Сабыр түбі – саф алтын
Біз отырған Алматы-Ақтөбе жүрдек пойызы Алматы вокзалынан қозғала бере қарсы орындағы жасы менімен шамалас, болмаса екі -үш жас қана үлкендігі бар замандас: «Ер азаматсыз ғой. Жоғарыдағы төсеніштерді түсіріп, жаймаларды жаюға маған мүмкіндік беріп, купеден шыға тұрсаңыз», – деді ілтипатпен.
Сәлден соң купенің есігін ашып:
– Келіп жайғаса беріңіз, – деді.
Екі орынға да төсеніш төсеп, жаймаларын жауып, тамақ ішетін шағын үстелдің үстіне дастарқан да жайып қойыпты.
– Дәмге келіңіз. Кешіріңіз, осындай жерде томаға тұйық, тым-тырыс отырғанды жақтырмайтын адаммын. «Кемедегінің жаны бір», деген емес пе?! Дастарқанға жақындаңыз. Жол жүрердің алдында маған ас батпайтын әдеті бар. Қашан жайғасқанша тамақ іше алмаймын, – деп сөзін бастады. Сәлден соң өзінің «Ақтөбе қаласында тұратынын, Арал ауданында туғанын, Ақтөбеге кейін көшіп барғанын және атының Ақтолғай екенін айтты. Алматыда келіні босанғанда қасында болып, жас сәбиді қырқынан шығарып қайтып бара жатқанын жеткізді.
Көршіме сонда ғана назар салдым. Сыры кетсе де, сыны кетпеген, ақсары жүзді, сәл етжеңділеу, жас шамасы сол өзім ойлағандай, киген киімі де өзіне лайық, мейірбан жүзді жан екен. Мен де аты-жөнімді, Алматыға тойға келіп, қайтып бара жатқанымды айтқаннан кейін әңгімесін қайта бастады.
– Қазалылық болсаң бөтен болмадың. Келіншегім бар дедің бе? Жарықтық біздің үйдегі «Сенің артыңда қалмай, алдыңда кетсем» деуші еді. Алла ниетін қабыл қылды ма, о дүниеге кеткеніне де бесінші жылға қарап барады. Шүкір, балаларының бәрін ержеткізіп кетті. Екі ер, екі қыз баламыз бар. Бір қыз бен ұл Ақтөбеде. Сол баланың қолында тұрамын. Екінші қыз Астанада, бір бала осы Алматыда.
Әңгімелесе отырып байқамаппыз, пойыз 1-ші Алматының вокзалына тоқтаған екен. Купеге сүйретпелі шабаданымен жас келіншек кірді. Ізінше дорба ұстаған, келіншектің шешесі болу керек, соңғы сәнмен киінген әйел келді. Шабадан мен дорбаны жоғары қойған келіншекке:
– Не переживай, я ему покажу. Ана екі баланы «школа» мен «детсадқа» өзі жетектеп көрсін? Когда алимент платит. Вот тогда он поймет. Ата мен әжеңнің қолында бола тұр. Не переживай, ештеңе ойлама, отдахни хорошо, – деп орысша-қазақшасын араластырып ақыл айтқан анасы қызымен қоштасты.
Жол жүруге ыңғайлы киіммен келген жаңа көршіміз орнына көтерілді де, үнсіз жатып қалды.
Біз де үнсіз тамақтандық. Мені де, Ақтолғайды да жаңағы көрініс ойлантып тастағандай. Дастарқанды жинастырған ол терезеге қарап ойға кетті, ал мен оқып бастаған кітабымды қолыма алдым.
«Пойыздың үстінде ұйқы мен тамақ ішкеннен басқа жұмыс бар ма?» – дейтін бір құрдасым. Көзім ілініп кеткен екен.
– Қарағым есімің кім, қай жерге дейін барасың? Кешкі тамақтың мезгілі болды. Мына шәйнекпен бізге шай әкеліп берсең... Бірге отырып тамақтанайық. Біз сияқты ата- әжең бар екен, – деген Ақтолғайдың дауысынан ояндым.
Көзімді ашсам жоғарғы орыннан түскен жаңа көрші сүлгісін мойнына салды да: «Есімім – Жанна. Ақтөбеге барамын. Шәйнекке шай салып бересіз бе әлде... – деп шай салынған шағын шәйнекті алып купеден шығып кетті. Жанарын көтермеді, жүзі жұбау.
«Ыңғайсыз болған жоқ па? – деген сұраулы жүзбен қараған көршім маған ішіне түйген құпиясын аңғартқандай басын сәл изеп, миығын тартты. Дастарқан жайды. Менің тағамдарымды да дорбамнан шығарып үстелге қойды. Өзі отырған төсеніштің үстіне қол орамалды жайып, арнайы ыдыстарға салынған тағамдарды орналастыра бастады.
