Педофилизм «пендешілік» емес
Періште әлемінде жүрген балақайды шат өмірден айырмауға өркениет кеш кіріскенін мойындау керек. Дегенмен бағзы заманда мұның айуандық екеніне өресі жеткен, оған тосқауыл қоюға тырысқан зиялылар болды. Тарих-куәгер, біздің заманамызға дейінгі VI ғасырдың алғашқы ширегінде патша әулетінен шыққан афиналық ақын, саясаткер әрі заңгер Солон адамзат тарихында алғаш рет бүлдіршіндердің қауіпсіздігін көздейін заң шығарды. Ежелгі Грекияның «жеті ғұламасының» бірі саналатын архонт балаларға ілім үйрететін нысандарға рұқсатсыз кірген кез-келген ересек еркекті өлім жазасына кесуге бұйырған. Бұдан кейін мыңдаған ғасыр уақыт өтсе де жұмыр басты пенде балаларды қорлауға тосқауыл қоя алмай келеді. Бірер күн бұрын Түркістан облысында айуандық көрген 5 жасар қыздың өлімі бұл тақырыпты қайта қаузауға түрткі болды.
Балалардың «ересектік» жасы
Бірер ғасыр бұрын он жастағы үрімдей қызды қалыңдық қылу қалыпты жағдай болғанын жасыруға болмайды. Ғалымдар мұны жаугершілік заманмен байланыстырады. Оның үстіне бұрынғының балалары гинетикалық тұрғыда тұрмыс салдарынан ерте есейгенін де есептен шығармайды. Мал мен жер үшін болған тоқтаусыз шапқыншылық әскер қатарын көбейту үшін әлі есеймеген қыздарды әйелдікке алуға мәжбүрлеген-мыс. Ұрпақ көбейту амалы ретінде және бірнешеуін бірге алған жайттар да аз емес. Нәтижесінде сәбиін дүниеге әкелгеннен кейін ажал құшқан «сәби-аналар» қатары қалыңдаған. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, осыдан кейін әр елде, хандықта әйелдікке алатын қыздың жасы белгіленген. Бұл өткен ғасырға дейін 10-12 жасты көрсетті дегенге сену қиын. Соған сай педофилия деген түсінік те қолданыста болмады.
Тек 1885 жылы ғана Британдық Pall Mall Gazette-де The Maiden tribute of Modern Babylon мақаласы жарық көріп, балалардың жас ерекшелігі мәселесі алғаш рет зерттелді. Нәтижесінде-педофилия алғаш рет қоғамдық пікірталас тақырыбына айналды. 1890 жылы даму деңгейі ілгерілеп кеткен Канаданың өзі балалардың келісім жасын 12-ден 14-ке көтергені хронологияда тасқа қашалғандай жазылып тұр. Бұл жеткіншектерді қолсұғушылықтан қорғаудың ерешке қадамы ретінде бағаланды. Ал 1952 жылы педофилизм термині психикалық ауытқуы бар адамның бойында болатынын ауру ретінде есепке алынды.
Оң солсын танымаған балаларды төсекке тартатындарға қатысты алғышқы әрі ең ауыр жаза ХХІ ғасырда пайда болды десек қателеспейміз. 2008 жылдың сәуір айында Оңтүстік Корея билігі 13 жасқа дейінгі балаларды өлтірген, сондай-ақ азаптаған «азаматтарды» өлім жазасына кесу туралы Заң шығарды. Ең жеңіл жазаға қосымша 7 жыл бас бостандығынан айыруды енгізіп, мерзімінен бұрын босату жеңілдігін алып тастады. Ал демократия қағидаларына сүйенгендер арасынан Польша мемлекеті педофилдерді химиялық кострациялауды заңдастырды. Елдің премьер-министрі Дональд Туск бұл заңды 2009 жылы күшіне енгізіп, қылмыскерлерді мәжбүрлі түрде «емдетуді» бастады. Қазіргі таңда батыс елдері қылмыскерлерді осы әдіспен жазалайды. Оңтүстік Кореяның күресу амалын таңдаған елдер көп емес. Десек те, қазақ қоғамы жеткіншектердің періште ғұмырын аяққа таптағандарға ең ауыр жаза қолдану керек деп санайды.
