Сыбайластыққа – қатаң қадағалау
Аудан әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Алдымен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өміртай Өтеп-Әлі аталған саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы мәлімдеді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, халықты ақпараттандыру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Әйтеке би кенті ғимаратының көрнекі жеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбындағы ақпараттық жадынамалар мен жарнамалар ілінді. Бөлімнің сенім телефоны жұмыс істеп тұр. 2018 жылдың қорытындысы бойынша аудан тұрғындары тарапынан «Сенім телефоны» арқылы сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне байланысты дерек тіркелген жоқ. Жеке және заңды тұлғалардың өтініш-талаптарына арналған жәшік қолжетімді жерге орналастырылған»
, – деді ол. Бөлім басшысының жеке қабылдауында осы күнге дейін 8 азамат болған. Соның басым бөлігінде асыл тұқымды мал шаруашылығына және «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысты мәселе қозғалған. Қолданыстағы заңнамалар бойынша түсіндірмелер беріліп, жазбаша түрдегі жауаптары тиісті орынға уақытылы жолданған.
Жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары жөнінде баяндаған осы бөлімнің басшысы Еркін Сейтов те бөлім тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Ал аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде әр аптаның дүйсенбі күні жедел жиналыстың күн тәртібіне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі бірініші кезекке қойылып, түсінідірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл туралы бөлім басшысы Мұрат Әбсұлтанов айтты.
Оның мәлімдеуінше, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемелердің жұмысты келісімшартта көрсетілген мерзімге сәйкес уақытылы және сапалы орындалуын анықтау үшін құрылыс нысандарын бақылайтын мамандар бекітіліп, авторлық және техникалық қадағалаушылар қатаң бақылауға алынған. Бөлім бойынша тұрғындарға 4 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Бүгінге дейін 407 қызмет уақытылы орындалған. Халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелерде жемқорлықты болдырмау және сапалы қызмет көрсету мақсатында наурыз айынан бастап «Ашық есік» күні өткізіліп келеді.
Мәжілісті аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қорытындылай келе:
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті. Көрсетілетін қызметтер сапасын, халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру арқылы қоғамның жергілікті билікке сенімін нығайтуға әрбір мемлекеттік қызметкер күш салуы керек. Біз атқарылған жұмыстарға талдау жасап, алдағы уақытқа бірлескен шаралар белгілейміз
, –деп барлық сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА