Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадір түнінің қасиеті

Қадір түнінің қасиеті

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Рамазан айының ұлы ерекшеліктерінің бірі, оның соңғы он түнінің ішінде қасиетті Қадір түні бар. Қай тұрғыдан алсақ та Қадір түніне теңесе алатын ешбір түн жоқ. Егерде мың ай бойы үздіксіз атқарылатын ғибадат болса, оның сауабы бір ғана Қадір түні атқарылатын ғибадаттың сауабына жете алмайды. Осындай ұлы мағынадан жүрегіміз бейқам болмас үшін, Алла тағала Құран Кәрімде: «Қадір түні мың айдан да артық!» – деп қызықтырады.
Қадір түнін құлшылықпен өткізуден артық амал жоқ. Өйткені, ол – шарапатты, берекелі, қадірлі әрі ұлы түн. Ол түнгі жасалған дұғалар жауапсыз қалмайды. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің: «Рамазан оразасын иманмен және сауапқа деген үмітпен ұстаған кісінің ілгері кеткен күнәлары кешіріледі. Сонымен қатар кім-кім Қадір түнін иманмен және сауапқа деген үмітпен қиямда тұрса, оның ілгері кеткен күнәлары кешіріледі», – деп айтқанын риуаят еткен.
Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар (с.ғ.с.) білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілтіп, отбасын да оятатын», – деп айтқан.
Алла тағала Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде осынау қасиетті түн жайында былай баян етеді: «Ақиқатында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. (Я, Мұмаммад (с.ғ.с.) Сен қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні Раббыларының әмірімен періштелер мен Жәбрәил (ғ.с.) түседі. Ол – бейбітшілік, амандық кеші. Ол кеш таң атуға дейін жалғасады».
Қадір түнінің ұлықтығын тереңірек ұғыну үшін «Қадір» сүресінің тәпсіріне тоқталайық.
Сүренің атауы аяттағы «Қадір түні» сөзінен алынған. Оның мағынасы «күші жету», «үкім», «тағдыр», «абырой», «ұлылық» дегенге саяды. Меккеде түскен бұл сүре бес аяттан тұрады. Бұл сүре Алла тағаланың Құранды Қадір түнінде түсіргендігі жайлы хабар береді. Әрі Қадір түнінің маңызы да жаһанды қараңғылық қапасынан босатып, нұрға бөлеген Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Қадір түні – мың айдан да артық әрі қайырлы. Мың ай шамамен сексен төрт жыл. Ендеше бұл түн, сексен төрт жыл бойы жасаған амал және құлшылықпен тең болмақ.
Бұл сүренің түсу себебі хақында мына екі оқиға айтылады. Біріншісі: Алла Елшісі (с.ғ.с.) Исраил ұрпақтарының бір сарбазы Алла жолында мың ай қару арқалағанын айтады. Мұсылмандар бұл жағдайға қатты таңырқап, өздерінің амалдарын азсынады. Осыдан кейін Алла тағала осы сүрені түсірді (Байһақи риуаяты). Екіншісі: Пайғамбарға (с.ғ.с.) қауымдардың өмірлері көрсетілді. Сол кезде Алла Елшісі (с.ғ.с.) үмметінің өмірлерінің қысқалығынан өзге үмметтердің ұзақ ғұмырларында жасаған амалдарына жете алмайтындығын ойлап, уайымдаған-ды. Алла тағала болса, оған Қадір түнін нәсіп етіп, оны өзге үмметтердің мың айынан да артық етті (Муатта).
Бұл сүре – Қадір түнінің жақсылықтарының өте көптігін айтумен қатар, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен үмметіне арналған ерекше сүйінші.
1. «Ақиқатында Біз Құранды Қадір түні түсірдік».
Рамазанның бұл түнінің «Қадір түні» деп аталуының мәнісі: бұл түні бүкіл жаратылыстың бір жылдық тағдыры белгіленеді. Бұл пікірді Имам Қуртуби мен Имам Табари айтқан болатын.
Ал Имам Ибн Кәсирдің тәпсірінде: «Алла тағала Құранды алдымен Ләухүл-Махфуздан дүние аспанындағы Бәйтул-Ғиззаға түсіріп, кейін жиырма үш жыл бойы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түрлі оқиғаға байланысты бөліп-бөліп түсірді», – деген сөзі келтірілген.
Жалпы Рамазанның бұл түні «Қадір түні» деп аталуына қатысты түрлі түсініктеме берілген. Себебі бұл түні жасалған құлшылықтың дәрежесі жоғары болумен сауабы да молая түседі. Сонымен қатар жерге тағдыр періштелері түсуімен қоса Алла Тағаланың игілік-берекесі мен жарылқауы нөсерлеп жауып, сондай мамыражай, бейбіт түні болады.