Айта кетейік, балаларды қорғауды көздейтін заңға түзетулер 2019 жылдың желтоқсанында енгізілді. Содан кейін ел Президенті 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке құқықтарды қорғауды күшейту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Онда зорлық-зомбылық ауыр қылмыстар қатарына жатқызылып, 14 жасқа дейінгі балаларға қатысты зорлық-зомбылық қазіргі уақытта кем дегенде 20 жыл нақты жазаны көздейді. Педофилия фактісі туралы хабарламағандар немесе оны жасырмағандар үшін жауапкершілік те заңдастырылды. Бұл үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі бар.
Жауыздардың жазасы неге жеңілдетіледі?
2019 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педофилдерге қатысты жазаны барынша ауырлатуды тапсырғаны есімізде. Ал бұған дейін Қазақстанда «үлгілі тәртібі үшін» жазасы жеңілдеген қылмыскерлер аз емес. Адами тұрғыда түсінуге болатын немесе абайсызда жасалған қылмысқа мұндай рақымшылық жасалу заңды да болар. Дегенмен жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық туралы сөз қозғамаған күннің өзінде, 120 баб, яғни балаларды «Зорлау» бойынша сотталғандардың мерзімінен бұрын еркіндікке шығуын түсіну қиын.
Мәселен, Ақмола облысының 33 жастағы тұрғыны 2008 жылы жасөспірімді зорлағаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол жылы Ақмола облысының тағы бір тұрғыны сотталды. Ол 45 жаста, ал құрбаны 12 жаста еді. Ер адамға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
ОҚО-да 2019 жылы сотта 5 жасар баланы зорлаған 21 жастағы жігіттің ісі қаралды. Ол 9 жылға сотталды, бірақ 7 жылға жетпей түрмеден шықты. Сол салада 2010 жылы 20 жастағы жігіт 6 жасар баланы зорлауға оқталғаны үшін 8 жыл 2 айға сотталды.
2008 жылы Алматы облысының 24 жастағы тұрғыны 5 жыл 10 ай түрмеде отырды. Ойлап көріңізші, 3 жасар баланы зорлағаны үшін. Сол жылы СҚО-ның 18 жастағы тұрғыны 12 жасар балаға зорлық көрсеткені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қызылорда облысының 44 жастағы тұрғыны 5 жасар баланы зорлағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ деректерге сүйенсек, ол түрмеден шамамен 2,5 жыл бұрын шыққан. Павлодар облысында 24 жастағы жігіт те «Зорлау» бабы бойынша сотталды. Жәбірленуші бала 3 жаста еді. Сот ер адамды 5 жылға бас бостандығынан айырды, бірақ ол соңғы 2 жыл 3 айын Udo-да өткізді.
2006 жылы Жаңаөзенде 3 жасар баланы зорлауға оқталғаннан кейін 22 жастағы жігіт мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Жігіт есі дұрыс емес деп танылды. Келесі жылы Маңғыстау облысында 24 жастағы ер адам психиспансерде мәжбүрлеп емделуге жіберілді: ол да 3 жасар баланы зорлағысы келген. Жалпы, осы бапқа сәйкес жалпы қабылданған жазаның болжамды мерзімін анықтау қиынырақ болды: картотекада көрсетілген істерде судьялар 4 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырған.
Ал аталған істерге қарағанда, ҚР ҚК-нің 121-бабы бойынша ең көп таралған мерзім-8 жыл бас бостандығынан айыру екенін байқап отырмыз. Түркістан облысындағы педофилдің де ертеректе жасаған қылмыстары жеңіл жазаланған себепті келесі қылмысына ойланбастан барып отырғанын сондағы жұрт ашына айтып жатыр. Осыдан кейін қазақстандықтардың педофилдерді өлім жазасына кесу туралы талабын негізсіз деп айту қиын.
Түрмеге тоғыту өлім жазасына өзгере ме?
