Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағайындылар бағындырған белес

Ағайындылар бағындырған белес

“Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу”, – деген тіркес қазақ жұртының даналық деңгейінің биіктігін аңғартады. Сол себепті байырғы ұлт ұстаздары бойынан қандай да бір өнер, қабілет байқалған өскіннің білім көкжиегін кеңейтіп, сындарлы додаларға қосқан. Бала бағын жағуға бағытталған мұғаліміндердің бұл үрдісі әлі күнге дейін өз рөлін жоғалтқан емес. Кенттің күншығыс бетінде орналасқан №170 мектептің оқушылары, апалы-сіңілі Аяулым, Гауһар Әзен мен Гүлназ Жеңісбек соның бір дәлелі.

Қазіргі таңда үлкені Аяулым сегізінші, Гауһар жетінші сыныпты тәмамдады. Ал Гүлназ биыл төртінші сыныпқа көшеді. Осы уақытқа дейін үшеуі де түрлі пәндік олимпиадалар, өнер-білім жарыстарынан жүлдесіз қайтқан емес. Мәселен, Аяулым пән мұғалімі Майра Омарованың жетекшілігімен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін “Абай оқуларының” ауданда, облыста өткен сайыстарының бірінші орын жеңімпазы атанды. Сондай-ақ осы жылы жалпы білім беру ұйымдарының 7-8 сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағытындағы облыстық олимпиадада І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұдан кейін аудан абыройын асқақтату үшін осы доданың облыстық кезеңіне жолдама жеңіп алды. Араға апта салып, Игенбаев атындағы облыстық математиктер олимпиадасының бірінші орынын олжалады. Бұл – қыздардың үлкенінің жиған биылғы ғана жетістіктері.

Гауһар Әзен де қазақ әдебиеті мен интелектуалды сайыстардан құралақан емес. Жыр алыптарын насихаттауға бағытталған “Қадыр Мырза Әлі”, “Мұқағали Мақатаев” оқуларының бірнеше мәрте жүлдесін жеңіп алғаны өз алдына бір төбе. Қызылорда қаласына 200 жыл толуына орай өткізілген шығармалар байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанып, облыс­тан үшінші орынды қанжығалады. Ол аз десеңіз, жақында Түркістан қаласында ұйымдастырылған “Яссауитану” халықаралық байқауында қаржылай сертификаттың иегері болды. Сонымен бірге бауыры – Аяулым жеңімпаз атанған математиктер сайысының екінші орынын жеңіп алып, жетістіктерінің қатарын толықтырды. Осы тұста жарыс жолында шәкіртін баптап, аянбай тер төккен пән мұғалімдері Жадыра Көшекбаева мен Сара Телеуованың еңбегін айтпай кетуге болмас.

Ал үйдің кенжесі Гүлназ енді ғана айтулы додаларда топ жарып келеді. Соның өзінде бастауыш сынып оқушылары арасында математика пәнінен республикалық “Бас­тау” олимпиадасының аудандық сайысында бірінші орын мінберінен көріне білді. Бұл доданың облыстық кезеңінде үшінші орынды місе тұтты. Ағайындылардың кішісі жұлдыздай жарқырайтын шақ әлі алда екенін айтып, сендірді.
Дарынды қыздарға дара жол сілтеп, тәрбиесін келістіріп отырған ана Күләш Аймағамбетова – кішкентайлар білім алатын мектептің бірінші санаттағы математика пәні мұғалімі. Ауданға, облысқа белгілі талай білгірді баптаған білікті ұстаз.

– Балаларымның бағын ашқан сайыс – “Бастау” республикалық олимпиадасы деп айтар едім. Себебі өз пәнім болғандықтан кішкентайларымды сайысқа дайындау қиын болған жоқ. Олар да есеп-теңдеуге ерте кезден бейімделгендіктен үйреткенді тез қабылдайды. Есте сақтау қабілеттері де тамаша. Құдай бұйыртса, бүлдіршіндеріммен әлі талай белестерді бағындырамыз, – дейді ұстаз-ана. Ал ағайындылардың әкесі Жеңісбек Аралбаев жеке тірлігі бар, ауданға танымал кәсіпкер. Балаларының барлық жолсапарлары мен білім алуға деген талпынысына әрдайым қолдау көрсетіп отырады.

Көпшілікке үлгілі отбасынан шыққан дарынды қыздардың үшеуі де анасы секілді математик болғысы келеді. Осы жолда ізденіске ден қойып, мектеп абыройын еселеп жүр. Болашақтың кілті білімде екенін ерекше сезінген олар, білім жолында іздене беретіндерін айтып отыр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
11 маусым 2019 ж. 2 388 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 129

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930