Бала құқығы — басты назарда
Қашан да бала құқығын қамтамасыз ету, қорғау демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің негізін қалаушы бағыты, заманның ауқымды мәселесі саналады.
Қазалы ауданының полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобы Қазақстан Республикасында ҚР Конституциясы, «Баланың құқықтары туралы», «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, ҚР ІІМ-ның «Кәмелетке толмағандардың білім беру ұйымдарына бекітілген инспекторларының жұмысын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» бұйрығы мен өзге нормативтік құқықтық актілер аясында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және олармен жасалатын қылмыстың алдын алу мақсатында жұмыстар атқарады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127 бабында ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндетін орындау жайы да маңызды. Топ құрамындағы 10 қызметкердің 9-ы мектептерге бекітілген инспекторлар. Олардың әрбірі кәмелетке толмағандарға зиян келтіру және қауіп төну жағдайынан балаларды сақтауды терең сезініп, қылмыстық қол сұғушылықтың алдын алу, құқық бұзушы жас жеткіншекті қоғамға қайтаруды басты ұстаным еткен. Себебі жеткіншектер дамуы кезеңінде өзінің нақты қылықтарын толық ұғынып, оның жауапкершілігін толық сезіне бермейді. Бұл бағытта әдістер мен тәсілдер, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың себебін анықтау және алдын алу маңызды.
Жергілікті полиция қызметкерлері білім, ішкі саясат бөлімдері және «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі өкілдерінің қатысуымен жоспарлы, жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Олардың қатарында орта білім беру орындарының студенттерімен кездесу, қылмысты болдырмауға бағыттайтын профилактикалық жұмыстар, қадағалаусыз, панасыз қалудың алдын алу туралы, құқық бұзушылықты тудырған жасөспірімдерді есепке алу, ата-аналармен байланыс жасау бар.
2019 жылдың бес айында 10 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Онда жасөспірімдердің ата-анасы немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз беймезгіл уақытта жүруін тоқтату, өзге де заң бұзушылық әрекеттерге баруының алдын алу, қылмыстың объектісі немесе субъектісі болуының жолын кесу бағытында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тақырыптық баяндама жасалып, арнайы әзірленген бейнероликтер көрсетіліп, жадынамалар таратылды.
Кеше ғана Халықаралық балалар күні қарсаңына орай полиция бөлімі ғимаратында колледждің білім алушылары, психологтар, мектеп инспекторлары қатысқан басқосу болды. Онда полция имиджін көтеру, қылмыссыз қоғам құру жайымен бірге жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары туралы айтылды.
Каникул күндері жасөсіпімдер арасында кафелер мен барларда, автомашина жуу орындарында, жолаушылар көліктерінде заңсыз жұмыс істеу жағдайлары жиі кездеседі. Бұл бала еңбек етпеу керек дегенді білдірмейді. Заңда 12-14 жасқа толған жұмысқа қабілетті жасөспірімнің ата-анасына қолғабыс етіп, табыс табуына құқығы бар. Алайда оның да талаптары бар. Онда баланы 4 сағаттан асатын, ауыр, денсаулыққа залалы бар іске тартпау, заңды өкілдерінсіз түнгі 22:00-ден асқан уақытта тұрғынжайлардан тыс жерлерде жүрмеуі қарастырылған. Олардың жұмысқа орналасуы үшін арнайы жарналар төленіп, медициналық тексерістен өтуін қиынсынған еңбек берушілер келісімшарт жасамай, қызметін пайдалану жайы жиі кездеседі.
Бала – болашағымыз десек, олардың ертеңіне бейжай қарау ел дамуына салғарттықтың белгісі.
Жасұлан КҮЙЛЕШЕВ,
Қазалы ауданының полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының
аға инспекторы, полиция капитаны
Қазалы ауданының полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының
аға инспекторы, полиция капитаны