2. «(Я Мұхаммад (с.ғ.с.)) Сен Қадір түнінің не екенін білесің бе?».
Бұл жерде сол түннің маңыздылығын көрсету мақсатымен айтылған. Яғни, қандай түн екендігін білдірмесек оның қадірін біле алмас едің. Бірақ, оның қадірін де Біз білдірдік.
3. «Қадір түні мың айдан да қайырлы».
Алланың бүл сөзі Қадір түнінің артықшылығы мен ұлықтығына меңзейді. Өйткені, бұл түні мың айда болмаған игілік нәсіп етіліп, бұл түнде істелген Хақ Тағаланы разы ететін амал басқа мың айда істелген амалдардан да артық болады. Сондықтан да тәпсіршілер, мысалы Әбул-Ғалия: «Бұл түні істелген амал Қадір түні болмаған мың айда істелген амалдан артық», – десе, Муджаһид: «Бұл түні істелген амал, ұсталған ораза мен оқылған намаз мың ай бойы істелген амал, ораза мен намаздан әлдеқайда артық болады», – деген.
4. «Ол түні Раббыларыңның әмірімен періштелер мен Жәбрәил (ғ.с.) түседі».
Яғни, жер бетіне жеті қабат аспаннан періштелер түсіп, таң атқанға дейін адамдардың тілек-дұғаларына: «Әмин!» деп тұрады. Негізінде аяттың араб тіліндегі нұсқасында Жәбрәил (ғ.с.) «Рух» деп айтылған. Муқатил: ««Рух» деп періштелердің ішіндегі ең қадірлі әрі Хақ Тағалаға ең жақын періштелерді айтады», – деген. Әл-Кәлби болса: «Қадір түні Жәбрәил (ғ.с.) басқа періштелермен түсіп, әрбір мұсылманға сәлем береді», – деген.
5. «Ол – бейбітшілік, амандық кеші. Ол кеш таң атуға дейін жалғасады».
Яғни, Қадір түні таң атуға дейін тек жақсылық болып, ешбір жамандық болмайды. Муджаһид былай дейді: «Шайтан Қадір түні жаман іс істеп, біреуге зиянын тигізуге шамасы жетпейді». Шағби аяттағы «сәләм» сөзіне қатысты: «Ол күн батқаннан таң атуға дейінгі аралықта періштелердің мешіттегі адамдарға берер сәлемі. Олар әрбір мүминмен: «Әс-сәләму ғәләйкә, я мүмин» деп сәлемдеседі», – деген.
Қадір түні – Рамазанның ақырғы он түні ішіндегі тақ түндердің бірі. Мұсылмандар Рамазан айының түндерін иманмен және құлшылықпен өткізіп, Қадір түнінің сауабына деген ұмтылыстарын шындыққа шығарулары үшін ол түнді Пайғамбарымыз Алла тағаланың қалауымен дәл атап көрсетпеді. Убада ибн Самит (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар бізге Қадір түнін білдіру үшін шыққан кезде мұсылмандардан екі кісі дауласып қалған еді. Алла Елшісі: «Сендерге Қадір түнін білдіру үшін шыққан едім, дәл сол сәтте пәленше мен пәленше дауласып, оған қатысты білімім қайта көтеріліп кетті. Мүмкін, бұл сендер үшін қайырлы да шығар. Оны 29, 27, 25 түндерде іздеңдер!» – деді деген.
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің: «Оны Рамазан айының соңғы он түнінің ішінде, аяғына тоғыз күн қалғанда және жеті күн қалғанда және бес күн қалғанда іздеңдер!» – дегенін жеткізген. Аяғына тоғыз күні қалғанда деген сөздің мағынасын ғұламалар 21-ші түн, жеті күн қалғанда дегенді 23-ші, ал бес күн қалғанда дегенді 25-ші түндер деп түсіндірген.
Осындай жалпылаушы мағынада жеткен көптеген хадистерде Қадір түнінің Рамазан айының 21-не, 23-не, 25-не, 27-не, 29-на тақ түндерінің біріне тура келетіні айтылған. Сонымен қатар кейбір түндерді, мысалы, тек 21-ші, не тек 23-ші, не тек 27-ші түндерді жеке атаған хадистер де бар. Әсіресе, 27-ші түнді жеке атаған дәлелдер көп болғандықтан, көпшілік ғұламалардың пікірінде рамазанның 27-ші түні Қадір түні деп қабылданады. Муғауия ибн Әби Суфиян (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың: «Қадір түні – 27-ші түні», – деп айтқанын риуаят еткен.
