Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағашта адам емдейтін қасиет бар

Ағашта адам емдейтін қасиет бар

«Жапырақ-жүрек жас қайың, Жанымды айырбастайын» деп Мұқағали марқұм жырлап кеткендей, ағаштар да жаны бар «тіршілік иесі». Ежелгі жазбалардың бірінде: «Адамдар мен ағаштарды ежелден достық пен туысқандық сезім байланыстырған. Майдан даласында қансырап жатқан солдат, күш-қайратына қайта міну үшін еменге жүгінген. Әйел, отбасы-ошақ қасында бақытты болуы және дүниеге сау ұрпақ әкелуі үшін жөке ағашына қарай жүрген. Бойжеткен, болашақ өмірі бақытты болуы үшін қайыңға қол созған» – деп жазылыпты. Бүгінде биофизика ғылымы шынымен де еменнің – ер азаматтарға, жөке ағашының – әйелге, қайыңның – қызға күш-жігер сыйлайтынын қуаттап отыр.
Ұзақ уақыт орман ішін аралау адам ағзасына кез келген дәріден де күшті әсер ететіні бүгінгі ғылымда дәлелденген. Мұндай емдеу процедурасы кезінде адам тың күш жинап, көңіл күйі көтеріліп, жанына батқан жаман ойлардан арылып ғана қоймай, белгілі бір ағаштармен тұрақты байланыс жасаған жағдайда жаман дертінен де айығуға болатыны өмірде сан рет кездесіпті. Сондықтан мамандар бүкіл дүние бусанып, жасыл тіршілік оянатын көктем кезінде жиі-жиі орман-тоғай аралауға кеңес береді. Ағаштар да адамдар сияқты көктемде күш-қуатқа кенеледі. Орман-тоғай сізді жұпар аңқыған иісімен-ақ емдейді.
Ата-бабаларымыз жапан далада өсіп тұрған жалғыз ағашты қасиетті санап, ешуақытта кеспек тұрмақ, зақым да келтірмеген, өмірде жалғыздыққа ұшыраймын деп ырымдаған. Жапандағы жалғыз ағаштың түбіне отырмаған, қонбаған. Бейіт басында өсіп тұрған ағашқа да тиіспеген. Қосарланып, қатар біткен ағашты кеспеген, «олай етсең, қосағыңнан айырыласың» деп ырым еткен. Ғасырлар бойы өсіп тұрған діңі жуан бәйтеректің қурап түскен бұтағына да құрметпен қараған. Оған жеті ғасыр болған «Әулиеағашты» мысалға келтірсек те жетеді.
Көптеген халықтарда ертеде дүниеге бала келгенде дереу ағаш егетін салт болған. Ол ағаш әлгі сәбиге ғана арнап егіледі. Егер сәби науқастанса, кейін өсе келе, ауырған жағдайда да әлгі өзінің ағашына апарып, емдейтін болған. Алтайлық шамандар тайгаға барып, өзінің «шамандық» ағашын таңдап-талғаған. Егер ол ағаш өздігінен шіріп құлаған немесе адам қолымен кесілген жағдайда шаман да өлетін болған.
Сонымен, жоғарыда айтқанымыздай, ағаштан жағымды энергияны қалай сіңіріп алуға болады? Ол үшін зерттеушілер, ең бастысы ағашты дұрыс таңдай білу керек екенін айтады. Жеке немесе бір-бірінен алты метрден кем емес алшақ тұрған ағаштардың энергиясы айрықша күшті болып келетіні анықталған. Кейбір ағаш қасына барғаннан адамға жағымсыз сезім береді. Ондай ағаштан, әрине, аулақ жүрген жөн. Қисық біткен, бұтақтары майысқан, солған, ауру, қураған ағашқа жолай көрмеңіз.Ондай вампир-ағаштар керісінше, сіздің «ақ» энергияңызды сорып алуы мүмкін. Сондықтан ағаштың оқтай түзуін әрі сауын таңдаңыз. Әркімнің өз ағашы бар.
Ең мықты донор-ағаш қайсы десек, ең мықтысы – емен ағашы, ол адамның иммунитетін, рухын көтеріп, ойына керемет ой қосады.Қарағай да өте мықты ағаш, бірақ оның биоэнергетикасы ауыр болғандықтан, абайлап пайдаланған дұрыс. Әсіресе, жүрегі ауыратын адамдарға мамандар қарағайлы орманда қыдырмауға кеңес береді. Акация да жақсы донор саналады. Бұл ағаш адамға жақсы көңіл күй, тың күш, жұмсақ сезім сыйлайды. Үйеңкінің биоалаңы өте күшті. Сондықтан үйеңкіні батыл құшақтай беруге болады. Қайың жұрттың бәріне көмектесе бермейді. Қайың тек өзін еркелететін, өзіне ғашық жандарға ғана жомарттығын көрсетеді. Ақ қайың – ақ ару дейтініміздей, қайың ежелден нәзікжандылардың символы саналатындықтан әйелдерге көп көмектеседі. Қайың шырынын ішу денсаулыққа өте пайдалы саналады. Ағаштан энергия алу үшін онымен арада міндетті түрде «диалог» болу керек. Алдымен ағашқа арқаңызды немесе бетіңізді беріп, таза оймен күш-қуатын бөлісуді өтінген дұрыс. Сосын бой-басыңызды босатып, өзіңізді энергия сіңіріп жатырмын деп есептеңіз. Бұл процедураны ұйықтардан екі-үш сағат бұрын 2-3 минут ішінде орындау кеңес етіледі. Энергия алған соң, ағашқа алғыс айтуды ұмытпаған жөн. Бойыңыздағы «қара» энергиядан құтылу үшін төмендегі ағаштарды пайдаланған дұрыс. Оқтай түзу теректің энергиясы да мықты болып келеді. Оның көмегімен бас және омыртқа ауруынан құтылуға болады деп есептеледі. Ол үшін ауырған жерге бір айдай терек тақтайшасын қою кеңес етіледі. Арша ағашының емдік қасиеті қазақ баласы үшін таңсық емес. Ауырған адамды, үйді аршаның иісімен аластап, тазалайды. Етті, қымыз пісетін сабаны аршаның түтініне ыстайды. Құрғақ жөтелге аршаның түтіні бірден бір ем саналады. Көктерек – адам бойынан жаман энергияны жұлып алуда таптырмайтын ең күшті ағаш саналады. Ол үшін ағашқа арқаңызды тіреп, 15 минуттай тұрғаныңыз дұрыс. Қызылтал адам бойындағы құрыс-тырысты, бас ауруын жазады делінеді. Шетен ағашы әлсіз саналғанмен, ол да адамға едәуір көмектеседі екен. Халық арасында қылтанақты, тікенді ағаш адам денсаулығына жақсы әсер етеді деген сенім бар. Емен мен қайың қан қысымын төмендетеді, сондықтан гипертониямен ауыратын адамдардың осы ағаштарға жақын жүргені жөн екен.
Қысқасы, ағаштар, бізді қоршаған айналамыз сияқты, ғарыштан үздіксіз энергия аулайды, оны бойына сіңіреді, өзінде сақтайды. Адам ағашпен оңашада сырласқанда биоэнергетикалық алмасулар жүреді. Бұл үдеріс кезінде ағаш тек ғарыш пен адам арасында делдалдың қызметін атқаратынын ұмытпаған жөн.
Әмірбек ТӘЖІМБЕТОВ,
«Республикалық орман селекциялық орталығы»
РМҚК Оңтүстік аймақ филиалының тұқымбақ шебері
09 қыркүйек 2018 ж. 4 068 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930