Тәттілер тегін таратылды

Жылына бір келетін келешектің күретамыры – бүлдіршіндердің мерекесіне орай орталық алаңда биыл көлемді концерт ұйымдастырылған жоқ. Ойын-сауық орталықтарында бос орын болмағандықтан үлкендер балаларын қайда қыдыртарын білмей, дал болғаны жасырын емес. Ал аудан жастары осы үлкен олқылықтың орнын толтырды десек орынды.
Күн ыстығы сәл саябырлағаннан кейін-ақ кенттік клубтың алдына жиналған халықтың қарасы қалыңдай түсті. Жан-жануардың киімін киген аниматорлар кеш басталғанша бүлдіршіндерге би билетіп, мейрам аурасын қалыптастырды. Сахнада ширақ қимылдап, ән шырқаған жас өнерпаздарға ілесе кеткен кішкентайлардың жүздерінен кіршіксіз шаттықты байқау қиын емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олардың күткені де осы.
Бұдан кейін кент әкімінің орынбасары Айбурана Көшербаева балаларды мерейлі мейраммен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Ізін ала белсенді жастар жас ерекшеліктеріне қарай интелектуалды ойын ұйымдастырды. Барлық кеш қонақтарына ортаға шығып, өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік берілді. Сайыста белсенділік танытқандар мен жиналғандарға 50 балмұздақ, 50 мақта кәмпит тегін үлестірілді. Сондай-ақ шоколад, сусындар мен түрлі-түсті шар таратылып, мерекелік кештің сәнін еселей түсті. Бұған “Nur Otan” партиясының аудандық филиалы да өз үлесін қосқанын айта кеткен жөн.
Шара соңында ата-аналар керемет кеш үшін жастар ресурстық орталығының мамандарына алғысын жаудырды. Ал биыл №226 гимназияның бірінші сыныбын тәмамдаған Бағым Әбілдаева мерекеден алған әсерімен бөлісті.
– Балалар көп болғасын ойынға қатыса алмадым. Бірақ тәттілерден дәм татып үлгердім. Бұл жерге достарым да келді. Бәріміз би билеп, ән айттық. Бізді шақырып, көңілімізді көтерген аға-апаларыма көп рақметімді айтамын, – деді ол.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