Зирр ибн Хубайш: «Убай ибн Ка`бтан (Алла оған разы болсын): «Расында, бауырың Ибн Мас`уд (Алла оған разы болсын): «Кім қиямын бір жыл үзбесе, Қадір түнін дәл табады», – деп айтуда», – деп сұрадым. Ол: «Ибн Мас`удқа Алланың рақымын тілеймін. Ол адамдардың басқа түндері құлшылықтан босап кетпеулері үшін солай айтуды дұрыс көрді. Ал өзіне келсек, ол Қадір түнінің рамазан айында екенін, оның соңғы он түннің ішінде екенін, сондай-ақ оның 27-ші түн екенін біледі», – деді. Сосын Убай ибн Ка`б Қадір түнінің 27-ші түн екендігіне кесімді түрде ант берді. Мен оған: «Ей, Әбә әл-Мунзир, қандай дәлелмен сөйлеудесің?», – дедім. Ол: «Алла елшісі біздерге: «Ол таңда шыққан күннің сәулелері болмайды», – деп хабарлап кеткен нышанына не белгісіне негіздеп сөйлеймін», – деді деп айтқан.
Ал енді Қадір түнінің белгілеріне тоқталар болсақ Имам Ахмад пен Имам Байһақи Ғубада ибн Самиттен (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қадір түнінің белгілері: түн нұрлы және тынық болады. Салқын не болмаса ыстық та болмайды әрі ай ашық болады. Ол түні таң атқанға дейін шайтандар жұлдыздармен атқыланбайды. Сонымен қатар оның белгілерінен: таңертен күн сәулесі шағылыспаған хәлде шығып, Бәдр түніндегі толған айдай домалақ болады. Сондай-ақ, Алла Тағала сол күні шайтанға күнмен бірге шығуына тыйым салады»,-деген.
Қадір түнінің басқа белгілеріне келер болсақ, Ибн Аббас (р.а.): «Қадір түні мамыражай болып, ыстық не салқын болмайды және таңсәріде күн шапағының қызылы бәсең болады»,-деген. Ғабда ибн Аби Лубәбә (р.а.): «Мен Рамазан айының жиырма жетінші түнінде теңіз суының дәмін көргенімде ол тәтті болатын», – деген.
Абдулла ибн Динаар: «Ибн Омардың (Алла оған разы болсын) Қадір түні жайында Пайғамбардан: «Кім оны іздесе, 27-ші түні іздесін!», – деп хадис айтқанын естідім деген.
Негізінде, Рамазан айының бір ғана Қадір түнін емес, барлық түндерін, әсіресе соңғы он түні ішіндегі тақ түндерді намаз, Құран оқу, истиғфар айтып, дұға тілеу құлшылықтарымен өткізген мустахаб. Сондай-ақ 27-ші түні атқарылатын құлшылықтың сәреге дейін жалғасуы абзал саналады. Жаратушы Иенің разылығы мен ақырет игілігінен шын үміттенген пенде үшін бұл қиынға соқпасы анық!
Ну`маан ибн Башиир (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісімен бірге рамазан айының 23-ші түнін намазда түннің үштен бірі өткенше тұрдық. Сосын 25-ші түнді намазда түн ортасына дейін тұрдық. Сосын 27-ші түнде атқарған намазымыздың ұзақ болғаны сонша, тіпті сәресіне үлгермейтін шығармыз деп қорыққан едік», – деп айтқан.
Қадір түні жасалатын дұға жайында Абдулла ибн Буройда: Айша анамыз: «Ей, Алланың Елшісі, егерде Қадір түніне кезіге қалсам, қандай дұға тілейін, не айтасыз?» – деді. Пайғамбар: «Аллам, расында, Сен ғапу етушісің және ғапу етуді жақсы көресің. Мені ғапу ете гөрші» деп айтасың», – дегенін жеткізген.
Құрметті мұсылман бауырлар! Мың айдан артық сауаптар мен жақсылықтарға толы қасиетті түнді ұйқымен өткізу қате. Сондықтан баршамызға жылына бір рет келетін Қадір түнін ұйқысыз жамағат болып ғибадаттармен өткізгеніміз игі. Ал қасиетті түнді ұйқысыз өткізу – намаз оқумен, дұға жасаумен, тәубе етумен, истиғфар айтумен және Құранды тиләуәт етумен орындалады.
Алла тағала баршамызға Қадір түнін құтты мүбарак етіп, елімізге тыныштық, Ислам дініне өркендеуді нәсіп еткей!

Берік СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы.
07 маусым 2018 ж. 1 726 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031