Алтынай Жорабаева өзін Сәбиттің балдақпен ән айтуға мәжбүрлегенін жайып салды
Алтынай Жорабаева "31" арнаның "Өнер мен Өмір" бағдарламасында жан сырын ақтарды. Әнші сұқбат кезінде өзін бұрынғы күйеуінің балдақпен ән айтуға мәжбүрлегенін де жасырмай айтып берді.
Сұқбат барасында тележүргізуші Анна Данченко әншіден: "Бір әңгімеңізде маған айтқан болатынсыз, жол апатына түскеніңіз туралы. Сол кезде де Сәбит мырза болды ғой. Продюсеріңіз болды. Жол апатына түсіп, күрделі жарақат алдыңыз. Денеңіздегі темірлер алынбай, сіз сахнаға оралдыңыз. Ол да қажеттілік пе? Жоқ продюсердің мәжбүрлегені ме? Әлде жан қалауыңыз ба?", - деп сұраған.
Ал Алтынай Жорабаева мұның барлығын бұрынғы продюсері Сәбит Әбдіхалықовтың қалауымен жасауға мәжбүр болғанын жеткізді.
"Мәжбүр. Мәжбүр болды. Өйткені, айтып тұрмын ғой. Қандай жағдай болса да, оның шешіміне ешқашан қарсы келген емеспін. Тіпті ауырып жатырмын десең де, "Ана жақпен келісіп қойдым" дейді. Содан мен екі айдан кейін балдақпен де Астанаға келген кезім болды. Сонда мен "Балдақпен шықпаймын. Неге келе жатырмыз бұл жаққа? Мен енді балдақпен... Ұят болады" деймін.
"Мен айтып қойдым. Балдақпен өтесің" дейді. "Сахнаға мен балдақпен шықпаймын" дедім. Сосын мен өзімнің мына жағыма үш кетонал, мына жағына үш кетонал салдым да, сахнаға шықтым. Аяқта темірлер тұрады ғой. Олар бір-біріне тиіп, дауысы өзіме естіледі. Сүйектерім қытырлап жатқан сияқты. Өксік қысып тұрады. Ән айтып болдым да, сахнаның сыртына шығып, еңіреп тұрып жылап аламын.
Сонда да айта алмаймын. Ол көріп тұр ғой. Бірақ мен оған қарсы "Неге бүйттің?" деп те айта алмаймын. Себебі қорқамын. Аяғым ісіп жылаймын кәдімгідей. Ұшақтан түсе сала, көлікте киінетін сәттер болады. Темірлерім тиіп кетіп, жылаймын. Макияжым ағып кетеді. Оны сүртемін. Сонда да былқ етпейді ғой", - дейді Алтынай Жорабаева.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын әнші күйеуімен не үшін ажырасып кеткенін ашып айтқан болатын.