Кеше ғана көпшілікті дүр сілкіндірген жайт әлі де ұмытылған жоқ. Ресми деректерге сүйенсек, кішкентай жәбірленуші зорланған, өлтірілген және бөлшектелген. Ал күдікті бұрын сотталған ер адам, 1975 жылы туған. Сарыағаш ауданының тұрғындары ашумен педофилді полициядан тартып алуға тырысып, өздері жазалағысы келді. Осы қайғылы оқиғаға байланысты қоғам өлім жазасын қайтаруды талап ете бастады. Бар-жоғы 5 жыл өмір сүріп, балалықтың да қызығын көре алмай кеткен бүлдіршіннің туыстары әлеуметтік желілерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа күдіктіні барынша қатаң жазалау туралы өтініш жолдады.
– Өлім жазасын қайтарыңыз. Сіз заң бар дейсіз, оны неге бәрі бірдей орындамайды? Неліктен біз ғана заңға бағынуымыз керек? Неліктен мұндай жауыздарға тордың артында уайымсыз отыруға рұқсат беру керек? Біз неге тағы бір баланың азапталуын күтуіміз керек? – деді қайтыс болған баланың әпкесі.
Желі қолданушылары жаза неғұрлым қатал болуы керек деп санайды. Әсіресе бұрын сотталғандар үшін. Ал заңгер Думан Көпбаевтың айтуынша, педофилдер үшін ең көп жаза – 17 жылға бас бостандығынан айыру екенін айтады.
– Қазіргі уақытта ең ауыр қылмыскерлер 17 жылға бас бостандығынан айырылады. Химиялық кастрация да бар. Ол дәрігерлердің келісімі бойынша сарапшының тағайындауымен жүзеге асырылады. Алайда, бұл шара мәжбүрлі болып саналады және жазаланатын сипатта болмайды. Әрі ол қылмыскердің денсаулығына зиян келтірмесе ғана қолданылады. Егер қылмыскер бірнеше рет қылмыс жасаған болса, химиялық кастрация тағайындалады, – дейді адвокат.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы 31 педофилге химиялық кастрация жасалған. Заңгер елде зорлаушыларға тым жеңіл үкім шығарылады деп санайды.
– Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланды. Менің ойымша, педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыру керек. Елдегі педофилдер үшін жаза жеңіл. Өлім жазасын қайтару керек», – дейді Д.Көпбаев.
57 мемлекетте өлім жазасы бар
Соңғы мәліметтер бойынша, өлім жазасына әлемнің 57 елінде ресми түрде рұқсат етілген. Үкімді қолданысқа енгізудің негізгі түрлері – дар ағашына асу, ату, өлімге әкелетін инъекция, басын кесу және электрлік кресло. Алайда, көп мемлекетте бұған мораторий жарияланғанына байланысты қолданылмайды. Сондықтан АҚШ, Қазақстан сияқты ондаған елде қылмыскерлер ұзақ жылдар бойы өздерінің өлім жазасын түрмеде күтеді.
Көбінесе қылмыскерлер тек аса ауыр қылмыстар үшін — халықаралық терроризм, соғысты бастау немесе жүргізу, ұлттық қауіпсіздікке немесе адам өміріне қарсы қылмыстар үшін өмірінен айырылады.
Сауд Арабиясында гомосексуализм, тонау немесе зорлау үшін, ал Қытайда парақорлық пен браконьерлік үшін өлім жазасына кесілуі мүмкін. Ал Беларусь – кісі өлтіргені үшін өлім жазасы қолданылатын ТМД-дағы жалғыз ел. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағандар негізінен Таяу Шығыс пен Африка елдерінде өлтіріледі. Педофилдерді өлтіру Қытайда, Латын Америкасында, Иранда, Иракта, Оңтүстік Кореяда, Сауд Арабиясында және кейбір шығыс елдерінде қолданылады. Африкада балаларға қатысты зорлық — зомбылық үшін ең қатал жаза қолданылады, оларды тірілей өртейді.
Балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін нөлдік төзімділік Еуропа елдерінде де насихатталады. Мысалы, Польшада педофилдерді химиялық кастрациялау қолданылады. Ал мұндай қылмыс үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Германияда педофилия үшін ең жоғары жаза-өмір бойына бас бостандығынан айыру. Бірақ мұндай шара кәмелетке толмағандарды зорлау үшін ғана қарастырылған.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