Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандар қазақ эстрадасында фонограммасыз ән айтатын әншілерді атады

Мамандар қазақ эстрадасында фонограммасыз ән айтатын әншілерді атады

Бүгінде фонограммамен ән айтуға тыйым салу мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұған қатысты қоғамда әртүрлі пікір бар. Sputnik Қазақстан тілшісі қазақ эстрадасында "фонограммасыз ән айтатын әншілер кімдер?" деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімовтің айтуынша, эстрададағы әншілердің деңгейі әртүрлі, олардың арасында кәсіби әншілер де жоқ емес.
"Нотаға түсетін, кәсіби деңгейі жоғары әншілер бар. Олардың қатарына Мақпал Жүнісова, Мақпал Исабекова, Жұбаныш Жексен сынды әншілерді жатқызамын. Сондай-ақ, соңғы кездері халықаралық байқауларда топ жарып, Қазақстанның атын әйгілеп жүрген әншілерді де қосуға болады. Бірақ барлық әнші әнді нақышына келтіре орындай алады деп айта алмаймын", - деген ол мұндай әншілердің атын атап, түсін түстей алмайтынын жеткізді.
Айтуынша, олардың арасында халыққа танымал әншілер де баршылық.
"Аттарын атай алмаймын. Менің ондай құқығым жоқ. Олардың арасында республикалық деңгейде халыққа танымал әншілер де бар. Мәселен, "Хабар" телеарнасынан әншілер қатысқан телешоуды көрдім. Оған отбасылық жұп болып ән шырқайтын және тағы басқа музыканттар қатысты. Сол кезде олардың деңгейі қаншалықты төмен екенін көрдім. Өкінішке қарай, ондай әншілер бар", - дейді Марат Әйтімов.
Оның пікірінше, кәсіби әнші кез келген әнді нақышына келтіре орындауға міндетті. Осы орайда маман "әнді дұрыс таңдай алмай, бағы ашылмай жүрген әншілер бар" деген пікірмен келісті.
"Бір әннің арқасында халыққа танылған әншілер бар. Ол басқа қонған бақ. Репертуар жасау деген өте қиын. Бұл мәселеде "МузАрт" тобын атап өткім келеді. Оларды бүкіл халық сыйлайды, әрі олар билеттерін халыққа күштеп сатпайды. Мен оларды қатты құрметтеймін. Бұл топтың ән таңдауда талғамы жоғары. Олардың әндері жүрегі "қазақ" деп соққан, қазақы дүниетанымдағы адамдарға ұнайды", - дейді ұстаз.

Әншінің қалтасы қалың болуы керек
Марат Әйтімов жақсы әнді сатып алу үшін қомақты қаражат қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, әнші талантты болуымен қатар, оған қаржылық қолдау керек. Себебі, әртістің қалтасының қалың болуы оған қосымша мүмкіндіктер береді.
"Әншілерге жанды дауыспен ән орындауға мүмкіндік беретін телебағдарламалар қажет. Олардың көмегімен кімнің-кім екенін, әншінің мүмкіндігін көріп, біле аламыз", - деді ол.
Әйтімовтің бұл сөзімен әнші Маржан Арапбаева да келісті.
"Ондай телебағдарламалар көрермендерге де керек. Себебі, жанды дауыспен ән айту әншінің қарым-қабілетін, талантын шыңдауға жол ашады. Онда шынайылық бар", - дейді әнші.
Арапбаева қазақ эстрадасында фонограммасыз ән айтатын әріптестерінің атын атай алмайтынын, ешкімді сынамайтынын жеткізді. Оның пікірінше, музыкалық білімі, қабілеті, даусы бар кез келген әнші фонограммасыз ән айта алады.

"Шоқтығы биік әншілер"
Вокал және хор дирижері бойынша білім алған, кейін "Қазақ радиосында" ұзақ жылдар журналист болып істеген Мұхамедияр Рашай да осыған қатысты пікірін білдірді.
"Фонограммасыз ән айтатын әншілер бар. Мысалы, Роза Рымбаева, Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген, Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев, "МузАрт" тобы. Роза Рымбаева мен Маржан Арапбаева жеке концерттерінде жанды дауыспен ән айтып, шоқтығы биік әншілер екенін дәлелдеген жандар. Олардың қатарына дәстүрлі әншілерді де жатқызуға болады. Бірақ, өкінішке қарай, тек фонограммамен ән орындап жүрген музыканттар да бар", - дейді ол.

Журналист әншінің музыкалық білімі болуымен қатар, әнді де дұрыс таңдай білуі шарт екенін айтты.
"Әншінің даусы болуы шарт. Ал оның диапазоны әр әншінің мүмкіндігін көрсетеді. Әнді де дұрыс таңдай білу керек. Өз репертуарын таңдай білетін әншілердің қатарына Қарақат Әбілдинаны жатқызар едім. Бұл – менің жеке пікірім. Ол продюсермен жұмыс істеп жүрген әнші. Продюсер осы үшін қажет", - дейді Мұхамедияр Рашай.


02 қыркүйек 2019 ж. 1 165 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 86

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 84

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 71

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930