Жуынып-шайынып, шай әкелген Жаннаның қолынан ұстап: «Жанна, айналайын, сен отыр. Мына көкең диетада жүрген адам екен. Бағана оңдырып тамақ ішпеді. Қасыңдағы адам тамақ ішпесе, бір өзің жей беру де қиын екен. Айналайын, мені аш қалсын демесең менімен дастарқандас бол», – деп көрсеткен орынға еріксіз отырған Жаннаға шай құйған кесе ұсынып, алдына тамақтарды да ысырып қойды.
– Айналайын, мен бір сөйлеп қалған адаммын. Мына кемпір миымды ашытты деме! Адам танысам, сен жас болсаң да сөздің парқын білетін бала сияқтысың. Шамасы әженің тәрбиесін көргенсің-ау. Тамақ алдырып отыр. Әрі жол қысқарсын және ойың бөлінсін. Сендей кезімде басымнан өткен бір жайды айтып берейін, – деп қыздың жауабын күтпестен әңгімесін бастап кетті.
– Екі балалы болған кезіміз. Арал қаласында тұрамыз. Біздің үйдегі милицияда істейді. Офицер, аға лейтенант. Беделсіз емес. Табысы да жеткілікті. Үстімізде үйіміз бар. Құдайға шүкір, ішіп-жем мол. Бір күні әңгіме шыға бастады. Милицияның оқуын бітіріп келген жас қызбен біздің үйдегінің жүрісі бар екен. Тамақ батпайды, ұйқы қашты. Бір күні екеуінің көшеде қолтықтасып кетіп бара жатқанын да көрдім. Іштің қыжылы өршіді. Жанарымдағы жасты сығып алдым да, ауылдағы анама телефон соғып, келіп-кетуін сұрадым. Алып-ұшып келген анама жағдайды баяндап, айырыламын – демеймін бе? Сөзімді бөлмей тыңдаған соң: «Жолдан шөлдеп келдім, шайыңды қой. Қазір байың түскі тамаққа, балаң сабақтан келеді. Пысылдай бермей тамағыңды дайында. Сосын сөйлесеміз, – деді. Оған көнетін мен бе? Көзімнің жасын сүрте жүріп тамақ дайындадым.
Түскі ас үнсіз ішілді. Күйеу баласы да енесінің салқын қабағын байқағаны білінді. Дастарқан үстінде тек ауылдың ғана жағдайымен шаруашылықты сұраған болды.
Ас ішушілер кеткеннен кейін анам ортадағы диванға жайғасып, мені жанына шақырды.
– Ақтолғай айналайын, саған айтар ақылым да, кеңесім де осы. Сен тыңда, – деп әңгімесін әріден бастады. – Алдыңдағы екі ағаңнан кейін саған екі қабат кезім. Кішкентай ауылда сөз жата ма, отырыңқырап қалған көрші қыз «Салжекеннің әкеңмен шатағы бар екен» деген сыбыс тарады. Сенер-сенбесімді білмей жүргенде үйдегі телефонға қоңырау шалған біреу: «Салжекен жаңа автобуспен Аралға кетті. Ауылсоветтің председателі сенің байың ғой. Арал қонақ үйінде екеуінің кездесетін болғанын өз құлағыммен естідім», – деді де телефон тұтқасын қоя салды.
Ал енді дегбірім қашсын. Әлгі қыздың автобусқа мінгенін өзім де көрдім. Сенің әкеңнің Аралға баратыны да, осы ауылсоветтің председателі екені де рас. Телефон біздің және парторгтің үйінде, кеңсе, мектеп пен поштада ғана бар. Қайсысынан телефон шалды екен, кім екен? Енді не істеу керек, кімге айтам, қайда барам? Үйдің шаруасының бәрі далада қалды. Қолым ештеңеге бармайды. Түскі тамақты балаларға жылытып бердім де, жатып қалдым. Қыз-жігіт болып жүріп үйленгеніміз, балалардың өмірге келген сәті, бәрі-бәрі ой елегінен өтіп жатты. Сенің әкеңді ондай іске қимадым. Мүмкін сендерді де ойлаған шығармын. Жатып-жатып сабыр сақтап, сыр бермеуге шешім қабылдадым. Осылай ұйқылы ояу жатқанымда таң алдында әкең келді. Жазылмаған төсектің үстінде киіммен бүк түсіп жатқан маған сәл қарап тұрды да, жаныма жантая кетті. Үстінен қызыл шарап пен әтірдің исі мүңк ете қалды. Ішімді қызғаныштың қызыл шоғы ма әлде дәрменсіздіктің суық мұзы қарып өткендей болды. Сол сәт жылап жібермегеніме осы кезге дейін таң қалам. Теріс айналып жаттым. Ол да киіммен жатқан күйі қалғып кетті.
