Базалық зейнетақының толық мөлшерін қанша адам алады
1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны есептеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Оған сәйкес, еңбек өтілі 10 жылға жетпейтін зейнеткерлер базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін - 15 274 теңгені ала береді. Ал 33 жылдық өтілі бар адамдар одан екі есе артық алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бүгінде барлық зейнеткерлердің базалық зейнетақысы қайта есептелді. Келесі айдан бастап бәрі жаңа жүйе бойынша зейнетақы алады. "Қазіргі кезде Қазақстанда 2 млн 148 мың адам базалық зейнетақы алып жүр. Олардың 44,5 проценті, нақты айтсақ, 940 мың адам базалық зейнетақының толық мөлшерін алады. Ол - шамамен 28 284 теңге. Сосын 931 мыңға жуық зейнеткер ең төменгі күнкөріс деңгейіне жақын 74-90 процентін алады. Қалған 120 мың адам ең төменгі көрсеткіш - 15 274 мың теңге ала береді. Себебі олардың еңбек өтілі 10 жылға да жетпейді", - деді С.Жақыпова Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. Оның айтуынша, базалық зейнетақыны көтеруге республикалық бюджеттен 530 млрд теңге бөлініп отыр. "Мәселен, 1998 жылға дейін адамның 20 жылдық еңбек өтілі бар. Одан кейін ол тағы да 20 жыл жұмыс істеп, зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысты. Барлығы - 40 жыл. Ондай зейнеткерлер базалық зейнетақының 100 процентін алады. Ал зейнеткердің еңбек өтілі болмаса, сосын зейнетақы жинақтау жүйесіне мүлдем қатыспаса, я болмаса, еңбек өтілі 10-ақ жыл болса, оған жаңағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін - 15 274 теңгені төлейді. Негізі, 10 жылдан кейін әрбір жылға 2 процент қосылады. Сонда 33 жылдық еңбек өтілі бар адам да базалық зейнетақының 100 процентін ала алады. Әрбір адам өзінің зейнетақы мөлшерін "электронды үкімет" порталынан, я болмаса, "Азаматтарға арналған үкіметтің" фронт-кеңселерінен біле алады. Сол жерде толық анықтама алуға мүмкіндік бар", - деп атап көрсетті С.Жақыпова.
inform.kz