Мәжіліс төрағасы дүкендегі бағаның статистикалық дерекке сәйкес келмейтінін айтты
Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин статистикалық деректердің сәйкес келмейтіндігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілісінің төрағасы ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовті халықтың статистикалық деректерге сенім арттыру мәселесіне назар аударуға шақырды.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысы барысында депутаттар аталған министрлік басшысынан супермаркеттер мен базарлардағы бағаның статистиканың ресми мәліметтерімен салыстырғанда неліктен айырмашылығы болатынын сұрады.
Осы орайда, Нұрлан Нығматулин бұл тұрғыда негізгі мәселе ресми статистиканың деректер бойынша халықтың сеніміне қатысты екенін атап өтті.
«Әрине, сіздер орташа есеппен есептейсіздер, бұл есептеулер күрделі әдіснамаға негізделген, алайда қойылған сауалдың мәні басқада. Мәселен, ел тұрғыны тұтынушылық баға деңгейі туралы сіздердің ресми статистикалық мәліметтеріңізді естиді. Осыдан кейін ол дүкенге келіп, ондағы тауарлардың бағасы мүлдем басқа деңгейде екенін көреді. Статистикалық деректермен салыстырғанда, дүкендегі өнім құны қымбаттау болады», - деп тоқталды Мәжіліс төрағасы.
Оның пайымынша, бұл бағытта халық тарапынан ресми мәліметтерге сенімсіздік орын алып отыр.
«Адамдар сіздердің орташа есеппен алынған көрсеткіштеріңізді дүкен сөрелеріндегі бағамен салыстырған кезде, олардың арасындағы айтарлықтай айырмашылықты көреді. Осыдан мемлекеттік статистика деректеріне қатысты тиісті сенімсіздік туындайды. Сіздердің мамандарыңызға мұндай теңгерімсіздікті болдырмаудың қадамдарын пысықтау қажет. Егер де бағаның өсуі бойынша әлемдік үрдісі мен инфляциялық мәселелер байқалса, ол жайында айту керек. Сол кезде халықтың ресми статистикаға сенімсіздігі болмайды. Сіз өзіңіз де дүкенге барасыз ғой, сәйкесінше, ондағы бағаларды да білесіз», - деді Н. Нығматулин Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменовке қарата айтқан сөзінде.