Қызылордалықтар етті аз жейді екен...
Елде ет бағасы 5-10 процентке қымбаттаған, деп хабарлайды 24 kz.
Алайда, өсім инфляция деңгейінен аспады. Құнның шарықтауын көбіне жылқы етін тұтынушылар байқаса керек.
Өйткені ет келісі 1745 теңгеге жеткен. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 200 теңгеге қымбат. Доңыз бен сиыр еті де 7 процентке өсіпті. Қой етінің бағасы былтырмен салыстырғанда 100 теңгеге, ал тауық еті 50 теңгеге жоғарылаған. Десек те, қазақстандықтар ет пен ет өнімдерінен бас тартуға немесе тұтыну көлемін азайтуға асықпайды.
Тұтыну көлемі демекші, мұндағы өсім 1,5 процент, яғни әрбір жан басы тоқсан ішінде 19 келі ет жейді. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған мәліметке сәйкес, ет пен ет өнімдерін көптеп тұтынушы тұрғындар Қарағанды, Павлодар және Алматы облыстарында көп екені анықталып отыр. Мұндағы тоқсандық көрсеткіш кісі басына 22 келі. Ал Қызылорда мен Түркістан облысының тұрғындары етті аз жейтін көрінеді – жан басына небәрі 15 келі, делінген ранкинг.кз порталында. Қазақстанның ет одағындағылар болса, өнім бағасының көтерілуін инфляциямен және жанармайдың қымбаттауымен байланыстырады.