Үш аяқты ит
Ол аққұлақ қаншықтан туылғанда үш аяқты күшік болатын. Оның ит санасы әрине мұны ұғына алмады. Басқа да күшіктермен араласып шойнаңдап басып, ойнап жүретін. Енді бүгін иті жайлы әңгімесін көршісінің өзі айтып отыр.
– Ең алғаш кішкентай күшіктің үш аяғын көргенде қатты таң қалдым, – деді көршісі.
– Е, оның бәрі де полигонның кесірі ғой, – деді бұл.
– «Үш аяқпен ит қалай өмір сүреді?» – деп те күдіктенгем.
– Қазақ «ит жанды» деген сөзді бекер айтпаған. Туғанда төрт аяғы тең болса да, бір аяғын оққа беріп шойнаңдап жүретін менің бір итім болып еді, – деді бұл. Көз алдына сонау бір алыста қалған арман жылдары елестеп. Естелік емген көңілі тіптен елітіп кетті...
* * *
«Шекара ашылыпты, атамекеніңе ағыл қазақ». Осы хабардан түгелге жуық Тарбағатай аймағы айқұлақтанып алған еді.
Түнжарық түні бойы көз ілмеді. Ілмегені сол бозала таңнан қызыл іңірге дейін егістік басында ілмиіп, соқа сүйретіп жүретін қос өгізді шешесі Дәмелі екеуі күзетіп шықты. «Сәбетке өтетін болдық» деп қалың ел дүрліккелі бері, оны-мұны заттарыңа ие болмасаң қас қағып, көз тоқтатқанша қолды болып кетуі бек мүмкін еді. Әкесі Шүңгүл, шын ныспысы Әбілмәжін. Шүңірек көзді болған соң қағынған жеңгелері қағытып, еркетотай жеңгелері еркелетіп, сылқым жеңгелері сыйлағанынан солай атап кеткен. Кеше кеште: «Жат жұрттық болса да, жалғыз қыз ғой, жақын-жұрағаттан жырақтап қалмасын» деп, Қарақабақта отырған қыз-күйеуіне хабар беруге тақымындағы торы биесіне қамшы басып, борт-борт желіп сапарлап кеткен. Әне-міне таң білінер уақыт та жақын.
Түнжарық қатты қапалы еді. Үйдегі он тоғыз жасар ұлдың үлкені осы, тау қопарып, тас үгітіп, «темір қорту» науқанынан оралғанына көп бола қойған жоқ. Шаршаңқы, жүдеу жүзінде алаңдаушылық білінеді. Әкесін ойлап қамыққаны ғой. Алда-жалда шекарадан асып үлгермей, ағайын-туғанға ілесе алмай қалса, осыдан біраз жыл бұрын ішкері жақтан аударылған шеріктер талап-тапап кетердей, қатты қорқады. Жалғыз қалғанынан болар, бозамық далаға қарап, сәуірдің салқынын елеместей болып, ойға батып тұрған қалпы бар. Бағана шешесі үйдегі кішкентай бауырлары қыңқылдап жылай бергеннен кейін ошақ басында омалып отыруға тура келді. Түні бойы қайткенде де екі адам бір-біріне ес болып, айналада қараң-құраңдап жүрген бейсауат жүргіншілерге сес болып ештеңе сезілмеген. Шешесі екеуі ананы-мынаны айтысып түннің тобанаяқ сағатын сырғытқан. Көңілінің пернесін, тілінің тиегіне тиіп кеткенде болмаса, әкесі Шүңгүл сылдыр сөзге сараң. Ал шешесі Дәмелі сөзге шешен, күшке де мығым. Осындай табандап алатын ұзақ түндерде Түнжарыққа бала кезінде талай аңыз-әпсана айтып бергені әлі есінде.
Десе де, Түнжарық таң білінер уақыттың жақындап қалғанын жұлын жүйкесімен сезіне бастады. Қасында үш аяқты иті жатыр. Анабір жылдары ауылда босып, бейсауат жүретін иттер көбейіп кеткенде, осы маңдағы белсенділер көтеріліп, мойнына қарғы бау тимей бос жүретін иттердің талайын оққа байлап, көзін құртқан болатын-ды. Бірақ, сол науқанда Жолдыаяқтың аман қалғанына ауыл жұртымен бірге, кішкентай Түнжарық та сенер-сенбесін білмеген. Мұқым елді алатайдай дүрліктіріп, ауылдың бір шетінен мылтықтың үні «дүңк» еткізіп даланы жаңғыртқанда, Жолдыаяқ үйдің іргесінде көлеңкелеп жатқан еді. Әне-міне дегенше, өлім құшу кезегі Жолдыаяққа да жеткен. Қолында шиті мылтығы бар қытайлардың соңынан бір елі қалмай салпақтаған балаларға бұл да еріп, елдің итінің қалай атылғанын қызықтап жүрген. Ең алғашқы оқ Жолдыаяқтың жамбасын жалап өткенде, бұл безген бойында тоқал тамға кіріп, табандап жатып алған. Көзін ашқан күшік кезінен асыраған иті, жанында жүрген жансерігі болса да, заңның аты заң, қолынан қайран келмей қорсылдап жылаған болды. Түнжарық үйге кірген бетінде сыртта тағы да екі рет мылтық атылды. Әлден уақытта үйіне шешесі кіріп:
– Жарықтық, жаны не деген сірі десеңші, кейінгі атылған екі оқтың бірі қақ жамбасқа, екіншісі артқы аяғын жұлып кетіпті. Үш атқанда өлмесе, тірі қоя береді екен. Қытайдың қатал заңының бір жақсы жері осы – деген. Содан сыртқа жүгіріп шығып, жаралы болса да, ауылдан алысқа қарай безіп бара жатқан Жолдыаяғын көрді. Содан бері шойнаңдап басып, әлі де тірі жүр. Үш оқ атылғанда өлмей қалған иті ауылда, үйдің маңында бірдеңе «тарс» ете түссе, далаға қарай безе жөнелетін жаман әдет тапқан...
Түн түндігін түріп тастап, таласа атқан таңмен бірге әкесі де кеше кеште аттанған сапарынан көңілді оралды. Ұлының берген сәлемін алып, торы биесінен асығыс түсіп жатып, тоқал тамға үздігіп ұзақ қарады.
– Әй, Дәмен! Тездетіп жиналыңдар! Керекті дүниенің барлығын өгіз арбаға артып алыңдар, мына балалармен бірге сен де сонда отыр. Өзім мына биемен шекараға дейін барам, – деді де, үйге кіріп кетті. Шекараның ашылғанын естіп, «әне-міне» деп елеңдеп отырған ел, күн көкжиектен көрінер-көрінбесте Жаманты заставасына қарай үдере көше жөнелді. Алпыс шақырымдай жолды артқа тастап, алқам-салқам, бас-аяғы белгісіз құжынаған халыққа қарап:
– Сәбет, шекараға келдік! – деді Әбілмәжін. Түнжарық әкесінің сөзіне елең етіп басын көтергені сол, қару асынған сары өңді сақшыларды көзі шалды. Түнжарықтың өзінен кейінгі бауыры Қажыкен өгіз арбаның артында отырып қойдай шуласып, қозыдай маңырасып жатқан адамдарға таңырқап қарап отыр. Анадай жерде бұларға қарай аялдап келе жатқан апа-жездесін көре салысымен, өгіз арбадан секіріп түсіп, тұра жүгірді. Ағасына ере алмай, ызаға булығып отырған Дәуітқанды Түнжарық арбадан өзі түсірді. Ол да ағасының соңынан жүгіріп барып, жолда көргенін жіпке тізбелеп жанталасып жатқан еді.
Бұлардың тобын қарсы алған қаба сақалды орыс қос өгіз бен торы биені бері өткізбейтінін жайып салды. Әкесі мен шешесі ойлана келе:
– Олай болса, мына екі өгіздің бірін біз сойып алып, көже-қатық қылайық. Екіншісін көшке қамдана алмай қалған туған-туысқа бере салайық. Торы бие буаз еді, оны сойып не марқадам табамыз, құлынының обалына қалмай кері қайтарайық! – деді әкесі. Шешесі құптаған болып ештеңе деген жоқ.
Әке, Жолдыаяқ торы биенің артынан қалмай кетіп барады. Шақырсам келмей қойды, – деді кішкентай Дәуітқан. Оның сөзіне:
– Ит болса да сезіп тұр ғой, анабір мылтық асынған сақшылардан бассауғалаған түрі. Оқ иісін сезсе болды қаша жөнеледі, – деп әкесі жауап берді. Кері қайтып бара жатқан торы биеге қарап Дәмелі көзінің астын сүртті.
Торы биенің соңынан қалмай, шойнаңдаған қалпы үш аяқты ит тойған жеріне тартып барады. Түнжарық ата-бабасы алшаңдап басқан атамекеніне қарай жүрегі атқақтап адымдайды. «Ит тойған жеріне, ер жігіт туған еліне» деген осы да.
Қуат ҚИЫҚБАЙ