15 қыркүйекке дейін декларация тапсырмағандарға қандай шара қолданылады
2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайы, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайы салық органдарына кірісі мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті, деп хабарлайды egemen.kz.
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген бірінші жылы аталған санаттағы адамдардың барлығы Қаржы министрлігі бекіткен 250-нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынуға міндетті. Декларация нысаны «Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы» деп аталады. Басқаша айтқанда, бірінші декларацияны «кіру декларациясы» деп атайды. Өйткені ол жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кездегі мүлік пен міндеттемелер бойынша барлық деректі көрсетеді.
250-нысандағы декларация жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген күнге жинақталған активтер мен міндеттемелерді тіркеуге арналған. Декларацияны 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тапсыруға міндетті адамдар онда 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша барлық мәліметті көрсетуі қажет. Яғни онда осы күнге дейін алынған мүлік пен міндеттемелер кіріс декларациясында жариялануы керек.
Сонымен 250-нысандағы декларацияда қандай мәліметтер көрсетіледі? Біріншіден, мұнда Қазақстаннан тыс жерлердегі мүліктер көрсетілуі керек. Оларға жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері, көлік құралдары, арнайы техника және тіркемелер, елден тыс жерлердегі шетелдік банктердегі есепшоттардағы ақша, елден тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі жатады.
Екіншіден, декларацияда Қазақстан Республикасындағы және одан тыс жерлердегі мүліктер көрсетілуі керек. Бұған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үй ғимаратындағы үлес, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері, қолма-қол ақша, басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешек) және жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі (кредиторлық берешек) жатады.
Үшіншіден, декларацияда сенімгерлік басқаруға берілген мүлік көрсетілуі керек.
Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік: гараждар, жер учаскелері, саяжайлар, үйлер, тіркемелер, машиналар бұл декларацияда көрсетілмейді. Өйткені бұл мәліметтер уәкілетті органдарда бар. Сондай-ақ декларацияның бұл нысанында Қазақстандағы банктік есепшоттар көрсетілмейді. Шет мемлекетте тіркелген мүлік қана декларациялауға жатады. Егер шетелдік банкте есепшот болса және ол айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын болса, оны декларацияда көрсету керек. Егер сома үш миллион теңгеден (1000 АЕК) аз болса, оны көрсетпеуге болады.
Бірінші жылы салық төлеушілер 250-нысанды декларацияны толтырса, келесі жылдары 270-нысан бойынша декларация тапсырады. Кейіннен «кіру декларациясында» көрсетілген мүлік және ақша қаражаттары туралы мәліметтер ірі сатып алу немесе мәміле кезінде растау құжаттарының орнына жүре алады.
250-нысанды декларация – бұл бастапқы декларация. Игілігіңізде бар барлық мүлік пен ақша осы декларацияға бекітілуі керек. Бұл мәліметтердің бәрі кейіннен қажет болады. Мәселен, ертең автокөлік сатып алғанда мемлекет «қандай ақшаға сатып алдыңыз, оны қайдан алдыңыз?» деп сұрайды. Егер сіз қазір растайтын болсаңыз, яғни сізде бірінші декларацияны тапсыру кезінде осындай сомаға мүлік тіркелген болса, онда сіз бұл ақшаның қайдан келгенін дәлелдей аласыз. Егер ақшаның қайдан келгенін дәлелдей алмаса, онда соманың 10 пайызын төлеуге тура келеді. 250-нысанның декларациясы жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген күнге барлық активтер мен міндеттемелерді тіркеуге арналған болса, 270-нысанның декларациясында өткен күнтізбелік жылдың мәліметтерін көрсету қажет. Онда өткен жылы не сатып алынғанын және не иеліктен шығарылғанын көрсету маңызды.
Декларацияны қағаз түрінде 15 шілдеге дейін, электронды түрде 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырудың бірнеше жолы бар. Декларацияны Мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталындағы «салық төлеуші кабинеті» (cabinet.salyk.kz) арқылы, сондай-ақ «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) және e- SalyqАzamat мобильді қосымшасы арқылы электронды түрде тапсыруға мүмкіндік бар.
Жоғарыда айтқанымыздай, декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту беріледі. Ал екінші ретінде 15 АЕК, толық емес мәліметтерді көрсеткені үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.