әлгілерге дәлелдегім келді. Ең бастысы, гол салдым, командамыз да мінез көрсетті. Босниялықтардың бізге деген көзқарасы өзгерді. Ойыннан кейін барлығы басқаша болды. Біз тегеурінді командамыз. Әлі де айтарымыз бар. Құдай қаласа, екінші ойында ұтамыз! Себебі үйдегі матчта жанкүйерлер қолдайды. Демек, біздің мақсатымыз айқын. 2 ойында екі жеңіс тіркеу, – деді матчтың үздік ойыншысы.
Саңлақтарға сену керек
Әзірге әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен топтық кезеге өту мұң болып тұр. Ұпайға таласқан бес команданың көп ұпай жинаған екеуі ғана трофей үшін таласа алады. Ал бұған Қазақстан қаншалықты қауқарлы? Команда капитаны Асхат Тағыберген:
– Екінші орын алатын мүмкіндігіміз бар. Осы жолғы құрама ерекше. Бұрынғыдай ешкімнен қорықпаймыз, өз ойынымызды көрсетеміз деп ойлаймын. Бұйырса, қазан айында Финляндия, Босния және Герцеговина командаларын өз алаңымызда қабылдаймыз. Бұл құрамаларды ұта алатынымызға көзіміз жетті. Жанкүйерлерді қуантуға бар күшімізді саламыз, – деді.
Расында бұған дейін ұлттық құрама іріктеу кезеңінде мұндай тамаша мүмкіндікке ие болып көрмеді. «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» дегендей, қарсыластың қыр-сыры мәлім. Қазақ футболшылары да Месси секілді бірнеше адамды алдап өтетін қабілетке ие екенін байқадық. Қарсыласты өз алаңымызда қабылдайтынымыз тіпті жөн. Ендігісі тек сенім. Жанкүйерлердің қолдауы, қазақстандықтардың үлкен сенімі қажет. Тарихи сәттің куәсі болар күн алыс еместей көрінеді. Ал құрама құтқарушысы шәкірттерімен ендігі дайындықты бастап кетті.
– Алға жылжуды анық байқаймыз. Сөйте тұра, бұл биікке тоқмейлісімейтініміз бар. Қарсыласымыздың осалы жоқ. Бірақ олардың ешбірі бізден артық емес, – деді Талғат Байсуфинов.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