Қазақ тілім – бабалар аманаты
Ұрпақ тәрбиесін үш сөйлемге «Ұят болады», «жаман болады», «обал болады» толық сыйдырған «Қазақ тілінің» құдіреті әлімсақтан алты Алашқа анық. Жаугершілік заманда мыңдаған жау қолын бір ауыз мәнді сөзбен қайырған аталарымыздан бастап, бүгінгі таңда ана тіліндегі үйлесімді әуеніне өнер әлемін бас идірген азаматтарға дейін осынау Ұлы ұғымның киесін түйсінген жандардың өзгелерден оқ бойы озуы заңдылық деп білемін.
«Ойды-ой жетелейді». Ескіден жеткен есті сөздің қай-қайсысы болмасын жаңа ғасырдың кереметтері – ғарыш пен мобильді құрылғыларын артқа тастап, жасанды интелекттің қарыштап дамуына көшкен заманда да өзінің жарамдылығын жоғалтқан емес. Осындайда «арада қаншама ғасыр жатса да қалайша дөп басып айтқан?» деген сауал өздігімен туындары хақ. Тіл – біртұтас елдің болмысы, рухы, әдебі мен әдебиеті, бабалар мұрасы десек қателеспейміз. Ата аманатын ұлықтап, жандандыра түсу біздің міндетіміз екені тағы рас. Ендеше мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында жүзеге асырып келе жатқан кейбір мәселелермен бөлісуге рұқсат етіңіздер.
Қазақстан Республикасы халқының 100 пайызға жуығы латын немесе кирилл әліпбиін қолданатын жазбаларды түсініп, әліпбилердің ерекшелігіне сәйкес солдан оңға қарай оқитыны белгілі. Мекемелердің, дүкен, мейрамхана, өзге де нысандарың атауына мән беріп қарасаңыз сол жақ тұсында немесе төбесінде ана тіліндегі ақпараттың орналастырылғанын байқай аласыз. Заңды тұлғалар арасындағы хат алмасу барысында да жауап міндетті түрде мемлекеттік тілде, сонан соң хат жолданған өзге тілде (болған жағдайда) қайтарылуы ана тіліміздің өзгеден бір саты жоғары екендігін аңғартқандай. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді қолданушылар пайызы аз облыстарда орналасқан оқу орындарына қазақылықтың майы сақталған тұрақтардан үміткерлердің жіберілуі, білікті мамандарды арнайы үй-жаймен қамтамасыз етіп, қоныс аударуына ықпал жасалуы соңғы ғасырда тұяғына тұсау салынған дүлдүлдей болған ана тіліміздің күрмелген бір түйінінен босауы тәрізді. Өте дұрыс.
«Болашағыңды ойласаң, бесігіңді түзе». Әр отбасындағы кішкентай бүлдіршіндердің қолында тәулігіне кемінде бір сағатқа ұялы телефон болып, әлеуметтік желілерден қызықты бейнелерді көретінін ешкім де жасыра алмас. «Мама», «папа» деп қиылып сұрағанда өтінішін орындамай көріңіз... «Ана» және «әке» сөздері қай тілде болмасын ең керемет сөз болып қала бермекші. Оған таласымыз да жоқ. Алайда, ата-анадан кейінгі айтылатын үшінші нәрсе қазақи сөз емес, «Бейби шарк» немесе «Синий трактор» болуы жаныңды қынжылтады. Мақалада орын алған қателіктерді түзетуші корректор болса, өскелең ұрпақ тілін түзету ата-ананың еншісінде екендігін есте сақтасақ.
Біздің қолданысымыздағы «Қазақ тілі» – қаншама ғасырлар бойы ғалым бабаларымыздың ізденісі мен маңдай терінен туындап, абыз аталарымыздың терең ойымен жетілдірілген ерекше дүние. Ендеше, сеніммен тапсырылған аманатты сақтап ғана қоймай, өзіндік үлесімізді қосып, болашаққа мирастауымыз қажет.
Бекет ТАБЫНБАЙ,
Қазалы ауданының мәдениет және
спорт бөлімінің жетекші маманы