Таңертең күндегіден де ерте тұрдым. Ет шыжғырып, сұйық сорпа жасадым. Шифонерден костюм-шалбарын, жуылған көйлегін үтіктеп, галстугіне дейін шығарып қойдым да ояттым.
– Тұр, үстіңдегі иіспен жұмысқа қалай барасың? Басың ауырып тұрған шығар, ыстық сорпа іш. Киімдеріңді дайындап қойдым, – дедім. Ол маған аң-таң болып қарады. Басын қос қолымен ұстап, шайқап-шайқап жіберді де, барып беті-қолын жуып, дастарқан басына келді. Бойымдағы ашуды әрең тежеп:
– Ауылдың бетке ұстар азаматысың. Ауылсоветтің председателісің. Алдыңа жұмысшы болып неше түрлі адам келетінін білемін. «Тана к өзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді». Кез келген тана көз сүзді екен деп бас жібіңді сүйрете бересің бе? Қайта айналып келер қазығың ..., – деген кезде дауысымның дірілін сезіп, далаға жүгіріп шықтым. Аулаға шығып өксіп-өксіп алдым да, шарбақты сыпырып, малға шөп салған болдым. Іштегі қыжылымды басуға сабырымның жетпей қалуынан сескеніп, онымен кездескім келмей, мал қораға кіріп кеттім.
Сәлден соң оның киімдерін ауыстырып, жұмысына кеткенін білдім. Түскі тамақ істеуге құлқым жоқ. Азанғы сорпаны балаларға жылытып бердім. Осылай болатынын білгендей ол түскі тамаққа келген жоқ. Қанша сабырлы болуға тырысқаныммен көңілім құлазып, айдалада жалғыз қалғандай күй кештім. Қасыма келген балалардың басынан искегенім болмаса, айналып-толғанып еміренбедім. Олар да бірдеңені сезгендей маған жалтақ-жалтақ қарап, далаға ойнауға шығып кетті. Содан кеш батқанша не істеп жүргенімді өзім де білмей, үйге бір кіріп, бір шықтым. Бар болғаны іштей Аллаға «сабыр бере гөр», – деп жалбарынғанымды білемін. Ымырт үйіріле есіктің алдына парторгтің жеңіл машинасы келіп тоқтады да, кідірмей жүріп кетті.
Аулаға қолында біраз заты бар сенің әкең кірді. Алдынан жүгіріп шыққан балаларға тәтті мен жаңа киімдер ұстатты. Сонан соң алдыма келіп әңгімесін бастады.
– Сен бір нәрсе білгендей киіндіріп жіберіпсің. Аудандық атқару комитетінде жиналыс болып, соған барып келе жатырмын. Біздің ауыл озаттар қатарында аталып, Қызыл ту, ақшалай сыйақы берді. Мынау саған, – деп жылтырақ қағазға оралған шәлі орамалды маған ұсынды. Үйге кіріп, заттарын жайғастырды.
– Келіншек, – деді. Кейде мені еркелеткенде солай атайтын. – Намазға жаңадан жығылған бір тақуа достарының қау-қауына еріп, байқамай арақ ішіп қойса да намаздың уақытында жайнамазын жайып, намаз оқуға кірісіпті. Қасындағы досы: «Бауырым, құбыла ол жақта емес қой?» десе: «Менде құбылаға қарайтын бет жоқ» деген екен, – деді де шорт бұрылып, аяғын тез-тез басып далаға шығып кетті.
Көңілім алай-дүлей болып тұрған мен оның шорт бұрылған жүрісінен секем алып, жылдам басып шығар есікке бардым. Әкең алысқа көз жіберіп, темекісін үсті-үстіне сорғыштап тұр екен. Есіктің жақтауына сәл сүйеніп тұрдым. Жаңағы әкең айтқан намазханның қылығы ойыма оралып, езу тарттым. Ақырын барып иығына басымды қойдым. Ол қолындағы шоғы сөнген темекі тұқылын лақтырып, мені бауырына тартты. Сол сабырлықтың арқасында шаңырақ шайқалмады, бесеуіңді өсіріп, жеткіздік, – деген кезде, бағанадан бері көкейімде тұрған сұрақты қойдым.
– Салжекен Ауылдағы бәрімізді айналып-толғанып жүретін Әдемі апай ма?
– Иә, сол көксоққан. Сол оқиғаға бір айдай болғанда үйге келіп аяғыма жығылып кешірім сұрап, мен білмейтін жайларды жайып салды ғой, – деді шешем.
