Талдау мектебінде жас мамандарға керек дәрістер болды
Биыл жыл басында «Талдау мектебінің» екінші кезеңі аясында оқыту курсы өткізілді, деп жазады BAQ.KZ.
Бұл – Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бастамасымен қолға алынған қоғамдық жоба.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, 8 аптаға жалғасқан жоба барысында жас мамандар талдау қабілетін жетілдіруге арналған арнайы бағдарлама бойынша білім алып, аналитикалық материалдарды дайындау тәсілдері мен технологияларын меңгерді.
Курс аясында қазақстандық және шетелдік сарапшылар мен мамандар дәріс оқыды. Сондай-ақ олар тренингтер мен тәжірибелік сабақтар өткізді.
Осы аралықта аналитика жасаудың қыр-сырын үйрететін сапалы контенттер жиналғанын атап өткен жөн. Сондықтан оларды қалың көпшілікпен бөлісуді жөн көрдік. Осыған орай екінші кезеңдегі видеодәрістер «Талдау мектебінің» YouTube-арнасына жарияланып жатыр.
Әзірге аталған арнада экономист, қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеевтің, саясаттанушы Екатерина Шульманның және менің дәрістерім жарияланған. Жақын арада жобаға қатысқан басқа да сарапшылардың сабақтары көпшіліктің назарына ұсынылады. Алдағы уақытта «Талдау мектебінің» бұл материалдары жас мамандармен бірге аналитикалық зерттеулермен кәсіби түрде айналысып келе жатқан тәжірибелі әріптестеріміздің де игілігіне жарайтын пайдалы дүние болады деп сенеміз, - деді ол.