– Сенің әкеңді көре алмайтын біреулер байғұс қызды «ойыншық» қылып, сенің әкеңе «көзін» сүздіріп, ертеңіне аудандық партия комитетінде үстінен «домалақ» арызды айдап жібереді ғой. Абырой болғанда сол кезде «домалақ арыз қаралмасын» деген қаулы шығып, арыз басылып қалады. Әлгілер енді байғұс қызды милицияға шақырып, қорқытады. «Сенің қонақ үйде ауылсоветтің председателімен бірге болғаныңды біліп отырмыз. Сол жерде ауылсоветтің председателі мені зорлады» деп арыз жазып бер» – дейді. Ал бойжеткен: «Автобустан қалып қойып қонақ үйге барғаным рас рас. Сол қонақ үйде ауданның жиналысына келген ауылсоветтің председателін көргенім де, солардың машинасымен ауылға қайттым. Мені ешкім зорлаған жоқ, – деп жазып берген арызына олар: «Ертең ауылсоветтің әйелі аупарткомға арыз жазады. Сонда көресің. Осы арызың алдыңнан шығады. Біреудің отбасын бұзған «жезөкше» ретінде сотталасың», – деп қорқытады. Содан ұйқысыз, күлкісіз жүрген бұған біреу біздің үйде ұрыс-керіс болмағанын, үй сыртынан ондай жағдай сезілмейтінін, менің арыз беретін адамға ұқсамайтынымды жеткізеді. Содан байғұс қыз екі өкпесін қолына алып, аяғыма бас ұрды. Көп ұзамай қыздың қарт әке-шешесі бірінен кейін бірі қайтыс болды. Өзі де екі рет үйленіп, біреуінен тірілей, біреуінен өлі айырылды. Соны көрген мен оны аяп, әкеңе қолқа салып, балабақшаға тәрбиеші етіп қойғыздым. Өзі де балажан екен, балаларға өбектегенде жаны қалмайды. Содан бүкіл ауыл «Әдемі апа» атап кетті ғой. Қызым, айналайын, «Сабыр түбі – саф (таза) алтын» деген. Сабырлықтың арқасында тапқан саф алтындарым – сендерсіңдер. Ашуды ақылға жеңдірген жөн. Ал сен байым біреумен қолтықтасты деп «пырс-пырс» етесің. Байыңның жұмысы ауыр. Күні-түні жүреді. Оның үстіне қауіпті жұмыс. Сен үйде пысылдап, жағдайын жасауға селсоқтық танытып, не болса соны айтып, мазасын алсаң, отбасы жылуын сезбеген еркек, жылуды басқа жақтан іздемегенде қайтеді?! Есі бар еркек болса сендерді жылатпас. Бақытыңның кілті өзіңнің қолыңда. Ал жағдай ушығып бара жатса оны көрерміз», – деді.
Анамның осы ақылы санама сіңді. Отағасын «қайда бара жатсың, қайда жүрсің?» – деп мазалаған емеспін. Қай уақытта келсе де, кімді ерітіп келсе де қабақ шытпадым. Топырағы торқа болғыр, өлерінің алдында төрт баласын, мені шақырып алып:
– Бұл өмірде өзімнің анама, сосын мына Ақтолғайға ғана қарыздармын. Еркелігімді де, тентектігімді де көтерді. Әйел болып алдымды кеспеді. Кемшілігімді кешірді, беделімді өсірді. Сендердің де бар тауқыметтеріңді осы кісі көтерді. Мен «өкіметтің тапсырмасын орындаймын, қылмысты азайтамын» деп жүрдім. Осы кісінің алдындағы парызымды өтей алмай бара жатқаныма өкінемін. Мені ол жақта тыныш жатсын десеңдер аналарыңды өлгенше аялаңдар, – деп көзіне жас алды. Мен анамды есіме алып, көз жасымды сығып алдым.
Бұл жайды сөздің парқын біледі-ау деген жандарға, қыздарыма ғана айтамын. Келіндерге айтуға болмайды, дұрыс түсінсе жақсы, – деп әңгімесін түйіндеді.
Әңгіменің аяқталғанын сезіп, сағатыма қарап: «Біраз уақыт болыпты-ау, өз батам өзіммен», – деп бетімді сипап, купеден шықтым.
Жуынап келсем, купенің жарық шамын көмескілеген екі көршім де жатып қалыпты. Мен де орныма жантая кеттім.
Ертеңіне жолсерік жігіттің: «Ата, Төретамнан өткенімізге біраз уақыт болды. Жамылғы тапсырыңыз», – деген дауысынан ояндым. Кеш жатқандықтан ба, мен оянғанда күн сәске түс болыпты. Екі көршінің екеуі де көрінбеді. Шағын үстелдің үстіне дастарқан жайылыпты. Шай әкелуге шыққандарын сездім. Купеден шыға бере Жаннаның ұялы телефон сөйлесіп тұрған даусын естідім. Жүзінде кешегідей кірбің жоқ. Дауысы да жарқын. Сөз саптауына қарағанда анасымен емес жұбайымен сөйлесіп жатқан сыңайлы.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті